• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Қаңтар, 2015

ПАРЛАМЕНТ

263 рет
көрсетілді

"Егемен Қазақстанның" арнаулы беті

«Нұрлы Жол» – тұрақты дамуға алғышарт жасайтын бағдарлама

Әлемдік экономиканың тұрақ­сыздығы және қазіргі жағдайдың ушыға түсуі ел экономикасын одан әрі дамыту үшін алдын ала шаралар қабылдауды талап етіп отыр. Мемлекет басшысы өзінің тарихи маңызы терең халыққа арнаған «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында алдымызға ауқымды міндеттер қойып, нақты мерзімін белгілеп берді және «ырғалуға уақыт жоқ» дегенді де кесіп айтты. Сондықтан да «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан экономикасы дамуы­ның іргелі құралы бола отырып, сонымен бірге, экономиканың өсімін де ынталандыратын тұғыр болуы тиіс. Бұл ретте, Ұлттық қорда жинақталған резервіміз ел эконо­микасының әрі қарай тұрақты дамуына негіз қалайтын болады. Еліміз экономикасының діңгегі қызметін атқаруы тиіс болып табылатын бизнесті жеңілдетілген несиемен қолдау өте орынды болатыны тағы сөзсіз. Проблемалық кредиттер қорын қосымша капиталдандыру үшін қаржы бөлу – Қазақстанның кредиттік рейтингіне оң ықпал етіп, инвестициялық климатын жақсартады және банк секторының бәсекелестігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жұмыспен қамту мәселесін шешіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сонымен бірге, инвестициялық белсенділікті арттыруға өзіндік ықпалын тигізетін болады. Президент тарихи құжатта қазіргі заманғы қауіптерге нақты жауап беріп, әлемдік экономи­калық және қаржылық рынок­тардағы орын алып отырған жаһандық проблемаларға қара­май, еліміздің әлеуметтік-экономи­калық дамуын қамтамасыз етуді тапсырды. Ал бұл тапсырманы бүкіл еліміз болып орындау ертеңімізге сеніммен қарауға мүмкіндік беретіні күмәнсіз. Әрі бүгінгі әлемдегі күрделі жағдайлар ел халқынан осы үдеден шығуды талап етеді. Ольга ПЕРЕПЕЧИНА, Сенат депутаты.

