• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
25 Сәуір, 2015

Ортақ отау

262 рет
көрсетілді

Жақында Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан халқы Ассамблеясының әлеуметтік консорциумы» қоғамдық қоры қазақстандық театрлардың шығармашылық мүмкіндіктеріне жол ашып, еліміздегі түрлі этнос мәдениеттерінің өзара үйлесімділігін айшықтау  мақсатында Қазақстан Ұлттар театрының құрылуына мұрындық болып отырғаны туралы хабар таратылды. Ұлттар театрының басқа театрлардан басты айырмашылығы неде, алдағы іс-жоспар­лары қандай, кейіпкерлері қай тілде сөйлейді, өнер ошағының міне осы және мұнан да басқа ерекшеліктері туралы Ұлттар театрының жетекшісі, республикалық мемлекеттік корей музыкалық комедия театрының директоры Любовь НИ әңгімелеп берді. – Любовь Августовна, Ұлт­тар театрының құрылуы өнер адамдарының шығар­ма­шылығына қандай өзгерістер алып келді? – Министріміз Арыстанбек Мұхамедиұлының Елбасының мәдениеттер жақындасуы қа­жеттігі жөніндегі ойын жүзеге асыру барысында ұсынған бұл идеясының жүзеге асы­ры­луы­ның өзі сол өзгерістердің, яғни шығармашылық адамдарының тыныс-тіршілігіндегі тың сарын­ның көрінісі болып табылады. Біріншіден, шығармашылық күш­тердің бірігіп іс-қимылға көшуі – танылмай жүрген талай талантты үлкен сахнаға алып келетін мүмкіндіктер кілті. Екіншіден, Қазақстанда тату-тәтті өмір сүріп жатқан сандаған этностардың дәл осы бүгінгі таңдағы және болашаққа үмітін баяндайтын туындылардың сахналануын өз басым үлкен құбылыс ретінде қабылдаймын. Үшіншіден, қойы­лымдарға заман лебіне ілесе алатын, халықтың қазіргі сұранысына жауап беретін танымал режиссерлер мен драматургтер, талантты тұлғалар тартылады. Біздің бұл құрып отырған театрымыз өз қыз­метін антреприза сипатында жүзеге асыратынын алға тартқа­нымызда мұны көп кісі әуелгіде онша түсінбей жатты. Антреприза деп отырған себебім, яғни мұнда белгілі бір тұрақты драмалық труппа, жекелеген сахна деген ұғымдар жоқ, ал режиссерлер, актерлер, суретшілер, т.б. мамандар түрлі театрлардан таңдалады. – Жалпы мұндай жобалар әлемдік тәжірибеде кездесе ме? – Әрине, кездеседі. Мәскеудегі белгілі театр және кино актері Евгений Миронов басқаратын Ұлттар театры туралы жұрт сырттай көп нәрсеге қанық. Ол ұжым мәдениеттер синтезі тұрғысындағы шығармаларды сахналайды. Біздің театрымыз осы тақылеттес, бағыт-бағдарымыз жағынан ұқсаспыз. – Оған ұлттық театрлардың бәрі қатыса алады дедіңіз бе? – Отандық Ұлттар театрының көркеюіне әр театр өз үлесін қосуға барынша мүдделі. «Бұл қайдан шыққан жаңалық тағы?», «Мұны көрермен қабылдай ма, қабылдамай ма?» деген тәрізді күдікке бой алдырмай, қолқа салынған өнер иелерінің ә деген­нен-ақ идеямызды қолдап әкеткені, қатысуға құштарлығы қуантты. Белгілі қаламгер, драматург Дулат Исабеков біздің театрымызға арнап «Бақыт құсы» пьесасын жазып берді. Тәуелсіздіктің символы ретіндегі біздің санамыздағы бақыт құсы, ол – самұрық десек, осы бейне көркем туындының ­басты діңгегі іспетті түйінделді. Лирикалық драмада