Кеше Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілі Стивенн Туллмен кездесті. Кездесуге БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Мунхтуя Алтенгерел, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасарлары – Парламент Мәжілісінің депутаты Елена Тарасенко мен Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен қатысты.
Г.Әбдіқалықова тараптар арасында қол жеткізілген өзара түсіністік пен ынтымақтастықтың жоғары деңгейін, сондай-ақ, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жаңғыру үдерісіне қосқан елеулі үлесін атап өтті. Мемлекеттік хатшы, сондай-ақ, инфрақұрылымдық даму жоспарының шеңберінде Қазақстанның әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі өзара тығыз іс-қимылдың, оның ішінде барлық инфрақұрылымдық жобаларға әйелдерді белсенді тартудың айрықша маңыздылығына тоқталды.
«Бүгінде БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстанда қызмет еткеніне 20 жылдан асты. Осы жылдар ішінде 180-нен астам жоба әзірленді. Олардың басым көпшілігі әлеуметтік-гуманитарлық бағытта жүзеге асты. Осы жобалардың аясында бірқатар салалық бағдарламалар қолға алынды. Әлеуметтік, экологиялық, әйелді қолдау, азаматтардың құқықтарын қорғау бағыттары бойынша арнайы зерттеулер жүргізілді. Бізде әлі де жүзеге асырылып жатқан жобалар бар. Демек, алдағы уақытта біз өзіміздің ынтымақтастығымызды дамытуымыз керек. Барлығымыздың алдымызда үлкен міндеттер тұр. Олар – Елбасы айқындаған «Қазақстан-2050» Стратегиясы және «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жаңа Экономикалық Саясаты. Сондықтан, біз бүгінгі күнге дейін сәтті жүзеге асқан жобалар секілді бұл бағдарламаларды да бірлесіп, нәтижелі іске асырамыз деп ойлаймын», деді Г.Әбдіқалықова.
С.Тулл өз кезегінде БҰҰ Даму бағдарламасы мен Қазақстан Үкіметі арасындағы әріптестік байланысқа тоқтала келе, Елбасының халыққа арнаған «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауының маңыздылығын атап өтті. «Бұл Жолдау тек Қазақстанның өз ішінде ғана емес, сырт елдерде де болашақты болжаған стратегиялық құжат ретінде танылғанын атап өтті.
«Бұл стратегиялық құжатты халық өте жоғары қабылдады. Ал мұндайда Үкімет халықтың өмір сапасын арттырып, ел көкейінде жүрген сауалдарға жауап табуға сеп болатын бірден-бір дәнекерге айналуда. Бізді бұған дейінгі кездескен экономикалық қиындықтарға қарамастан, Қазақстан Үкіметінің ел инфарқұрылымын дамытуға қажетті инвестицияның үзілмеуіне, халықтың өмір сапасының артуына жағдай жасауға барынша ұмтылуы үлкен қызығушылық тудырып отыр. Сондықтан, Қазақстан Президентінің бұл Жолдауы халықаралық қауымдастықтың тиімді және сенімді мүшесі екенін айғақтап берді. Біз алдағы уақытта бұл бағдарламалық құжаттың Қазақстанның даму қағидаттарына қаншалықты деңгейде әсер ететінін, бұл орайда Қазақстанның ұсынар тәжірибесін, мемлекеттік қызмет тетіктерін жетілдіру мәселелерін саралайтын боламыз», деді С.Тулл.
Кездесуге қатысушылар Мемлекет басшысы белгілеген «Қазақстан-2050» Стратегиясы және «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жаңа Экономикалық Саясаты міндеттерін орындау аясында еліміздің әлеуметтік-гуманитарлық дамуының кең ауқымды мәселелері бойынша өзара іс-қимылдың перспективаларын талқылады. Тараптар алдағы уақытта сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, сондай-ақ, қоғамның рухани-адамгершілік дамуына бағытталған шаралар бойынша ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты.
Мәселен, Елена Тарасенко Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдардан бері түрлі халықаралық ұйымдармен тиімді байланыс орнатудың бірегей моделін ұстанып келе жатқанын тілге тиек етті. «БҰҰ Даму бағдарламасы қолдау-көмек танытуға, әлеуметтік-экономикалық дамуға, халықтың өмір сапасын арттыруға айрықша мән беретін елдерге тікелей бағытталған. Мемлекет басшысы әрдайым бұл бағытта стратегиялық құжаттардың дайындалуына көңіл бөліп, сол арқылы еліміздің тұрақты дамуына күш салып келеді. БҰҰ Даму бағдарламасы осы саладағы маңызды жобалардың жүзеге асуына қолдау білдірді. Сондай құжаттардың бірі – «Қазақстан-2050» Стратегиясы. Бұл стратегияның алдында кеуделі міндеттер тұр. Біз қазақстандықтар бұл міндеттер үдесінен шығады деп үміттенеміз», деді Мәжіліс депутаты.
Оның айтуынша, БҰҰ Даму бағдарламасы халықаралық озық тәжірибені енгізу бағытында көп көмек көрсеткен. Сондай-ақ, Қазақстан қолға алған стратегиялық бағдарламаларды жүзеге асыруға, жаңа инновацияларды, технологияларды іздестіріп, оларды ел дамуына бағыттауға үлес қосқан.
Ал Л.Сүлеймен өз сөзінде Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен БҰҰ Даму бағдарламасы арасында бірнеше жылдан бері табысты ынтымақтастық орнап келе жатқанын жеткізді. «2009 жылы әйелдердің экономикалық және саяси белсенділігін арттыру бағытында бір жоба жүзеге асса, 2010 жылы елдің рухани-адамгершілік дамуы арқылы әлеуметтік-экономикалық проблемаларды еңсеруге бағытталған ортақ жоба әзірленді. Жалпы алғанда, мұндай жобаларды Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ Даму бағдарламасы бірлесіп қаржыландырып келеді», деді Л.Сүлеймен.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».