АТЫРАУ. 16 қаңтар. Атырау облысының Мақат ауданында жерге қатысты заңнама талаптары жиі бұзылады. Бұл туралы Атырау облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Мақат аудандық прокуратурасымен былтыр еліміздің жер заңнамаларының сақталуына қатысты 4 тексеру жүргізіліпті. Нәтижесінде 255 заң бұзушылық анықталып, наразылықтардың қаралу нәтижесімен заңсыз қабылданған 65 актінің күші жойылды. Заң бұзушылықтарды жою туралы 5 ұсыныс енгізіліп, 6 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Соның ішінде сыбайлас жемқорлықпен ұштасқан құқық бұзушылық әрекет жасаған 3 тұлға бар. Мәселен, Доссор кенті әкімінің шешімімен Ескене темір жол бекетінен тұрғын үй құрылысы үшін заңсыз жер телімі бөлінген.
Аудандық прокуратураның талап арыздары бойынша жалпы кадастрлық құны 2 289 600 теңге болатын 12 жер телімі сот шешімімен мемлекет меншігіне қайтарылды.
Жолдасбек Шөпеғұл.
Дерек: Атырау облыстық прокуратурасы.
Сурет: palata.kz.