• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
16 Қаңтар, 2015

ҮКІМЕТ

386 рет
көрсетілді

Елде электр тапшылығы болмайды Елімізде электр энергиясы мәселесі өзекті. Оның өндірілуінен бастап, үнемді пайдаланылуы, сонымен қатар, елдің барлық бағытында тепе-теңдік жағдайында таратылу мәселесі жиі көтеріледі. Мұны Елбасымыз соңғы Жолдауында да назардан тыс қалдырмады. Бұрын да электр энергиясының  үнемді қолданылуын ескертіп келе жатқан Президент бұл жолы оның барлық аймаққа тең жеткізілуін қадағалауды тапсырды. Осы орайда Энергетика министрлігіне Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауда қандай жұмыстар атқарылып жатқандығын нақтылау мақсатында сауал жолдаған едік. Сауалымызға Энергетика вице-министрі Бақытжан ЖАҚСАЛИЕВ жауап берді. – Энергетика министрлігі ел шығысындағы табиғи газ тапшылығын жою мақсатында қандай шаралар қарастыруда? – 2012 жылдың 8 желтоқсанын­да еліміз бен ҚХР арасында «Сарыбұлақ-Зимұнай» газ құбы­рын пайдалануға беру бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған еді. Осы жобаны жүзеге асыру аясында Шығыс Қазақ­стан облысында осы газ құбы­ры тартылып, 2013 жылы маусым айын­да қолданысқа берілді. Сол жы­лы қарашада салтанатты түрде алау жағылып, Зайсан қала­сының тұ­тыну­шыларына алғаш рет газ беріл­ді. Бүгінгі күні Зайсан ауда­ны­ның тоғыз ауылдық округін газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Алдағы республикалық бюджет есебіне кіргізілу де қарастырылуда. Сонымен бірге, ШҚО арқылы Қытай Халық Республикасына ресейлік газ транзиті жөніндегі мәселе қарас­тырылуда. Бұл мәселе ресейлік ж­әне қытайлық серіктестермен келі­­сіл­ген жағдайда газ құбыры өте­тін жол­дағы елді мекендерді де газ­бен қам­тамасыз ету мүмкіндігі туындайды. – Тұтастай алғанда елімізде электр тапшылығы немесе басқа­ша айтсақ, жеткіліксіздігі қашан жойылады? – Негізі елімізде бұл мәселе орын алып отырған жоқ. Яғни, электр энергиясы тапшылығы туын­дап отыр деп айтуға келмес. Елді толық қамтамасыз ету үшін қазіргі өндіріліп жатқан көлем жеткілікті. Тек электр энергиясының еліміздің оңтүстік аймағына жетіспеуі, ал сол­түстік аймақта артылып қалуы сияқты мәселе орын алып отыр десек түсініктірек болады. Дә­лірек айтсақ, баланс жоқ. Міне, осыған байланысты тепе-теңсіздік орын алып отыр. Түйткіл оңтүстік аймақтағы тұтынушыларға Павло­дар облысы электр стансасынан 1350 мВт көлемде электр энергиясын беру (бұл шамамен жылына 9 кВт/сағ) арқылы шешіледі. – Министрлік электр энергия­сы инфрақұрылымын дамы­ту үшін қандай жұмыстар жүргізуде? – «Нұрлы Жол – болашаққа бас­тар жол» атты Қазақстан халқына Жол­дауы шеңберінде берілген Пре­зидент тапсырмасы аясында ха­лықты электр энергиясы­мен қам­тамасыз етуді арттыру үшін «Екі­бастұз-Семей-Өске­мен» және «Се­мей-Ақтоғай-Талдықор­ған-Ал­­маты» (Шығыс арқылы өтетін үшінші транзит «Солтүстік-Оңтүстік») ба­ғыт­тары бойынша жоғары вольтті желілер салынатын болады. «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» атты 500 кВт-ны  құрайтын транзит қолданысқа берілгеннен кейін ел оңтүстігі мен солтүстігі арасындағы электр энергиясын беру желілерінің өткізу қабілеті 2100 мВт-ны құрай­ды. Бұл жылына 14 млрд. кВт/сағ. құрайды. Бұл желінің құрылысын салу Павлодар облысының электр энергиясын өндіретін ұйымдарына Қазақстанның оңтүстік аймақтарына беру үшін қазіргі деңгейден артық болатын қосымша көлем өндіруге мүмкіндік туғызады. Бұл жылына 4 млрд. кВт/сағ. Бұл электр энергиясы инфрақұрылымының дамуына үлес қосатын үлкен үмітті жобалар деп айтуға болады. – Электр энергиясымен қамта­ма­сыз ететін инфрақұры­лымдық жо­ба­лардың даму келешегі қандай? Жоба­лардан күтілетін нәтиже қан­дай? – Жалпы, «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» 500 кВт транзиттік құрылысын» жүзеге асыру барысында мынадай нәтижелер күтіп отырмыз. Алдымен еліміздің сол­түстік-оңтүстік бағытындағы Ұлт­тық электр энергиясы тізбегі тран­зиттік мүмкіндігін арттыру, шығыс аймағының ЕЭО-мен байланысын күшейту көзделуде. Сондай-ақ, Ақтоғай-Мойынты, Ақтоғай-Алматы, Ақтоғай-Достық теміржолын электрлендіру үшін жағдай жасалатын болады. Шекара аймағындағы аумақтарды дамытуды жалғастыру және жаңғыртылатын энергия көздері мүмкіндігін арттыру да шешілмек. Жобалар жүзеге асса ШҚО-дағы тау-кен кешенін дамыту үшін тиімді жағдай туындайды. Осы желілердің құрылысын салып қолданысқа беру барысында жаңа жұмыс орындары ашылатыны анық. Бұл кең ауқымды жұмыстар ел игілігі үшін атқарылып жатыр. Елбасы тапсырмасы да бізге осыны міндеттеген болатын.  Әңгімелескен Венера ТҮГЕЛБАЙ, «Егемен Қазақстан».

