• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
16 Қаңтар, 2015

Бопсаға үрейленудің қажеті жоқ десек те...

234 рет
көрсетілді

Дүбірге толы дүние Солтүстік Кореяның дүркін-дүркін әлемді бір қорқытып қоюы дәстүрге айналып бара жатқандай. Түрлі-түрлі сынақтар өткізіп қорқытады, әйтпесе АҚШ секілді ірі мемлекетке ауыз салмақ болады. Енді, міне, жау санайтын Оңтүстік Кореяны жеті күнде басып алып, өзіне біріктірмек. Бұл жайындағы қауесет жақында пайда болды. Оны бұл елден қашып шыққан әскери адам хабарлапты. Аты аталмай отырған оның жоғары әскери билікте болғаны аңғарылады. Әйтпесе бұл жоспарды білмес еді ғой дейсің. Сондай-ақ, бұл кезекті бір алыпқашпа әңгіме шығар дейін десең, әлемді шулатып отырған бұл жос­парды ҚХДР-дың басшылығы жоққа шығарып мәлімдеме де жасаған жоқ. Тіпті, жұрттың дүрліге беретінін қалайтын да сияқты. Жоспар осыдан екі жарым жылдай бұрын, нақтырақ айт­қанда, 2012 жылдың 25 тамызын­да жоғары әскери басшылық кеңесінде бекітілген көрінеді. Оны 2013 жылдың аяғына дейін жүзеге асырмақ болса, енді ол биылғы жылға қалдырылыпты. Ол бойынша КХДР-дың әскери күші, қажет болса, тіпті, ядролық қаруды да қолдана отырып, Оңтүстіктің әскерін тас-талқан етпек те, елді біріктіру жеңісіне жетпек. Рас, олардың Корея Респуб­ли­ка­сындай жалпы әлеуеті өздерінен әлдеқайда жоғары, әлемнің ең дамыған экономикасының бірін бір аптада, жеті күн ішінде басып алуы өте қысқа мерзім. Оларды асықтырған бір жай бар екен – бұлайша жылдам жеңіске жетпесе, оған АҚШ-тай одақтасы көмекке келіп үлгеретін көрінеді. Бірақ АҚШ жеті күн емес, жеті сағат та күт­пей, КХДР қайтер екен деп қарап тұр­май, сол сәтте-ақ одақтасымен бір мез­гілде қарсы соққы беретіні күмәнсіз. Жоспар болса, болған шығар. Бірақ оның жүзеге асуына сенетін жұрт көп емес екені анық. Сөйтсе де мұндай бопсаның біреулердің жүйкесіне тиюі әбден мүмкін. Ал Солтүстік Кореяда шиыршық атқан насихаттың желігіне еретіндер, тіпті, сенетіндер де біраз болуы ықтимал. Бәрінен де сол қиын. Ұлы басшыларынан бұйрық болса, тұра ұмтылуы ғажап емес. Сонда біраз дүние бүлінеді. Парасатқа жүгінетін жұрт бұл жоспарды жүзеге асыру ние­тіне де, онда көрсетілгендей соғыс­тың болатынына да сенбейді. Сол­түстіктегілер де өз шама-шарқын болжамдайды, өзінен мықтыларға ұмтылып, мәз таппасын да жақсы біледі. Бұларға бопса керек. Бас­қаларды сескендіргісі келеді. Ал бұлардың шын қарсыластары сескеніп те жатқан жоқ. Олар қамсыз отырмауды ойлап, ең алдымен халық үрейленбесін деп мықты қорғанысы, дайындығы барлығын көрсетіп те отыр. Оған басты мысал – Оңтүстік Кореяның АҚШ-пен бірлесе өткізетін әскери жаттығулары. Сол Пхеньян өзінің есерлеу әрекеттерін елді біріктіру идеясымен бүркемелегісі келеді. Рас, бұл идея – осынау екі елдегі бір халықтың басым көпшілігінің арманы. Бірақ оның жүзеге асуына өздерінің әрекеттерімен кедергі болып отырған да солтүстік жақ. Енді оны соғыспен жүзеге асырмақ! Оңтүстік Корея басшылығы сол бірігуді бейбіт жолмен жүзеге асыруды әлдеқашан-ақ ұсынған. Тіпті, бұл елде екі мемлекетті біріктіру мәселесімен айналысатын арнайы министрлік те бар. Халықтың қалауына салса, басым көпшілік Оңтүстік Кореяда қалыптасқан және әлем таныған озық жүйені қалайтыны даусыз. Пхеньян