«Аспан – қазақ, жер – қазақ, ортам – қазақ, мені қуантатын да, маған қуат беретін де осы. Ауған жерінде туып-өскен біз үшін атажұртқа оралу арман еді. Әлі де талай қандасымыздың арманы. Ал ана тілімізді, салт-дәстүрімізді сақтап қалғанымыз атамекендегі ағайынға еш қиындықсыз, кедергісіз тез сіңісіп кетуімізге ықпал етті. Мың ауғанның арасында екі қазақ кездессек, қазақша сөйлесетінбіз», дейді Тәжмұхаммед Ахметұлы.
Зерттеушілер Ауғанстандағы қазаққа тән ру-тайпалардың тарихын үш кезеңге бөліп қарайды: ХV-XVI ғасырларда ауған, сосын XIX-XX ғасырлардағы түрлі саяси оқиғаларға байланысты көшуге мәжбүр болған, кеңестік жүйенің қуғын-сүргіні, аштық пен кәмпескелеу кезінде қоныс аударғандар. Ал 1920-1930 жылдары кеткендер өзінің алдында, яғни XIX-XX ғасырда қоныс аударған қазақтарды сағалап барғаны айтылады. Еліміз тәуелсіздік алған соң атамекеніне оралған қандастарымыздың қатары қалыңдады. Оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, жағдай жасалды. Мысалы, Ауғанстаннан көшіп келгендер мемлекеттік органдардың көмегімен жұмысқа орналаса алды. Деректерге жүгінсек, зиялы қауыммен қатар, ауған елінен келгендер – дәмхана, дүкен, тігін ательесі, металл қабылдау бекеттерінің иелері арасында шағын бизнес өкілдері ретінде де кеңінен танымал. Қызмет көрсету саласында да жұмыс істейді. Түркістан облысына 2020-2024 жылдар аралығында 4 112 отбасын құрайтын 6 338 этностық қазақ қоныс аударып, оларға «қандас» мәртебесі берілген. Ауғанстаннан қоныс аударған 126 этностық қазақ облыстың 6 аудан, қалаларында өмір сүріп жатыр. Тарата айтсақ, 22-сі Сарыағаш ауданында, екеуі – Келес, 28-і Сайрам ауданында, 61-і Түркістан қаласында, 12-і Кентау қаласында тұрып жатыр.
Иә, ауған елінде туып-өскен, бүгінде Қазақстан азаматы, түрістандық Тәжмұхаммедтің аталары сонау 1932 жылы ашаршылық кезінде Ақтаудан Өзбекстан, Тәжікстан арқылы Ауғанстанға өткен екен. Құндыз қаласына тұрақтаған. «Әкеміз де, оның ұл-қыздары – біз де сол жерде өмір есігін аштық. Әулетіміз тігіншілікпен айналысқан. Қазақтың ұлттық киімі – шапан тігіп, тіршілік еттік. Ауған елінде қазақы ауылдар көп. Ақмешіт, Адай, Табын басқа да ауылдарда қазақтар көп тұратын. Сыртта жүргендіктен де болар, өте бауырмал болдық. Мың ауғанның ішінде екі қазақ кездесе қалсақ, көңіл күйімізді жасырмай қуана қауышатынбыз, қазақша сөйлесетінбіз. Салт-дәстүрді сақтадық, бөтенге қыз бермедік. Қазақ мектебі болмады, бірақ үйде үнемі қазақша сөйлескен соң тіл ұмыт болған жоқ. Яғни бала кезден үйден қазақы тәрбие алдық. Отбасында қазақ тілінде сөйлеп, өстік. Сыртқа шыққанда жергілікті тілде сөйлесетінбіз. Ата, әкелеріміз санамызға қазаққа тән қасиеттерді сіңірді, атажұртқа оралуды аңсады. Сол арман, мақсат орындалып, біз әулетімізбен Қазақстанға 2008 жылы көшіп келдік. Үлкен әпкелерім 1993 жылы келген. Әке-шешеміз осында қайтыс болды. Тоғыз ағайындымыз. Бүгінде барлығы үйлі-жайлы болып, өз отауларын тікті. Барлығы жеке кәсіпкер. Үйде әлі тоғызбыз – менің 5 ұл 2 қызым бар. Атакәсіп – мал шаруашылығымен айналысамын. Алғаш келгенімізде мемлекет тарапынан көмек, яғни отбасының әр мүшесіне мың доллардан берілді. Сол қаржыға жер сатып алдық. Өз күшімізбен үй салып, тұрмысымызды түзедік. Барлық нәрсе адамның өзіне байланысты. Еңбекқор жанға елімізде барлық жағдай жасалған. Көзін тап та, табысқа кенел. Айналам қазақ, дәрігерге барсам да, әкімдікке барсам да – қазақ. Бақыттымыз. Еліміздің өсіп-өркендеуіне хал-қадерімізше үлес қосып келеміз. Қазақ елі дамуының деңгейін Түркістан қаласына қарап-ақ бағамдауға болады. Соңғы жылдары құрылыс қарқындап, көне қала қатты өзгерді. Жаңа ғимараттар бой көтерді, халық саны өсті. Тұрғындардың жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалып жатыр. Осы қаланың тұрғыны екенімді мақтан тұтамын», дейді Тәжмұхаммед ағынан жарыла.