Асықсақ та, аптықпайық

«Ақ жол» балалар автокреслолары туралы норманы қайта қарауды талап етеді – Мә­жілістің соңғы өткен пленарлық отырысы барысында Премьер-Министр К.Мәсімов­­тің атына тиісті депутаттық сауалды М.Қазбекова жариялады. Онда былай делінеді: «Құрметті Кәрім Қажым­қанұлы! «Жол қозғалысы туралы» Заңдағы соңғы өзгерістерге, сондай-ақ, Қазақстан Респуб­ликасындағы Жол қозғалысының жаңа ережелеріне сәйкес, 12 жасқа дейінгі балаларды арнайы ұстап қалатын құрылғы немесе балаларды түймелейтін қауіпсіздік белбеуінсіз тасымалдауға ты­йым салатын норма күшіне енгені белгілі. Осы норманы қабылдау қажеттігінің басты дәлелі балаларды автокөліктермен тасымалдау кезіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Бұқаралық ақпарат құралдары келтірген деректерге сүйенсек, 2014 жылы Қазақстанда кәмелеттік жасқа толмағандардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары ­салдарынан 89 бала қаза тауып, 1704-і­ әртүрлі деңгейлі ауырлық­та зақымданған. 2015 жылғы қаңтар айының 7-сі күні жол ­апаты салдарынан 6 бала қаза тапса, 17-сі жарақат алған. Іс жүзінде осындай оқи­ға­лардың балалар автокресло­ларын орнату талаптарын қоюға алып келгені анық және ол үлкен қоғамдық резонанс туғы­зып отыр. Ол негізсіз де емес, әрине. Бүгінгі таңда, КазТАГ-тың хабарлауы бойынша, республикамызда 4,5 млн. автокөлік тіркелген. Егер де, әрбір төртінші автоәуесқойдың 12 жасқа дейінгі баласы бар деп болжасақ, онда сатуда бір мезетте 1 млн. автокреслоға дейін болуы тиіс. Бұл мүмкін емес қой! Ал егер де бір отбасында үш не одан да көп бала болса ше? Олар үшін бір жолғы шығын­дану тым қымбатқа соғады. Бұған қоса шағын немесе үнемді автокөліктерге бірден бірнеше кресло орнату да мүмкін емес, сыймайды. Ақыр соңында нарықта үлкен дүрбелең шықты, себебі, автокреслоларға алыпсатарлық баға қалыптасты. Осылайша, заң мен ереже талаптарын дереу орындау мүмкін болмай отыр және де жемқорлық құқық бұзушылықтың көбеюіне алғышарттар жасалуда. Өйткені, балалары бар азаматтарды тасымалдаудан такси және жолай жүретін бағыттас автокөліктер бас тартуда, не бірқатар жағдайларда таксилер парктері жүру құнына балалар креслоларын орнатқаны үшін 200-300 теңге қосымшаны кіргізе бастады. Аталған норма, әсіресе, ауыл тұрғындары үшін ерекше проблема тудырып отыр, себебі, олардың кез келген кезде жолай жүретін бағыттас автокөліктерді пайдаланып келгені жасырын емес. Бала жасын шектеу бойынша да мәселе баршылық. Мысалға, Бельгия мен Данияда балаларды ұстап қалатын құрылғыларды тек 3 жасқа дейінгі балалар, ал Жапонияда 6 жасқа дейінгі балалар ғана міндетті түрде ­пай­далануы тиіс. Финляндияда балаларға 3 жастан 12 жасқа дейін автокресло қолдану ұсы­нылған, бірақ ол міндетті болып табылмайды. Заң жобасын талқылау барысында «Ақ жол» фракциясы­ның депутаттары еуропалық тәжіри­бенің негізінде балаларға автокреслоларды 7 жасқа дейін (12 жасқа дейін емес) қолдануды үзілді-кесілді талап етті, бірақ, ақыр соңында ІІМ атынан заң жобасын әзірлеушінің көзқарасы басым түсті. Құрметті Кәрім Қажымқан­ұлы, жоғарыда айтылғандарды қарас­тыра отырып, «Ақ жол» КДП де­путаттық фракциясы мына мәселені қарауды өтінеді: Біріншіден, жоғарыда айтыл­ған нормаларды және автокө­ліктерді балалар креслоларымен жабдықтауды іске асыру үшін 12 айға өтпелі кезең белгілеу қажет. Мысалы, 2006 жылы Ресейде осындай норманы күшіне енгізу бір жылға дейін кейінге қалдырылды. Екіншіден, 6 жасқа дейінгі балаларды автокреслолармен қамтамасыз етуді міндеттеп, белгіленген мерзім ішінде осы заңның нормаларын қайта қарау, ал 6-12 жасқа дейінгі балаларға осы норманы ұсынбалы етіп жасау керек».

