Мемлекеттік рәміздер – әр елдің өзіндік бірегейлігі мен егемендігін айшықтайтын нышандар. 1992 жылы 4 маусымда Тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері бекітілді. Бұл күн ел тарихында жаңа мемлекеттік рәміздердің туған күні ретінде таңбаланды. 2007 жылдан бері 4 маусым елімізде Мемлекеттік рәміздер күні ретінде атап өтіледі.
Мемлекеттік рәміздер – ұлттық байлығымыз, ел тарихына, ұлттық ұлы мұраттарға, мемлекеттік тілге, мәдениет пен салт-дәстүрге деген терең құрметтің бастау көзі. Әлем алдында сандаған ғасырлық тағылымды тарихы бар тәуелсіз, егемен ел екенімізді айқындайтын да – Ту мен Елтаңба. Түрлі ресми, халықаралық іс-шараларда Әнұранымыз шырқалғанда немесе көк Туымыз көтерілгенде әрбір отандасымыздың жүрегін мақтаныш пен патриоттық сезім кернейді.
Мемлекеттік рәміздерде бейнеленген құндылықтарға еліміз жүргізіп отырған сан қырлы саясат негізге алынған. Ол – ашықтық, бейбітшілік, еркіндік, тәуелсіздік, қоғамдық келісім. Ортасында шаңырақ бейнеленген алтын күн, қалықтаған қыран сұлбасы мен Елтаңба бейнеленген. Көк байрақ еліміздің барша азаматтарына ортақ шаңырақтың нышаны ретінде әлемге жаңа, тәуелсіз мемлекет – Қазақстан Республикасын әйгілейді.
Қасиетті құндылық ретінде мемлекеттік рәміздердің орналасуына қатысты бірнеше нақты шарт бар. Айталық, мемлекеттік мекемелердің кіреберісінде орналасатын Мемлекеттік туға түнгі уақытта да жарық түсіп тұруы шарт. Сондай-ақ суретте ту үнемі оң жаққа қарай желбіреп тұруға тиіс. Мекеме басшыларының жұмыс бөлмесінде орналасатын Мемлекеттік ту мен Мемлекеттік елтаңбаның орналасу реті арнайы талаптарға сәйкес болуы керек.
2020 жылдың қазан айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік рәміздерді пайдалану туралы заңнаманы қайта қарау керектігін мәлімдеді: «Қолданыстағы заңнамада туымызды пайдалануға қатысты шектеулер бар. Мысалы, пәтерлердің балконына немесе үйлердің қабырғасына ту ілуге тыйым салынған. Заңнамалық және нормативтік актілерді, ең алдымен, мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарау қажет. Парламенттің бірқатар депутаты мен азаматтарымыздың еліміздің мемлекеттік рәміздерін, атап айтқанда, Мемлекеттік туды кеңінен қолдану туралы ұсынысын қолдаймын», деп атап өтті.
Сонымен қатар Мемлекеттік рәміздерді халықтың жаппай қолдануына қатысты бұрын қабылданған шектеулерді азайту, ел азаматтарының мемлекеттік туды өз тұрғын үйлерінің балкондарына немесе қабырғасына ілуіне заңнамалық тұрғыдан рұқсат беру қажеттігі жөнінде тапсырма берді. Осыдан кейін туды балконға ілуге ресми рұқсат етілді.
Жалпы, мұндай тәжірибе әлемнің бірқатар елінде бар. Мәселен, Түркиядағы көпқабатты үйлердің қабырғалары, балкондары және маңызды деп саналатын ғимараттардың сыртқы қасбеттері тумен үнемі көмкеріліп тұрады. Сонымен қоса түрлі бұқаралық, рухани-мәдени, спорттық іс-шараларда, тіпті жекеменшік үйлердің төрінде де қызыл байрақтың көркем көз тартатынын жиі байқауға болады.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Мемлекет басшысының тапсырмасымен бүгінде азаматтардың мемлекеттік туды патриоттық мақсатта кеңінен пайдалануына мол мүмкіндік жасалып отыр. Қазірде ел тұрғындары өзі тұратын үйдің балконына, терезесіне немесе көлігіне көк байрағымызды іліп қоя алады. Алайда мемлекеттік рәміз таза болуы, дұрыс орналасуы және заңнамада белгіленген стандарттарға сәйкес болуға тиіс.
Мемлекеттік рәміздер дүниежүзілік деңгейде Мемлекет басшысының ресми сапарлары барысында, сондай-ақ түрлі әлемдік, халықаралық сайыстарда спортшы сайыпқырандарымыз жеңіс тұғырына көтерілгенде асқақтайды. «Туған жерім менің – Қазақстаным!» деп Әнұранымыз шырқалып, көк туымыз биікте желбірейді. Өзі де еліміздің бейресми бір рәмізіне айналған әнші Димаштың Әнұранымызды асқан шабытпен, нұрлы нақышпен, бөлек мәнермен орындағаны елім, жерім деген әрбір жанның жұлын-жүйкесін шымырлатты.
Айта кеткен жөн, көк байрақ тек бәсі жоғары спорт жарыстарында ғана емес, ғарыш стансасында желбіреді. Ғарышқа бір емес, екі рет барып келген, екінші сапарында борт командирі ретінде ұшқан Талғат Мұсабаев ғарыш стансасынан бүкіл әлемге Мемлекеттік туымызды көтеріп тұрып, сөз толғады. Ал 2015 жылы үшінші қазақ ғарышкері Айдын Айымбетовтің ұшуы барысында Мемлекеттік туымыз Жер планетасын 150 рет айналып шықты. Сонымен қоса көк байрағымыз әлемнің барлық құрлығында, оның ішінде Монблан (4 810 метр), Ленин (7 134 метр), Эверест (8 848 метр) сынды әлемнің ең биік шыңдарында желбіреді.
Еліміздің мемлекеттік рәміздерінің суреттері отандастарымыздың негізгі құжаттары, атап айтқанда, төлқұжат, жеке куәлік, туу туралы куәлік, диплом, аттестатта таңбаланған. Мемлекеттік туды немесе оның кішкентай көшірмесін өзге елге саяхат жасаған жиһанкез жерлестеріміз, жанкүйерлеріміз үнемі өздерімен бірге алып жүреді. Бұл да азаматтардың патриоттық сезімін нығайтуға негіз болатын, әсер ететін мән-жайлар.
Жалпы, Мемлекеттік рәміздер – елдіктің, тәуелсіздігіміздің маңызды, басты белгісі. Сол себепті оның тарихын, мән-маңызын терең білу, кеңінен қолдану, қадір тұту өскелең ұрпақ санасында патриотизмді қалыптастыру тұрғысынан алғанда да өте өзекті. Мемлекеттік рәміздерімізді ұлықтау тек 4 маусымда емес, жыл-он екі ай бойына жүйелі түрде жүргізілуі керек.
Тәуелсіздігіміздің алтын күмбезі саналатын мемлекеттік рәміздеріміздің мәртебесі арта берсін. Бейбітшілік пен ынтымақтың, берекелі еңбек пен жасампаздықтың алтын бесігі – Отанымыз гүлденіп, еліміздің Мемлекеттік туы биікте желбірей берсін.