Атажұртқа оралған соң, өз еңбегімен, ешқандай көмексіз жер сатып алып, үй салған қандастарымыз да баршылық. Солардың бірі Түркістандағы Ынтымақ шағын ауданының тұрғыны Рухулла Назари алғашқыда қиындық болғанын жасырмайды. Ашаршылық кезінде Тәжікстан арқылы Ауған еліне өткен олар кейін Иранға көшкен. Көкөніс өсіріп, саудамен айналысқан. Рухулла Иран елінде туып-өскен. «Ақылы мектепте оқыдық. Әрине, ана тілімізді ұмытпағанымыз ата-анамыздың тәрбиесінің нәтижесі. Өзара қазақша сөйлестік. Дегенмен жастардың тілі шұбарланғаны рас. Атамекенге келгенімізде алғашқы қиындықты еңсеруге ағайындар көмектесті. Қандай қиындық болса да, уақытша екенін білеміз. Ең бастысы – өз еліміздеміз. Бейбіт өмір, татулық мәңгілік болса екен дейміз. Бейбіт елде береке мол, алаңсыз еңбек етуге, тұрмысыңды жақсартуға мүмкіндік жасалған», дейді Рухулла Назари.
Кейіпкерлеріміздің айтуынша, атажұртқа оралғысы келетін қандастарымыз әлі де аз емес. Алайда олардың көшуіне құжат басты кедергі болып отыр. Иранда да, Ауғанстанда да азаматтарының жеке төлқұжатына ұлтын жазбайды. «Ауғанстандағы жағдайды назардан тыс қалдырмаймыз. Өйткені ол жақта атамекеніне оралғысы келетін қазақ көп. Мысалы, осында нағашымның қыздары келген болатын. Азаматтыққа құжат тапсырдық. Бәрі дұрыс, бірақ Ауғанстаннан келген қағаздарда ұлтына қатысты қайшылық бар. Бірінде қазақ, екіншісінде – өзбек делінген. Екеуі де қазақ, олардың ата-анасын танимыз, шыққан тегін жақсы білеміз ғой. Екі қыз ағайынды. Енді азаматтық ала алмай отыр, елден шығарылмақ. Осы жағы реттелсе, атамекеніне оралғысы келетіндерге ешқандай кедергі болмаса екен», дейді Тәжмұхаммед Ахметұлы.
Жергілікті жұрт жат елден атажұртына көшіп келген қандастарды жатырқамаған, жақын тартқан. Олардың алғашқыда ұлттық киімдерімен, өз еліне тән стильмен жүргенін, бірақ жыл өтпей ортаға сіңісіп жергілікті жұрт сияқты тұрмысы да, киімдері де өзгергенін айтады. Яғни ортаға, біздің қоғамға тез бейімделген, сіңісіп кеткен. Бұл орайда түркістандықтар қала жанындағы Достық ауылын мысалға келтіреді. Ол жерде ауған елінен көшіп келген қазақтар тұрады. Ауылдастарының айтуынша, алғашқыда яғни 90-жылдардың басында келген олардың жүріс-тұрысы, тілдері өзгешелеу болған, қазір жергілікті тұрғыннан ажырата алмайсыз.
Түркістан облысы