Тас жолды жөндеуге көмек керек

Атырау – тарихы терең, шежіресі – бай, талай ұлылар кіндік кескен киелі өңір. Жылыой ауданында Ақмешіт дейтін қасиетті мекен орын тепкен. Киелі Ақмешіт жерінде ХІХ ғасырдың бас кезінде, Жем өзенінің оңтүстік бетінде, биік төбенің басында орналасқан Бекет ата салған жер асты мешіті бар. Бұл – Бекет атаның кіндік қаны тамған қасиетті жер. Атасы Жаналы, әкесі Мырзағұл мен анасы Жәния, ұлы Тоғай мәңгілік тыныстаған мекен бұл. Ақмешіт – өткен ғасырдың әсем өрнегіндей және бүгінгі мешіттердің де көріктісінің бірі. Осы киелі жерге сыйынып, бабаның басына түнеп, оның рухы желеп-жебей жүрсін деген сеніммен еліміздің түкпір-түкпірінен, одан қалса, көршілес Ресей жері мен өзге де шетелдерден жылына сан мыңдаған халық тәу етуге барады. Өкінішке қарай, қанша жұрт бабаның басына жету үшін жол азабын тартып келеді. Өйткені, бабаның басына барар жолды, тіпті, жоқ деуге болады. Ұлт болып ұйығанымыздың белгісі ретінде, арғы-бергі тарихымыздың ірі тұлғаларына баға берудің нақты тарихи мүмкіндіктері ашылған тұста, біз барымызды бағалай білуді үйрену үшін осындай озып туған ардақтыларымызды, рухани көсемдерімізді есімізден тыс қалдырмауымыз керек. Қазіргі таңда егеменді еліміздің киелі жерлері мен ұлтжанды бабаларымыздың тарихын өскелең ұрпаққа жет­кізудің маңызы зор. Осы орайда, Құлсары – Ақкиізтоғай аралығындағы 34 шақырым тасжолды жөндеуден өткізіп, Ақкиізтоғай – Ақмешіт ара­лығындағы 31 шақырым қазба жолдың /грейдер/ орнына тас жол салуға, сөйтіп, бабалардың басына бару­шылардың ке­дергісіз жетуіне жағдай жасау үшін Үкімет тарапынан көмек керек. Еркін ШПАНОВ, Мәжіліс депутаты.

Қажеттілік туындатқан құжат

Мәжілістің Экология мәселе­лері және табиғат пайдалану коми­тетінің төрағасы Алек­сандр Милютиннің жетекші­лігінде «Атом энергиясын пай­да­­лану туралы» заң жобасы жаңа редак­циясының таныс­ты­рылымы болды. Онда Энер­гетика министрінің орынбасары Бақытжан Жақсалиев баяндама жасады, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Ел Үкіметінің 2014 жылғы заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес (Үкіметтің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы №1547 қаулысымен Энергетика министрлігі: «Атом энергиясын пайдалану туралы» (жаңа редак­циясы) және «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңна­малық актілеріне атом энергиясын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдардың жобаларын әзірледі, деді министрдің орынбасары өзінің сөзінде. Содан кейін ол заң жобасын әзірлеу негізі туралы баяндады. Оның сөзіне қарағанда «Атом энергиясын пайдалану туралы» қолданыстағы заң 15 жылдан астам уақыт бұрын білім мен тәжірибенің деңгейі, атом өнеркәсібінің жай-күйі және республикада сол кезде болған ядролық технологияларды қолдану негізінде әзірленген және қабылданған. Өткен мерзім ішінде республика атом саласындағы бірнеше халықаралық конвенцияларға қосылып, елдің заңнамасында бірқатар өзгерістер жинақталған, сондай-ақ, атом энергиясын пайдалану кезінде қауіпсіздікті реттеудегі кемшіліктер мен кемістіктер анықталған. Сондықтан қолданыстағы заңның жаңа редакциясын қа­былдау қажеттігі туындапты. Енді жаңа жобада: атом энергия­сын бейбіт пайдалану кезінде және атом энергетикасын дамыту жағдайларында қауіпсіздікті тиісті дәрежеде қамтамасыз ету және халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаны тиімді қорғау; ядролық қызметтің қауіпсіздігі бойынша құжатты халықаралық талаптармен үйлестіру қарастырылып отыр екен. Ал қабылданатын заң жоба­ларының қолданысын қамтамасыз ету үшін республикалық және жергілікті бюджеттерден шы­ғыстар талап етілмейтін көрінеді. Заң жобаларын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарларға апарып соқпайды екен. Енді аталған заң жобасы депутат Шавқат Өтемісов жетекшілік ететін жұмыс тобында қаралатын болады.