ХХ-ХХІ ғасырлар тоғысындағы бүкіл ұлт өкілдеріне әсер еткен қоғамдық жағдайлар қамтылғанмен, ара-тұра көңіл сергітер шуақты сәттер көрерменді баурап әкетіп отырады. Пьеса кейіпкерлері – отбасылармен өзара татулығы жарасқан, бірінің жағдайына екіншісі алаңдап, қиын-қыстау кезде бір-біріне көмек қолын созуға дайын адамдар. Олар қилы-қилы кезеңнің сынынан бірге өткен, бірін-бірі биік белеске жетелеп шыққан жандар. Жалпы, достық дегеніңіз, адамның басына қиын-қыстау күн туғанда анық байқалады. Осы реттен алғанда, мұнда достық рухының туы желбіреп, жүректегі мейірімді туғызып отырады. Қасиетті қазақ даласы тағдыр тауқыметін тартқан жүздеген, мыңдаған мұңлы жандардың жарасын емдеп, ертеңгі күнге үмітін жалғастырып береді. Спектакльде Лермонтов театры­нан Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Михаил Токарев пен актер Сергей Попов, Әуезов театрының жетекші әртістерінен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Әбдінәбиева, сол сияқты Н.Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер театрынан, ұйғыр, корей және басқа да театрлардан белгілі сахна шеберлері өнер көрсетеді. Қойылымды елордалық Жастар театрының көркемдік жетекшісі, режиссер Нұрқанат Жақыпбаев сахналады. – Спектакльді жұрт қай тілде тамашалайды? – Осы мәселеге көпшілік қатты қызығушылық туғызуда. Өйткені, олай болуы заңды. Біздегі ұлттық театрлар негізінен қойылымдарды өз тілдерінде жеткізуге дағды­лан­ған. Ал мына жағдай одан мүлде бөлек. Тіл үшін әдейі ілеспе аударманы қоспай көргіміз келіп отыр. Жанры жағынан лирикалық драма болғандықтан мұндағы тағдырлар хикаясы сезіммен ойналады. Қазақстанда тұрып жатқан көп этностар бояуы өзгеріссіз, шын мәнінде толық жетуі үшін олардың тілдерін сахнаға алып шығу бір жағы біз үшін үлкен жаңалық болса, екінші жағынан тілге деген құрметпен халықтың бір-біріне деген достық қарым-қатынасы нығая түседі, түсіністік түбі бекиді. Бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатқан адамдардың мұң-мұқтажы мен қуанышы ортақ болғандықтан тіл дегеніміз олардың арасындағы жалғастырушы көпір сияқты қызмет ететіні сөзсіз. Сондықтан мұнда қазақты өзінің ана тілінде, орысты орысша, немісті неміс тілінде сөйлетіп отырмыз. – Түрлі тілдерде сөйлеу спек­такльдің көркемдік деңгейіне нұқсан тигізіп жүрмей ме? – Нақ осы қыры арқылы ол басқа театрлардың жағдайын қайталамайды. Әрине, халықтар достығы туралы әңгіме баяғыдан қозғалып келе жатыр. Бірақ театр өнерінде бүгін мұндай сипаттағы мәдениет ошақтары өте-мөте қажет екенін түсінемін. Оның өнер ұжымдары арасынан алатын орны бөлек. Басқа театрлар бір ғана, ал бұл театр екі есе артық міндет арқалайды. Біріншісі, халықтың рухани талап-тілегін қанағаттандыру, екіншісі, ел мен елдің, халық пен халықтың бірлігіне, ынтымақты тірлігіне қызмет ету. Мысалы, мына спектакльде бір оқиға менің өзіме қатты әсер етті. Қазақ өзінің орыс танысына келеді. Екеуара әңгіме-дүкен құрады. Олар бірде қазақша сөйлесе, енді бір тұста ойлары орыс тілінде өрбіп отырады. Сәлден