Жаңа жолдағы жарқын істер

Былтыр күзде Елбасының пәрменімен іске қосылған Жезқазған – Бейнеу теміржолы еліміздің орталығын батысқа, одан әрі Еуропа мен Парсы шығанағына жалғап жатыр. Мемлекет басшысының тікелей назарында тұрған нысандардың алғашқы қысты қалай қарсы алып отырғандығын көзбен көріп, өзекті жайларды жергілікті жерде шешу мақсатымен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин бастаған лауазым иелері Жазқазған – Бейнеу жаңа теміржолының өн бойын аралап шықты. Жалпы ұзындығы мың ша­қырымға жуық барлығы 18 станса мен 39 жол айырығы бар өңірді бір апта көлемінде толық аралап шығу мүмкін емес. Сондықтан, арнайы топ жетекшілері ірі стансалар мен шағын жол айырықтарындағы инфрақұрылымдық нысандарды, талшықты-оптикалық байланыс түрімен қамтылуын, жасанды ғимараттар мен өндіріс алаңдары­ның кесте бойынша пайдалануға берілу жайын сараптауды ұй­ғарды. Оның бірі, Жезқазған – Сексеуіл аралығында бұрын-соңды елді мекендер болмаған құла дүзге жас мамандарды тартудың жайы. Шалқардан бас­­т­ап Бейнеуге дейінгі жаңа­дан іске қосылған шағын стан­салардың қысқы жылу беру мау­сымындағы күнкөрісі, жас отба­сы­лардың жағдайы, балабақ­ша­лар мен машинистердің дема­лыс орындары қаралды. Осы күнде аталмыш теміржол бойында жақын елді мекендерге жұмысшы пойыздары, арнайы жүктер, құрылыс материалдары жеткізіліп қана қоймай, тәулігіне екі жүк пойызы көктей өтеді. Қазақтың есіліп жатқан сайын даласының құм суырған сортаңды немесе жықпыл-жықпыл таулы-қыратты жерлерден қиыстырып жол салудың құрылысшыларға оңай болмағандығы бірден көзге ұрады. Бұл жоба құрылысының рекордтық мерзімде орын­далуы­ның басты себебі, құрылыс­шылардың бұған дейін де Шар – Өскемен, Алтынсарин – Хромтау, Жетіген – Қорғас жаңа теміржол телімдерін тауды бұзып, тасты жарып салған қажырлы еңбегі мен тәуекелшіл тәжірибесіне сүйеніп, алып құрылысты төрт жағынан бірдей бастауы еді. Әрине, алып жоба рекордтық қысқа мерзімде салынғандықтан кемшін тұстары да бар екен. Мұны сапар барысында са­рап­таған арнайы топ олқы­лықтарды тезірек қалпына кел­тіруге тапсырма ал­ды. ҚТЖ басшысы А.Мамин ең алдымен жас отбасылардың қоныстарына кіріп, Жаңа жылмен құттықтады. Күні бүгінге дейін жол бойында 44 отбасы жайлы пәтерге қоныс­таныпты. Арнайы топты теміржол маңындағы тіршіліктің бойы­на қан жүгіріп, көптеген елді мекен­дер бой көтеріп, жас ма­мандар қоныстана бастағандығы қуант­ты. Теміржол саласында он жыл­дан астам уақыттан бері қыз­мет етіп келе жатқан Н.