Шалажансар реформалар 

немесе Қазақстанға қазір 12 жылдық емес, 11 жылдық білім беру жүйесі тиімді

Еліміз тәуелсіздік алған кезең­дерден бастап білім беру жүйесін жетілдіру мен білімді де білікті ұрпақ тәрбиелеу мәселесіне айрықша көңіл бөлініп келе жатыр. Елбасымыздың тәуел­сіздігіміздің алғашқы жылдарының экономикалық қиындықтарына қарамастан, еліміздегі мектептерді жаппай компьютерлендіруге көшіруге бастамашы болуы, дарынды жастардың «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелдердің білікті оқу орындарынан білім алуларына жағдай жасауы, Қазақстанда 100 мектеп салу сияқ­ты бағдарламалары және де жыл сайын білім саласына мол қаржы бөлініп тұруы қазақстандық білім жүйесінің дамуына ықпал етті. Соның бір айғағындай, соңғы 23 жылда елімізде 1150 орта мектеп жаңадан салынғандығын атар едік. Мұнша мектепті бұрынғы Кеңестер Одағының құрамында болған басқа бірде-бір мемлекет салмаған екен. Қазақстанның білім беру жү­йесі – үздіксіз реформаланып, түрлі эксприменттер көп жүргізі­ліп келе жатқан салалардың бірі. Күні бүгінге дейін жүргізілген толас­сыз реформалар отандық білім беру­дің сапасын жаңа деңгейге көте­ре алды ма? Барлық мектептеріміз­ді кезінде біздің ұрпақтың түсіне де кірмеген компьютерлер мен интерактивті тақталармен жабдық­­тағанымызбен, ұрпақ­тарымыздың білім деңгейлері өсті ме? Бізді мазалаған осы бір сауалдарымыз негізсіз де емес секілді. Өйткені, БҰҰ-ның жоғары білікті мамандары мен сарапшылары жариялаған «Жаһандық баяндамасында» балаларды орта біліммен қамту бойынша Қазақстан әлем­дегі 142 мемлекеттің арасында 18-ші орынды иемденгенімен, ал бі­лімнің сапалық көрсеткіші бо­йынша біз 144 мемлекеттің арасында 101-ші орында тұр екенбіз. Бұл – өте төмен көрсеткіштердің бірі. Сондай-ақ, өз еліміздің тәуел­сіз сарапшылары жүргізген сауалдамалар дерегіне сүйенсек, орта мектеп оқушыларының 70%-ы «мек­тепте алған білімдерінің» өмір­де қа­жетсіз екендігін айтқан. Бұл да ойлан­дыратын жағдай болса керек. Сөз жоқ, Қазақстанның қазіргі білім беру жүйесі әлі де болса шешілмеген түйткілді де өзекті мәселелері көп, ең күрделі салалардың бірі болып қалып отыр. Соған қарамастан, соңғы жылдары министрлік Қазақстанның орта білім беру саласын 12 жылдық білім беру стандартына көшіру мәселесін жиі көтеріп келеді. 12 жылдық білім беру стандартына көшеміз деп қаншалықты талаптанғандарымен, біріншіден, 12 жылдық білім беру жүйесінің толыққанды бірде-бір нормативтік құжаты әлі дайын емес. Екіншіден, еліміздегі апаттық жағдайда тұрған және үш ауысымда жұмыс істейтін мектеп­терді жоя алмай жатып, 12 жыл­дық білім беруге көшу әзірге көңіл­ге қона да бермейді. Үшінші­ден, еліміздегі қазіргі 11 жылдық мектептерді оқулықтармен толық қамтамасыз ете алмай жат­қанымызда, 12 жылдық мек­тептерді оқулықтармен қалай қамтамасыз ете аламыз? Бұл да ойланатын мәселе болса керек. Төртіншіден, 12 жылдық мектептердің 11-12-ші бейімділік сыныптарында білікті магистрлер білім берулері керек. Ал, олар бізде бар ма? Мектептерімізді қажетті магистр мамандарымен қазіргі таңда қамтамасыз ету мүмкін де емес. Бесіншіден, елімізде соңғы екі жылдан бері қыруар қаржы бөлініп, осы 12 жылдық стандарт бойынша тәжірибе жүргізіліп жатқан елуден астам мектеп оқушыларының тағдыры қалай болмақшы? Осы тәжірибе мектептерінің оқушыларына қандай аттестат, 11 жылдықтың ба, жоқ әлде 12 жылдық білім аттестаттары беріле ме? Біздің осы пайымдауларымыз қазіргі уақытта елімізде білім беру сапасын арттыруға ықпал ететін тиімді әрі бүгінгі күннің өскелең талаптарына сай келетін білім беру бағдарламасының жоқ болуына байланысты салаға бөлініп жатқан қыруар қаржы бекерден-бекер, еш пайдасы жоқ оқыту ісіне жұмсалып жатқан жоқ па деген ойға да жетелейді. Әлем бойынша қалыптасып отырған қазіргі экономикалық күрделі жағдайды және ел бюджеті қаржысының бұрнағы жылдармен салыстырғанда біршама қысқаруына байланысты Қазақстандағы қазіргі 11 жылдық білім беру стандартының ішкі мазмұнын әлемдік орта білім беру жүйесіне сәйкестендіру арқылы қаржыны көп талап ететін 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуді тоқтатқанды жөн деп санаймыз. Орта білім берудің 11 жылдық қазіргі жүйесі мемлекет үшін де, орта білім алушылар үшін де ең тиімді жолы болып қалаты­ны анық. Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, Сенат депутаты.

