• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 01 Маусым, 2024

Қазақтың қайраткер қызы

250 рет
көрсетілді

«Қайраткерлігін жазудың азабы мен қуанышы қатар жүретін күрделі жолымен үндестіріп жүрген санаулы қазақ қыздарының бірі – Сайраш Әбішқызы», депті жазушы Мағира Қожахметова. Шындығында солай. Мұны кейіпкеріміздің тағылымды өмір жолынан көреміз.

Сайраш апайдың әкесі Әбіш соғыс басталғанда әскерге алынып, Сталинград пен Дондағы Ростовта болған қанды шайқастарға қатысып, ауыр жаралана­ды. Бірнеше ай госпитальда емделіп, 1943 жылы елге оралады. Келесі жылы әке­сінің 42 жасында Сайраш апай дүние есігін ашты. Соғыста жүрген екі ағасы аман-есен оралып, сайрандап жүрсін деген ниетпен Рахима әжесі немересінің атын «Сайрангүл» деп қойыпты. Бірақ ата-анасы еркелетіп «Сайраш» атап кетеді. Ол немеренің тұңғышы бол­ғандықтан, әжесінің тәрбиесінде өсті. Оның жақсы азамат болып өсуіне әже­сінің сіңірген еңбегі зор. Әжесі ауқат­ты отбасынан шыққан, ер мінезді, бір ауыл­­ды ашса алақанында, жұмса жұды­рығында ұстаған үлкен жүректі ана бол­ған. Екінші тәрбие алған Нұрбатима апасы да от мінезді, орақ ауызды ақылды ана болыпты. Осындай екі анасын тел ем­ген ардақты жанның осал болуға қақы да жоқ. С.Әбішқызының ерік-қайра­ты­ның күшті, ағайынға бауырмал, үлкен жүрек­тілігі осы аналарынан дарыса керек.

Кішкентайынан Рахима әжесінің тәрбиесінде өсіп, ауыз әдебиетінің сиқыр­лы әсеріне бөленіп, сезімтал болып бой­жетті. Аудандағы мектеп-интернатта он жылдықты күміс медальмен бітіріп, Алматыдағы сол кездегі Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих-филология факультетінің студенті атанды. «Халық жауы» деген жалған айыппен ондаған жылын темір торда өткізген академик Қажым Жұмалиев, тарихшы-профессор Халел Әділгереев, әдебиетші, тілші Төкен Әбдірахманов, Қабдолла Қалиев, Асқат Әбілқаев, Нұр­жамал Оралбаева, Хасен Әдібаев, Шайхы Кәрібаев, Дәулет Әлімжанов, Күлтай Бейсем­баева, Шәмшия Бәйтікова, Бексұлу Шымырбаева, Маргарита Айтба­кина, Рәзия Рүстембекова секілді пара­сатты ұстаздарының дәрісін тың­дады. Төрт жыл бойы үздік студент ата­­нып, көтеріңкі стипендия алды. Сту­дент­тердің ғылыми-практикалық конферен­ция­ла­рына қатысып, бел ортасынан кө­рінді.

Жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітірген жас маман жолдамамен өзінің туған жері, қазіргі Абай облысы Ақсуат ауданына келді. Біржарым жылға жуық туған жерінде еңбек еткеннен кейін өзі білім алған Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтынан аспи­ран­тураға шақыру хатын алды. Алма­тыға келісімен ҚазПИ-дің қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, академик Қажым Жұмалиевтің алдына келді. Ұста­зы шәкіртін жылы қарсы алып, аспиран­ту­рада оқуға шақыру қағазын алып, рек­торға кіріп шығады да: «Ал Сайраш, құт­тықтаймын! Сен бүгіннен бастап ҚазПИ-дің қызметкерісің. Аспирантураға қа­былдау емтиханы өтетін келесі 1968 жылдың қыркүйегіне дейін аспиранттар мен ғылыми ізденушілер жинағының редак­торысың. Жұмыс орның – институт­тың партия комитетінің хатшысы каби­нетіндегі бір үстел», деп батасын берді.

Бірден қызу жұмыс басталады. Зыр жү­гіріп жұмыс істеп, қанша кітап ақта­рып жүріп, аспирантураның емтихан уа­қыты тез жеткенін бір-ақ біледі. Ем­тиханды жақсы бағаларға тапсырып, ас­пирант атанды. Бұл кезде ұста­зы Қ.Жұмалиев ауруханада жатқан еді. Көп ұзамай желтоқсан айының соңы­на қарай қазақтың абзал азаматы дү­ние салды. Сөйтіп, қазақтың қайсар қызы­ның үміті ақталмай, ғылыми кеңесте дис­сертациялық зерттеу тақырыбы бе­кітілмей қалды. 1969 жылдың көктемінде жас ғалымды институттың қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессор Се­рік Қирабаев шақырды. Ғылыми жетекшілікті өзі алуы үшін кеңес дәуірі әдебиетінен зерттеу тақырыбын ұсынды. Тақырыбын бекітеді.