Өр­кешовтің қазіргі қызметі – Сексеуіл ком­мерциялық тексеру бекетінің маманы. Сексеуіл стансасынан ұсыныс түскенде, бірден көшіп келіпті. Қазір анасы, әйелі және 3 баласымен осы 4 бөлмелі пәтерде тұрып жатыр. Оның қасында өндіріске нағыз қажетті жас мамандар электромеханиктер М.Мүсенов, Ж.Дәулетаев, М.Ал­дановтар қоныс тойларын тойлау­да. Сексеуілде 16 отбасы екі пә­тер­лі сегіз үйге кірген. Мұнан кейін­г­і үлкен станса Шалқарда да 190 орындық балабақша пай­далануға беріліпті. Әсем бала­бақшаның асханасы, ойын алаң­дары, ең арғысы лифтіге дейін қамтылған. Бөлмелері жылы да жайлы. Бүлдіршіндерге қажетті орындықтары мен жиһаздарына дейін жеткізілген. Шалқар стан­сасында да барлығы 20 пәтер­лі он үйге теміржолшылар қоныс­танған. Тассай стансасындағы төрт екі пәтерлі үйге сегіз темір­жолшының отбасы жайғасқан. Жаңа пәтерлердің иелері Ж.Елеу­сізов, А.Дәуітовтер отбасыларын көшіріп әкелген. Олардың тап қасынан машинистердің 20 адам­дық демалыс орны бой көтер­ген. Биылғы қыстың жайлы болуына орай, барлық шағын стан­салар мен бекеттерде жүк та­сы­малымен қатар, теміржол ны­сан­дарының құрылыстары да қарқынды жүргізілуде. Қажетті құры­лыс материалдары мен азық-түлік күнделікті жүретін жүк по­йыздарымен жеткізіледі екен. Жергілікті жұрттың ен­дігі бір тілегі – осы бағытта жо­лау­шы­лар пойызы тезірек қатынаса дейді.  Ескендір ЕРТАЙ. Жезқазған – Сексеуіл – Шалқар – Тассай – Бейнеу.

Бағдарламаға қатысушылар көбеюде

Ақмола облысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағ­дар­ламасын іске асыру бойынша жыл қорытындысына арналған салтанатты шара өтті. Мем­лекеттік бағдарламаны іске асыруда жемісті ынтымақ­тастығы үшін жеке кәсіп­кер­лер мен қаланың еңбек ұйым­дарына алғыс хаттар берілді. Қазіргі таңда Көкшетау қаласының Жұмыспен қамту орталықтары тарапынан «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдар­ламасының үш бағыты бойынша белгіленген жоспар 100 пайызға атқарылған. Бағдарламаға жалпы саны 351 адам қатысты. «Инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту есебінен жұмыспен қамту» бағыты аясында 7 жоба іске асырылды. Оған өзін өзі жұмыспен қамтушылар арасынан 18 адам қатысты. Екінші бағыт «Кәсіпкерлік пен тірек ауылдарды дамыту ар­қы­лы жұмыспен қамту» бойынша 10 адам «Кәсіпкерлік негіздерін» оқып шықты. Республикалық бюджеттен шағын несиелендіруге 2014 жылы 25 миллион теңге бөлінген. Үшінші бағыт «Жұмыс беруші қажеттігі аясында оқыту мен қоныс­тан­дыру арқылы жұмыспен қамту» бойынша 82 адам кәсіптік оқуға бағытталып, 116 адам жастар тағылымдамасында белсенділік танытты. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.

