Отандық көркем туынды Лондонда өткен Еуразиялық фильмдер фестивалінде лауреат атанды. Режиссер Камила Сағынтқанның шығармасы «Ең үздік қысқаметрлі фильм» аталымында үздік шықты.
«Тәуелсіздік күні құтты болсын» фильмі сүйген жары бақилық болып, өмірдің мәнін жоғалтқан орта жастағы ер кісінің тағдырын суреттейді. Мараттың жаңа қоғамға көңілі толмаса да, түрлі кедергіге қарамастан тығырықтан шығудың жолын іздейді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, отандық фильм сарапшылар мен көрермендердің жоғары бағасына ие болған.
«Фильмнің көркемдік шешімі әрі қызықты мазмұны, қысқа уақыттың ішіне біраз маңызды дүниені сыйғыза алғаны ұнады. Эксперименттік элементтері де көңілден шықты. Байқауға қатысушы басқа бәсекелестеріне қарағанда оқ бойы озық болды», дейді қазылар алқасының мүшесі Тимур Ахмеджанов.
«Еуразиялық шығармашылық гильдиясы» коммерциялық емес ұйымы ұйымдастырған кинофестиваль биыл алтыншы рет өткізіліп отыр. Оған қатысуға 100-ге жуық үміткер ниет білдірген. Ішінен 20-сы іріктеліп алынып, бақ сынасты.
«Орталық Азия киногерлері сенімі нығая түскені сезіледі. Олар шығармашылықтарын шыңдап, Батыс көрерменіне бір қадам жақындай түсті. Өмірімізге басқа қырынан қарауға мүмкіндік бергені қуантады», дейді сарапшы Джон Фарндон.
Кинофестиваль жыл сайын жүздеген талантты режиссер, актер, продюсер, сценарийстердің басын қосады. Іс-шараны өткізудегі мақсат – еуразиялық киноны ағылшынтілді кеңістікте насихаттап, Орталық Азия және посткеңестік киноиндустрия өкілдерін дүниежүзінен жиналған кәсіпқойлармен таныстыру.
«Ұлыбритания халқы бұл фильмдерді ешқашан көрмес еді. Өйткені бізде Орталық Азия өнер туындылары үшін нарық қалыптаспаған. Біз бұл олқылықтың орнын толтырғымыз келеді. Шығармашылық адамдарын әлемнің түкпір-түкпірінен жинай алғанымызға ризамыз», дейді фестивальды ұйымдастырушы Спенсер Хоукен.
Марапаттау салтанатының сыйлы қонақтары қатарында Лондондағы Хаверинг ауданының мэрі, ТМД мемлекеттері елшіліктерінің өкілдері болды.
Айта кетейік, жуырда Бурабайда қысқаметрлі киноның үшінші халықаралық байқауы өтеді.