Жас ғалым жетекшінің берген бағыт-бағдарымен бірден жұмысқа кіріседі. Екі жылда диссертациялық ғылыми-зерттеу жұ­мы­сын жазып, бірнеше мақаласы ғылыми журналдарда жарық көрді. Аспирантурада оқу мерзімі аяқталған 1971 жылы қыркүйек айында жетекшісі диссертациялық ғылыми-зерттеу жұмы­сын кафедраның ғылыми кеңесінің талқылауына ұсынды. Кафедраның ғылыми кеңесі ескертпелерімен ғылыми атақ алуға, қорғауға ұсынылатыны жа­зыл­­ған шешім шығарады. Бірақ бұл ба­­ғы­ттағы ізденісін жалғастыруға аспи­рант­­тың материалдық жағдайы мойын бұр­­ғызбады.

Аспирантурадағы оқуын бітірген­нен кейін ғылым жолындағы ізденісті тоқтата тұрып, күнкөрістің қамымен кейіпкеріміз 1971 жылдың қазан айын­да республикалық «Социалистік Қазақ­стан» («Egemen Qazaqstan») газетіне жұмысқа орналасты. Журналистік еңбек жолының университеті болған «Социалистік Қазақстан» газетінде жеті жылға жуық еңбек етті. Қызметке кіші әдеби қызметкерден Еңбекшілер хаттары және спорт бөлімінің әдеби қызметкері, Ғылым және оқу орындары бөлімінің аға әдеби қызметкері сатыларынан өтті. Зор құлшыныспен еңбек ете жүріп, Алматы қалалық журналистік шеберлік институтын тәмамдайды. Ұзақ Бағаев, Сапар Байжанов, Мағауия Машақов, Қаби Мыңжанов, Сапаржан Қайдаров, Сарбас Ақтаев секілді майталмандардан журналистиканың қыр-сырын үйреніп, мол тәжірибе жинақтады.

Одан кейін С.Әбішқызы Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті идеология бөлімінің шешімімен «Қазақстан әйелдері» журналының жауапты хатшысы қызметіне ауысты. Сайраш апайдың есінен «Қазақстан әйелдері» журналындағы шуақты жылдар ешқашан кетпейді. Журналдың таралымы жылдан-жылға артып, өрісі ұзарды. Шығармашылық сапарлардан қалыспай, тың кейіпкерлер, тың тақырыптар іздеді. 1980 жылы журналда «Қазақ КСР-і компартиясының 60 жылдығы қарсаңында» айдарымен жарияланған әдеби жазбалары мен очерктері үшін Қазақстан Журналистер одағының екінші сыйлығын алды. Бұдан соң қарымды қаламгер республикалық ғылыми-педагогикалық «Қазақстан мектебі» журналы бас редакторының орынбасары – «Бастауыш мектеп» қосымшасының редакторы қызметіне кірісті. Бұл журналдың негізін Ахмет Байтұрсынұлы мен Смағұл Сәдуақасұлы секілді Алаш ардақтылары қалаған. Журналдың бас редакторы журналист, әдебиет сыншысы Мұқаш Сәрсекеев зейнеткерлік демалысқа шығып, 1987 жылдың шілде айында Оқу министрі Қожахмет Балахметовтің бұйрығымен «Қазақстан мектебі» журналының бас редакторы қызметіне тағайындалды. С. Әбішқызы 1983 жылдың қаңтарынан 2011 жылдың шілдесіне дейін 28 жылдан астам, оның 24 жыл 8 айы бас редактор қызметінде болды.

Жеке адам туралы жазғанда есею кезеңі деп, өмір жолдарын тағы бас­қа бірнеше сатыға бөліп баяндаймыз. Сайраш апайдың «Қазақстан мекте­бін­де» бас редактор болып істеген жылдары оның нағыз есейген кезеңі болды.