Келер күнге сенім нық

Күншалған ауылы табиғаты сұлу өңірде орналасқан. Атына заты сай елді мекеннің айналасын биік тау, қайнар бұлақ, қалың орман көмкерген. Ең негізгі байлығы – жері құнарлы. Туған өңір табиғаты адам баласына өз мүмкіндігін молынан пайдалануға жол ашып тұр. Әсіресе, егіншілік кәсібіне өте қолайлы. Қарттар күніне арналған аға буынмен жүздесуде демеушілігімен танылған «НұрАli» ЖШС-нің ат­қа­рушы директоры Қуаныш Жасаров­пен танысудың сәті түсті. Шағын кәсіпорынды 2011 жылы Бекім Әкімов құрған екен. Не­гізгі бағыты – егіншілік пен мал шаруа­шылығы. Биыл иелігіндегі 850 гектар алқаптың 650 гектарына бидай сепкен, ауа райының қолайсыз әсеріне қарамастан, жерден өнгенді толық жинап алды. 105 гектар арпа егістігі әр гектарынан 8 центнерден түсім берді. Арпаның басым бөлігі тұтынушыларға сатылды. Егінді оң­тайлы мерзімде жинап алуға ескі үлгідегі дала кемесіне қоса биыл алдырылған жаңа «Вектор» комбайндары пайдаланылды. Ұжымдағы механизаторлар Владимир Казначей, Дмитрий Лоторев науқандық жұмыста жақсы нәтиже байқатты. Егіншілікпен қатар мал шаруашылығы да дамып келеді. Алдағы қыста ірі қара, жылқы, қой күтілетін мал жайылым учаскелерінің біріне 250 тонна шөп үйілген. Келешекте етті мал шаруашылығын өркендететін ниеті баршылық. Бұл салаға мемлекеттік бағдарламаның игілігін пайдалануға әбден болады. Серіктестікті ұйымдастырушылар – осы ауылдың төл тума азаматтары. Ел тарихын, халықтың жағдайын бес саусақтай жақсы біледі, мүмкіндігінше әлеуметтік саланы, аға буынды сүйе­мелдеп отырады. Ал негізгі игілік көзі – жерді баптай білген жанның егіні де бітік, малы да қоңды, жәрдем-шарапатын сезінген ауылдастың ризашылық алғысы да ұшан-теңіз болатыны белгілі. Бұл шаруа иесіне де зор мәртебе, ауылдың да алғы күніне нық сенім ұялататын жағымды қадам. Раушан БАРЖАҚСЫ, журналист. Ақмола облысы, Ерейментау ауданы.    