содан қорқады. КХДР көсемі Ким Чен Ын жаңажылдық құттықтауында өзінің Оңтүстік жақтағы әріптесімен кездесіп, сол бірігуді сөз етпектігін айтты. Ал президент Пак Кын Хе онымен ешқандай шарт қоймай-ақ кездесуге әзірлігін білдірді: «Бейбіт бірігуге жол ашылатын болса, мен кіммен болса да кездесемін», – деді ол. Жақсылықты осы жерден іздеуге болар еді ғой, әрине. Бірақ Пхеньян ескі әдетіне басып, үйреншікті бопсасынан аса алмайды-ау деп қауіптенесің. Терроризмге біреу қалап, біреу адасып барады Қырғыз елінде терроризммен күрес туралы әңгіме қызып тұр. Ол бір жағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Жогорку Кенешке терроризм үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту жөніндегі заң жобасын ұсынуына да байланысты болып отыр. Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті өз ұсыныстарын елде қалыптасқан қазіргі жағдаймен негіздейді. Республиканың біршама азаматтары Сирияға барып, онда террористер қатарына қосылып, соғысқан. Олардың біразы елге қайта оралған, енді біразы әлі сонда соғысып жатқан көрінеді. Бұл қалай болды дегенде, көп адам бұл мәселеде өзіне жүктелер жауапкершілікті жете түсінбейді. Содан да олар экстремистердің, арандатушылардың сөзіне ереді. Қауіпсіздік орындары қызметкерлерінің пікірінше, бұл жөніндегі заңды қатайту және оны жұртшылыққа жеткізу азаматтарды арандатушылардың соңынан еруден сақтандырады, көптеген жосықсыз әрекеттердің алдын алады. Өткен жылы республикада терроризмге байланысты 137 қылмыстық іс қозғалыпты, оның 76-сы сотқа жіберілген. Қазіргі күнде Сирияда 200-дей қырғызстандық жүрген көрінеді. Жалпы, экстремистердің арбауына түскендердің көпшілігі 16-22 жас аралығындағы әлі оң-солын білмейтіндер екен. Олардың кейбіреулері елге қайтып оралып жатыр. Қырғыз Республикасы МҚК баспасөз хатшысы Рахат Сүлейменовтің айтуынша, олар екі топқа бөлінеді: біреулері – өз қателіктерін сезініп, бұрынғы бейбіт өміріне қайта оралғандар, екіншілері – қара ниетпен, қасиетсіз іске адам тарту ойымен келгендер. Қауіпсіздік мекемесінің қызметкерлері сол екінші топтың адамдарына қарсы заңды қатайтуды қажет санайды. Қайда болсын терроризмге қатысы барлар жазалануға тиіс. Бұл елде де олар жазаға тартылады. «Азаттық» радиосының тілшісі сол адамдармен жолығуға рұқсат алыпты. Олармен әңгімелескенде тілшінің қорытқан ойы – көпшілігі өздерінің адасып барғандарын, өз әрекеттеріне өкінетіндіктерін білдіріпті. Терроризм – кесапат. Ол қаншама адамның өмірін қиғаны өз алдына, қаншама адамды қаныпезерлік жолға түсіреді. Бұл кесапат қайдан пайда болды дегенде, адамдардың жалған түсінікке ергені, сол қанішерлердің жолын хақ санағаны алға тосылады. Енді соған тосқауыл қою – басты міндет. Оның жолы қандай? Қатаң шара қолдану көңілге орала береді. Қырғыз елінде бұрын терроризм дегеннің болмағаны белгілі. Ол сырттан келіп, біраз жұртты бүлдіріп жатыр. Тосқауылдың соларға қойылғаны жөн, дейді көпшілік. Қосыласың. Осы жерде құқық қорғаушылар дегендер пайда болып, оларды қатаң жазаламау керек деп байбалам сала бастапты. Адам құқын алға тосады. Терроризм құқы – адамдарды өлтіру емес пе? Енді сол «құқықты» қорғау керек пе? Қайырымдылықтың да шегі бар, кесапатқа рақымшылық жүрмесе керек. Мамадияр ЖАҚЫП.