Кеңес заманында Мәскеуден орыс тілінде жиырма шақты педагогикалық журнал шықса, ал елімізде соның бәрінің дерлік міндетін жалғыз «Қазақстан мектебі» атқарды. Мұнымен барлық пәнді қамту, әрбір мұғалімнің қажетін өтеу мүмкін емес-ті. Қосымшалардың ашылуы осылай басталған. Қаншама есіктер қағылды, мөрлер мен қолдар жиналды. Сөйтіп, Сайраш Әбішқызы қазақ баспасөзі тарихында өзіндік орны бар, 1925 жылдан бастап шығып келе жатқан «Қазақстан мектебі» журналының өрісін одан әрі кеңейтіп, шыққан биігін жоғарылата беруді мақсат етті. Әуелі, 1959 жылы жабылып қалған «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы шыға бастады. 1991 жылы «Отбасы және балабақша», 1992 жылы «Информатика, физика, математика», 1993 жылы «Қазақ тарихы», 1996 жылы «Биология, география және химия» атты қосымша журналдарын шығарып, кең тарауына ұйытқы болды. 2002 жылдың қарашасынан бас­тап шыға бастаған «Тәрбие құралы» журналының дүниеге келуі де – оның іскерлігі мен біліктілігінің жемісі. Бұл қосымша журналдарды біртіңдеп «Қазақстан мектебі» журналынан бөліп шығарды. Сөйтіп, кеңес дәуірінде жетпіс жылдай қазақ тілді жалғыз журнал болып келген «Қазақстан мектебі» басылымының мазмұндық өрісі кеңейіп, жаңа сипатқа ие болды. Еліміздің білім беру жұмысының қай мәселесіне болсын атсалысып, жедел үн қатуына кең жол ашылды. Авторлар құрамы да толық­ты. Салалық баспасөздегі бұл жаңа­лықтар ел назарынан тыс қалған жоқ. Сонымен қатар республикада қазақ тілді педагогикалық басылымдар қатарының өсуіне, қазақ журналистеріне жаңа жұмыс орындарының ашылуына қол жеткізілді. Отандық білім жүйесін, қазақ журналистикасын дамытуға қосқан үлесі лайықты бағасын алып, еңбекқор педагог-журналист құрмет биігіне көтерілді.

Сайраш Әбішқызы туралы толған­ғанда тіл ұшына «тұңғыш» деген сөз орала береді. Оның себебі бар. Ата-ананың тұңғыш перзенті, «Қазақстан мектебі» журналының тұңғыш әйел редакторы, қазақ тіліндегі жеке пән­дер­ге арналған журналдарды тұңғыш жазған. 1997 жылы шетел сапарла­рын­да жазылған жолжазбалары үшін Мұхаметжан Сералин атындағы сый­лық­тың тұңғыш лауреаты атанды. 2000 жылы алыстағы Ұлыбританияның үздік жетіс­тіктер мәліметтерін тіркейтін Кэм­бридж әлемдік-ғұмырнамалық орта­­лығының энциклопедиясына білім беру және журналистік салада үздік көрсеткіш көрсеткен жеке тұлға ретін­де есімі енгізіліп, арнайы диплом­мен марапатталған тұңғыш қазақ әйелі. Сондай-ақ үкімет тарапынан педа­гог-журналист ретінде Ыбырай Алтын­са­рин атындағы медалімен, білім беру ісі­нің үздігі атақтарымен де тұңғыш мара­патталғандардың қатарында болды. Осылайша, әрбір жақсы істің басын­да тұру үшін «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп, Абай айтқан үш қасиетті бойға сіңірген бөлек жара­ты­лыс иесі болу керек шығар. Бұл қасиет­тердің алғашқысы халық үшін қыз­мет еткізіп, қайраткерлікке жеткізсе, екіншісі – жан байлығымен жарасым тапқан қаламгерлікке жетелейді, ал үшіншісі – табиғатына біткен тәлімгер ұстаз­дықтан туатын жылы жүрек пен мейірім. Байқасаңыз, бір емес бірнеше адам­ның еншісіне бұйыратындай-ақ іс-әрекет, атақ, абырой. Мұның бәріне ол кісі тынымсыз еңбектің нәтижесінде жетсе керек. Қолынан қаламы түспе­ген қа­лам­­гердің алар асуы әлі де алда. Талай-та­лай терең мағыналы ойларын оқи­ты­­ны­­мызға шүбәміз жоқ. Жан-жағына нұ­рын шашып, лебізінен мөлдірлік пен та­за­­лық, мейірімділік пен халқына деген сүйіспеншілік лебі есетін Сайраш Әбіш­­қызы – ұлт руханиятында өз орны бар тұлға.

 

Сырым ХАСЕНОВ,

Ұлттық музейдің аға ғылыми қызметкері