Ауылдағы алау

Исатай ауданындағы ауылдың бірі Томан деп аталады. Қазір мұнда 430 тұрғын бар. Тұрғындардың жартысынан астамы теміржол саласында жұмыс істейді. Өйткені, ауыл Атырау-Астрахань бағытындағы теміржолдың бойында орналасқан. Соған орай №17 теміржол бекеті деген екінші атауы және бар. Тұр­ғын­дар санының көп еместігіне байланыс­ты ауылда 44 оқушы білім алатын бастау­ыш мектеп 1970 жылы ашылыпты. Биыл осы мектепке күрделі жөндеу жасаған. Ауыл­дағы шағын клубқа да жөндеу жұ­мыс­тары жүргізіліп жатыр. Аққыстау селолық округінің әкімі Мұтиғолла Насихановтың айтуынша, Томан ауылында жұмыссыздық мәселесі шешімін тапқан деуге болады. Себебі, аталған ауылдың 6 тұрғыны ғана жұмыссыз ретінде тіркеліпті. Демек, ауылдың өзге тұр­ғындары әр саладан табыс табатын жұмыс­пен қамтылған. Тұрғындардың әлеу­меттік тұрмысының жақсаруына ықпалын тигізетін инфрақұрылымын дамытуға басым бағыт ұсталып отыр. Соның дәлеліндей, биыл томандықтар «Ақбұлақ» бағдарламасымен таза ауызсуға қол жеткізді. Ал жақында жаз ортасында бастау алған табиғи газ желісін жеткізу жұмыстары аяқталды. Осы мақсат үшін жергілікті бюджеттен бөлінген 198 миллион теңге қаржыға «Агата» ЖШС ауыл тұрғындары үшін 24 шақырымдық газ желісін жүргізіп берді. Осылайша, облыс орталығынан 23 шақырым қашықта орналасса да «көгілдір отынды» ұзақ жыл күткен томандықтар енді мал тезегі мен көмір жағып, күл шығару азабынан арылды. Қазірдің өзінде ауылдағы 80 отбасының жартысынан аста­мының ошағында «көгілдір отын» алауы тұтанды. Олардың бұл қуанышын бөлісуге Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалин мен облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов арнайы қатысты. – Бір жыл бұрын осы ауыл тұрғындары «көгілдір отынға» зәру екенін жеткізген еді. Сол кезде ауыл тұрғындарына мәселені оң шешу жөнінде уәде бердім. Бүгін міне, ауылға табиғи газ жеткізілді. Енді алдағы уақытта ауылға кіретін жолға жөндеу жұмысы жүргізіледі, –деді облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов. Бұрын ауыл тұрғындары жұмыстың жоқ­тығынан, тұрмыстың қиындығынан әр жақ­қа қоныс аударған болса, енді туған жерге қайта орала бастапты. Қазірдің өзінде Аққыстау селолық округінде Томан ауылынан баспана тұрғызуға жер сұраған 50-ге жуық өтініш түсіпті. Сонымен бірге, шағын болса да бұл ауылға жұмыс жасауға ниет білдірген жас мамандар да бар. Соның бірі жастарды қолдаудың игілігін көріп отыр­ған фельдшер Ерлан Қуанов өз ойымен былайша бөлісті: «Елбасының ауылдарды еңселендіру тапсырмасының шара­патын біздің ауыл тұрғындары да көре бас­тады. Қазір біздің ауылда таза ауызсуы­мыз бар, «көгілдір отын» жеткізілді, ұя­лы байланыс стансасы орнатылды. Енді ауы­лы­мызға дейінгі жолымыз жөнделетін болса, жағдайымыз бүгінгіден де жақсара түседі». Ауыл ардагерлері де еліміздің эконо­микалық ахуалының жақсаруы әсіресе, елді мекендер инфрақұрылымын жақсартуға серпін бергеніне қуанады. «Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауынан экономиканың басты күретамыры – жолдарды жаңғыту мәсе­лесіне көңіл бөлінгеніне қуанып отыр­мыз. Ауылымыздың инфрақұрылымы жақ­сарып, қаладағыдай өркениетке қол жет­кізе бастадық», дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шәкір Қожақов. Иә, енді Томан ауылы мұржалардан күні-түні бір тынбай будақтайтын көмір түтініне тұншықпай, «көгілдір отынның» рахатын көреді. Өмір нәрі – таза сумен мейір қандырып, ғаламның төрт бұрышына қоңырау шалады. Енді «темір тұлпарларын» тақтайдай тегіс жолмен тайпалта жүргізетін күні де алыс емес. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы, Исатай ауданы. Суретті түсірген Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.