кейін оларға корей келіп қосылады. Осымен үшінші тіл араласып кетеді. Енді неміс диаспорасының өкілі келіп бас қосқанда төртінші тілге төрден орын тиеді. Неге мұндай тәсілді қолданып отырсыздар деген сұрақ тууы мүмкін. Ол аударма жоқтықтан емес. Тілдің өзіндік әсем әуезін, сазды ырғағын жеткізу мақсатында жобаны қолдап отырмыз. Мәселен, қазақтың күнделікті тұрмыста қолданылып жүрген ауызекі тілін түсінетін орыстар өте көп. Сол себепті, Ұлттар театрының көп тілділігі көрерменге қиындық туғызады деп ойламаймын. Әр тіл – түрлі тағдыр. Осы тағдырларды, бастан кешкен тарихымызды әлі біз көркем туындылар арқылы толыққанды баяндап бердік деп айта алмаймыз. Кейінгі өсіп келе жатқан жас толқын бұдан бейхабар. Осылар өткенге деген құрметті өшіреді, кешегі тарихтың ащы сабақтарынан тағылым алудан бас тартқан жерде сөзсіз қатыгездік, мейірімсіздік жайлайды?! – Любовь Августовна, сіздің ойыңызша Ұлттар театры жас­тар үшін рухани азық алатын және ата-бабаларының кешегі тарихын танып-білетін бірден-бір мектеп дегіңіз келіп отыр ма? – Тілін, дінін, ділін аңсаған жандарға әлі талай құнды туындыларын ұсынатын театрдың түбі үлкен ошаққа айналарына өз басым еш шүбә келтірмеймін. Жастар ғана бас сұғып қоймай, бұл игіліктен үлкен-кіші бірдей көп дүние табарына сенемін. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда этносаралық және дінаралық келісімнің бірегей үлгісі қалыптасып, әр этнос өкілі өз ерекшеліктерін, тілі мен мәдениетін сақтай отырып, азаматтық құқықтары мен еркіндіктерін толығымен пайдалана алатын ортақ мәдени кеңістік құрылғаны мәлім. Қазақстан халқы Ассамблеясы мәдениетаралық және этносаралық үнқатысудың тетігіне айналды, әсіресе, мәдениет орталықтары, өнер ұжымдары, жекелеген тұлғалар ой бөлісетін, мақсат-мүдделерін ортаға салатын ортақ үйіміз ретінде біз оны өте құрмет тұтамыз. – Сахналық туынды үшін ең алдымен не нәрсе маңызды деп ойлайсыз? – Шынайылық керек деп айтар едім. Шын жүректен езіліп, елжіреп жазылмаған шығарма қабылданбайды. Сондықтан Ұлттар театры сахнасында жанды, шын өмірді бейнелейтін, талас тудырмас тарихты баяндайтын дүниелер ұсынылмақ. Мына қойылымда өн бойыңды шымырлатып әкетер драмалық бір эпизод бар. Баласы тарихи отанына оралады, ал әкесі қазақ топырағында қалады. Өйткені, ол бұл жерді сүйеді. Ал мұндай тағдырлар өте көп. Кезін­де жаппай дүрмекпен жабыла көшіп, кейін олардың арасынан Қазақстанға қайта оралған азаматтарды көргенбіз. Қолдан, қиялдан туған әңгіме емес. «Бақыт құсы» спектаклінің оқиғасы көңілге үміт отын жағып, өте сәтті аяқталады. Мың жылда бір рет ұшып келетін Самұрық халыққа бақыт алып келетін құс десек, сол идея ортақ шаңырақтың астына бәрімізді ұйыстырып, бір мүддеге, бір мақ­сатқа жұмылуымызға үндейді. Медбике Бәтима, мүсінші Бектұр, бизнесмен Чен Гу Пак, Карл мен Анна Нейман бейнелері арқылы бүгінгі қоғамның кейіпкерлері жанына жақындай түсеміз. Қазіргі ең басты құндылық осы емес пе? Әңгімелескен Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».