Кәсіптің көзін табу бар да, оны дөңгелетіп әкету бар. Бастаған ісіңе қызықсаң, дөңгелейді. Әйтпесе бір орында табандап тұрып алады. Тігінші Саят Шаяхметов Өскемен өңірінде жоқ кәсіпті қолға ала салып, шырқ үйірді. Ол қазір тау-тасқа, табиғатқа киетін брендті күртеше мен сөмкелердің түр-түрін тігіп жүр.
Оның «Altay Out Wear» деп аталатын күртешелері айналдырған бір жарым жыл ішінде шығысқа танылып үлгерді. Әсіресе туризммен айналысатын азаматтардың сұранысына ие. Сусыма материалы шелектеп төккен жаңбырдың астында қалсаң да су өткізбейді. Тым қалың да емес. Соның өзінде тау салқынында тоңдырмайды. Былайша айтқанда, дене температурасын ұстап тұратын қасиеті бар. Сапасына да көпшіліктің көңілі толады екен.
Шығыс Қазақстанның тұмса табиғатын туристерге қысы-жазы аралатып жүретін туристік оператор Айгерім Әбеджанованың айтуынша, Саяттың қолынан шыққан күртешелердің сапасы мен сәні үйлесіп тұр. Әр адамның өлшеміне қарай денесіне қона кетеді.
– Өскеменде табиғатқа арналған киімдердің шығарылып жатқаны шын қуантты. Біз ала жаздай Алтайдың қойын-қонышын аралаймыз. Сондайда киюге қолайлы күртешені жерлесімізден сатып алып жүрміз. Шетелдің брендтерінен асып түспесе, кем емес. Тек қолдау керек. Қолдау деп отырғаным, елімізде жасалған өнімді тұтынайық дегенім ғой. Насихаттайық. Қажет болса, жарнамасын да жасаймыз, – дейді шын жанашырлық танытып жүрген Айгерім Әбеджанова.
Жарнама дегендей, қазір тігін цехы киім-кешекті сұранысқа қарай тігіп отыр. Егер қызығушылық танытып, сұраныс көлемі арта бастаса, тігінші мамандар жағынан мәселе туындауы мүмкін.
– Цехта бір тігінші жұмыс істеп отыр. Өзім дизайнын сызып, киімді пішіп беремін. Сөйтіп, екі жақтап тігеміз. Күртешеден бөлек арқаға асатын сөмкелер де бар. Жуықта колледж түлектерімен кездестім. Цехта жұмыс істейміз деп ниет білдіргендер болса, үйретуге әзірмін, – дейді тігінші Саят Шаяхметов.
Бір қызығы, Саяттың тігіншілік арнайы білімі жоқ. Кішкентайынан анасының қасында жүріп, тігін тігуге қызыққан. Өзіне киім тігіп, кейін хоббиіне айналдырған. Қызығушылығы бұл күнде кәсібіне айналып отыр.
– Бір жақсысы, сұраныс жыл он екі ай бар. Қыста дүкенімізге шаңғышылар жиі бас сұқса, жаздың күні альпинистер келеді. Әйтеуір, көптің көңілінен шығып жатыр, – дейді кәсіпкер.
Көңілден шықпағанда ше? Өнімдері шетелдік брендтерден еш кем емес. Айтуынша, айтулы модадағы киімдердің элементтерін пайдаланады, оған өз қиялын қосады. Сөйтіп, қызылды-жасыл сәнді де сапалы киім тігеді. Сәннен бұрын, тау-таста жүруге өте ыңғайлы. Шикізатты Қытайдан жеткізеді. Қыл аяғы жіпке дейін шетелден сатып алатынын айтты Саят сәл өкінішті жүзбен. Иә, өзімізде өндірілетін шикізаттың кемшін екені белгілі.
Шындығында, жіп есіп, мата шығарамын деген жас мамандар, кәсіпкерлер табылса, мемлекет тарапынан қолдау бар көрінеді. Олай дейтініміз, Саят Шаяхмет шағын цехын кеңейту үшін 2,5 пайызбен 5 млн теңге несие алған. Былтыр күзде 5 млн теңгенің грантын және ұтып алған. Түскен қаржының барлығын кәсібіне салып, өнім түрлерін арттыра түскен. «Altay Out Wear» атты күртешелерін Алматы мен Шымкент қалаларына да жіберіп отырады. Алдағы уақытта Астанадан да сауда нүктесін ашып қоюды мақсат етіп жүр. Осы аяқ алысынан танбаса, әр қаладан дүкен ашу мүмкіндігі бар. Тек, ерінбей еңбектену қажет.
Ең үлкен мақсаты – өзінің туған аулы Катонқарағайда, Алтай тауының баурайында тігін цехының іргетасын қалап, алыстан ат шалдырып жеткен туристерге табиғатқа арналған күртешелерін ұсыну. Себебі Алтайды танытып жатқан киім Шығыстың төрінде тігілуі керек деп есептейді.
Шығыс Қазақстан облысы