Желі құрылысы қарқынды жүруде

Жақында Елбасының «Нұрлы Жол» Жолдауына орай «KEGOK» АҚ басқарма басшысы Бақытжан Қажиев Астанадан арнайы келіп, жергілікті жұмысшылармен, еңбек адамдарымен кездесу өткізді. Жазда тұсауы кесілген 500 кВт Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік транзитінің құрылысы» жобасы екі кезеңде жүзеге асырылып, 2018 жылы аяқталады екен. Жалпы, құны жүз жиыр­ма миллиард теңгені құрайтын жоба аясында қуаттылығы 500 кВт, ұзақтығы 1500 шақырым жоғары кернеулі электр желілерін және Семей, Ақтоғай, Талдықорған қалаларында қуаттылы 500 кВ үш шағын станса салу қарастырылған. – Шілде айынан бастап, маңызды жұмыстың іргетасын қаладық десек те болады, – деді Бақытжан Қажиев. – Күзде ауа райы жағдайына байланысты біраз қиындықтар туындаған еді. Бірақ жұмысшылар қажыр-қайраттарымен жоспарланған кестеге сәйкес жұмыс іст­еп жатыр. Бүгінгі таңда құрылыс-мон­таж жұмыстарының басым бөлігі орын­далды. Жоғары кернеулі желінің құры­лыс жұмыстарының барлығын отан­дық мердігер компаниялар атқаруда. Жоғары технологиялық құрылғылардан басқа, барлық қондырғылар мен шикізат жергілікті өндірушілерден алынуда. Олар­дың ішінде кабельдер, металл конс­трукциясы, темір-бетон блоктары бар. – Бүгінгі таңда біз учаскеміздегі жұмыстарды жүзеге асыруға көбіне осы өңірдің мамандарын тартудамыз, – деді мердігер болып табылатын «Сәтті жол» ЖШС учаске басшысы Марат Отарбаев, – бұл көрсеткіш сексен пайызға жуық. Құрылыс жұмыстарының қарқыны жақсы. Тек ауа температурасы 35 градустан төмендеп, желдің жылдамдығы секундына он метрге дейін жеткен кездерде ғана техникалық қауіпсіздіктің барлық ережелерін сақтау мақсатында жұмыстарды тоқтатуға тиіспіз. – Президент жариялаған Жаңа Экономикалық Саясатқа сәйкес, «Екібастұз-Семей-Өскемен» жә­не «Семей-Ақтөбе-Талдықорған-Ал­маты» ба­ғыттары бойынша жоғары кернеулі электр желілерін салуды жолға қойып отырмыз. ???? Жоба жүзеге асса Қазақстан біртұтас электр энергетикалық жа­ңа ба­ғытта дамитын болады, – дейді «KEGOK» АҚ басқарма басшысы Ба­қыт­жан Қажиев. Қазіргі уақытта «Семей» шағын стан­сасының құрылыс жұмыстары ерек­ше қарқынмен жүргізілуде. Мұнда «Siemens» сияқты әлемдік өндірушілер шығарған заманауи жаңа қондырғылар орнатылып жатыр. Семей мен Өскемен қалаларының арасында желінің бойында үш жүзден астам бағана орнатылған, электр сымдары монтаждалуда. Бақыт­жан Қажиевтің айтуынша, қазіргі уақытта Шығыс Қазақ­стан облысына жетпей тұрған электр қуатын тасымалдау ресейлік желі­­лер арқылы, соның ішінде Рубцовск қала­­сынан жүзеге асырылуда. Жоба аяқ­талып, желі пайдалануға берілсе Шы­ғыс Қазақстан облысы ресейлік тран­зит­терге тәуелділіктен толық арылады екен. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА.СЕМЕЙ.

