• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Таным 05 Маусым, 2024

Паскаль

53 рет
көрсетілді

Қайбір тұлғалар елі бөлек, ұлты жат болса да, туысың секілді жанға жақын. Ара-тұра ойлап, іздеп тұрасың. Жан үндестігі ме, әлде өмір бойы өзін азаптап ақиқат шуағын іздеген аяулы тұлғаға деген махаббат па, белгісіз. Сондай көңілдегі тұлғалардың бірі – Паскаль.

Паскаль вундеркинд еді. 12 жа­сынан әкесінің ықпалымен кітап­қа ден қойды. 15 жасында ма­те­матикалық кітаптарға қызығу­шы­лығы оянды. Евклидтің геоме­триялық еңбектерімен танысып, латын, грек тілдерін жетік меңгерді. 39 жылдық аз ғұмырында математика, физика, механика, әдебиет, философиямен шұғылданды.

Ойшылдың дүние сырларын ұғуға деген құштарлығы ғылым тере­ңіне сүңгіген сайын арта түсті. Осын­шама кеңістікті, ғаламды жа­ратқан Жаратушы бар екенін мойын­дай отырып, көзі жетті. Мәу­лана Румимен үндес мына бір ойы қызық: «Егер Құдай жоқ болса, мен оған сенемін және ештеңе жоғалт­паймын. Егер Құдай бар бол­са, мен оған сенбейтін болсам, әлбетте, бәрін жоғалтамын». Ол бірде «Мені бұл кеңістіктердің мәң­гілік үнсіздігі үрейлендіреді...», «Шын­дыққа құмарту – рахат сезімнің ең биігі» десе, енді бірде «Өзінің кім екенін түсінуге тырыспай өмір сүріп жат­қанның соқырлығы қаншалықты сұмдық болса, Құдайға сеніп, сонда да жамандықта өмір сүретіннің соқырлығының сұмдығы одан да бетер» деп ағыл-тегіл ой ақтарады.

Ол әр адам Құдайды таза ақы­лы­мен, жанкешті ізденісімен табу керегін түсінді. Бүгінгідей Құранды әлдебір жазушының өлең кітабын оқығандай жылдам оқып шығып, көпке ақыл айтатын ғылымсыз мол­да, ілімсіз христиандардан бойын аулақ ұстады. Паскаль терең ғылым ар­қылы математикалық, физи­калық жаңалықтар ашты. Рене Декарт­тың атеистік, рационалды ойларына жан-тәнімен қарсы шықты. «Декартты түсіне алмаймын. Ол өз философиясын Құдайсыз құрғысы келді, бірақ онысынан түк шықпады. Дүниені қозғалысқа келтіру үшін Құдайға дүниенің басынан бір шерткізді, одан кейін Құдай оған керек болмай қалды». Өзін-өзі аямас­тан үздіксіз ғылым арбасына жегу салдарынан Паскаль ми ісігі ауруы­на шалдығып, өмірінің соңында денесі қозғалыссыз қалды. Дүниеден өтер алдында күнделігіне атақты сөзін жазып қалдырды:

«Адамдардың үш тобы бар: бі­рінші топ Жаратушысын іздеді және тапты. Бұлар – ақылды әрі бақыт­ты адамдар. Екінші топ Жара­тушысын іздеп жүр, бірақ тапқан жоқ. Бұлар – ақылды, бірақ әлі бақытсыз адамдар. Үшінші топ Жара­тушыны іздеп те жүрген жоқ, тапқан да жоқ. Бұлар – бақытсыз әрі ақымақ адамдар».