Жобалар жүзеге асырылуда

2014 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының барлық бағыттарын жүзеге асыру үшін Ақмола облысына республикалық бюджеттен 1,6 миллиард теңге қаржы бөлінген болатын. Осынау қамқорлық пен қолдау жергілікті кәсіпкерлер жұмысына серпін қосты. Өз ісін бастаушылар саны да артып отыр. Мәселен, 2014 жылы «Жаңа бизнес бас­тамаларды қолдау» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша аймақтық үйлестіру кеңесі жалпы құны 7,5 миллиард теңгенің 37 өтінімін мақұлдады. Сондай-ақ, несиеге қол жеткізгендермен келісімшарт жасалып, 1,2 миллиард теңге субсидия төленді. Тұтастай алғанда, бағдарламаның үшінші бағыты шеңберінде жалпы несие сомасы 15,1 миллиард теңгені құрайтын 25 өтінім қаржы институттары тарапынан қолдау тауып отыр. Осы орайда «қаржы берілді, ал игерілуі қалай?» деген сұрақ туындайтыны анық. Бұл жөнінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының облыстық филиалы біздің өтінішімізді қолдап қана қоймай, жаңа жобалардың жүзеге асырылуы барысымен тікелей танысуымызға жағдай жасай білді. Сөйтіп, филиалдың бас менеджері Айсұлу Әубәкірова бізді ең алдымен Көкшетау қаласындағы «SAGA-DENT» серіктестігіне бастап келді. Әлеуметтік бағыттағы ұжым тұрғындарға стоматологиялық қызмет көрсетумен айналысады. Бұл үшін олар «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша «Еуразиялық банк» акционерлік қоғамы арқылы 14 пайыздық өсіммен 9 миллион теңге несие қаржысын алған. Оның 7 пайызын, яғни тең жартысын мемлекет субсидия түрінде төлеуде. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен іске асырылған жобаның ұжым үшін де, қалалықтар үшін де маңызы зор. Білікті дәрігерлер жұмыс істейтін «SAGA-DENT» қазірдің өзінде тұрғындар ілтипатына ие болып отыр. Мұнда төрт жаңа жұмыс орны ашылған, қызметтің сапасы да едәуір артқан. Сондай-ақ, жаңадан салынған «Silk Way» қонақүй кешені Көкшетау қаласының салтанатын аша түскенін айтуымыз керек. Заманауи сәулеттің озық үлгісі көрініс тапқан ғимаратта қонақүй бизнесінің сұранымындағы қажеттіліктері толықтай дерлік қамта­масыз етілген. Мұнда 31 нөмірлік жатын орын, мейрамхана, конференц залы жабдықталған. Жеке кәсіпкер Юрий Светличный «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының шеңберінде «Сбербанк» акционерлік қоғамы арқылы 62 миллион теңге жеңілдетілген несие алып, оны толық игеріп отыр. Енді бағдарламаның келесі бағыттары бойынша жаңа жобалар дайындау үстінде екен. Осының өзі кәсіпкердің қала қонақтарына сапалы қызмет көрсетіп, отандық нарықта өз орнын таба білетіндігін айғақтай түседі. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы кең ауқымдылығымен ерекшеленеді. Мәселен, туризм индус­триясы Бурабайда ғана емес, өңірдің өзге аймақтарында да белсенділікпен дами бастады. Оны Зерендідегі «Зерен Нұр» демалыс орталығы» жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігінің тәжіри­бесінен де көруге болады. Қазіргі таң­да серіктестіктің 13 гектар жері бар. Кешен Зеренді көлінің жағалауындағы қарағайлы орман құшағында орналасқан. Мұнда демалушыларға сауықтыру-емдеу қызметінің кең түрі ұсынылады. Сонымен бірге, «Зерен Нұр» түрлі ғылыми-тәжірибелік конференциялар, семинарлар және бизнес кездесулер орталығы ретінде де көзге түсіп үлгерді. Осынау тиімді бағдарлама ауыл тұрғын­дарының қолын ұзартып отыр­ғаны сүйінішті. Біз сапар барысында Сандықтау ауданындағы «Докаев Д.К.» жеке кәсіпшілігінің жұмы­сы­мен танысуға мүмкіндік алдық. Дока До­каев несие қаржысы есебінен Бал­қа­шын ауылында еңселі техникалық бай­қау орталығын ашыпты. Жоғары талап­тағы стандарттарға сай орталық ау­дан тұрғындарына аса қажет қызмет түрі­мен айналысады. Енді олар облыс орта­лығы мен ірі қалаларға шапқылайтын қо­лайсыздықтан арылғанын айтуда. Сон­дай-ақ, біз Сандықтау ауылында мал шаруа­шылығымен айналысып жатқан кәсіпкерлер қатары көбейгені туралы мағлұмат алдық. Жалпы, Елбасының тапсырмасымен қолға алынған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы адамдар өмірінің сапасын арттырғанын осы мысалдардан-ақ көруге болады. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.

Арнаулы автокөліктер тапсырылды

Жалпы, елімізде соңғы жылдары мал шаруашылығын дамытуға айрықша назар аударылуда. Бұл бағытта бірнеше мемлекеттік бағдарламалар қабылданып жүзеге асырылуда. Саланы дамытуға бөлі­ніп жатқан қаржы көлемі жыл сайын ау­қымды бола түсуде. Соның нәтижесінде жыл сайын мал саны көбейіп келеді. Сондай-ақ, мал ауруларының алдын алу және болдырмау үшін ветеринария саласын дамыту, оның жұмысын жақсартуда да іл­герілеу бар. Ветеринариялық және тамақ өнім­дерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету «Агробизнес-2020» бағдарламасының  басым бағыттарының бірі болып табылады. Осы мақсатта облыста құрылған ветеринариялық ұйымдардың материалдық-тех­ни­калық базасы нығайтылуда. 2013 жылы аудандық және  ауылдық ветеринариялық пункттерге «Нива» автокөлігі және құрал-жабдықтар сатып алып берілген-ді. Өткен жылдың қараша айында 13 ветеринариялық стансаға биологиялық қалдықтарды жоюға арналған жылжымалы инсинераторлар сатып алынды. Бұған 400 миллион  теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Таяуда облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиев Ақтөбе қаласы мен аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімдерінің басшыларына мал тасуға арналған 13 арнаулы «КамАЗ» автокөліктерінің кілттерін табыс етті. Бұл автокөліктер жол талғамайтындығымен ерекшеленеді және малды тиеуге ыңғайлы электромеханикалық сатымен қамтамасыз етілген, санитарлық  малдарды мал сою орындарына тасуға арналған. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.
Соңғы жаңалықтар