Қадір тұтайық, құрметтейік

2015 жылғы 9 мамырды Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл толады. Бұл – Қазақстанда жоғары деңгейде аталып өтетін айтулы даталардың бірі. Соғыс жылдарында аға ұрпақ майданда да, тылда да ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев Жеңістің 70 жылдығын жоғары деңгейде атап өте отырып, өмірден өткен, арамызда жүрген майдангерлерге лайықты құрмет көрсетілуі керек екендігін айтты. Ұрыс даласында жанкешті ерлік көрсеткен батырларға тарихтан лайықты орын беру де, олардың қаһармандығын дәріптеу де маңызды. Осындай батыр бабалардың бірі де бірегейі Кеңес Одағының Батыры, генерал Сабыр Омар­ханұлы Рақымов. Ол 1902 жылдың 25 қаңтарында қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында туған. Ұлты – қазақ. 1917 жылдан бастап Ташкент қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленіп, 1925 жылы Бакудегі біріккен әскери мектепті бітірген. Сабыр Рақымов – Орталық Азия мен Қазақстан әскерилері­нің ішінен шыққан, 1941-1945 жылдары үш бірдей атқыштар дивизиясын (оның екеуі гвардиялық) басқарған санаулы әскери басшылардың бірі. Майдандағы көрсеткен ерліктері үшін төрт рет Қызыл Ту орденімен, жоғары деңгейдегі әскери басшыларға берілетін ІІ дәрежелі Суворов, ІІ дәрежелі Кутузов ордендерімен, «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Соғыс басталғалы қан май­данның ортасында жүрген генерал С.Рақымов 1945 жылдың 26 наурызында қаһармандықпен қаза тапты. Көрсеткен ерлігі үшін оған 1965 жылы Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. С.Рақымов – қазақ пен өзбек халқына ортақ батыр. Оңтүстік Қазақстан облысында батырдың 110 жылдығы атап өтіліп, Шымкент қаласында ескерткіші қойылды, ғылыми конференция ұйымдастырылды, Қазығұрт ауданындағы Көкібел ауылдық округіне С.Рақымовтың аты берілді. Біздің ойымызша, С.Рақы­мовтың ерлігін, отансүйгішті­гін дәріптеу, оның атын мәңгілік тарихта қалдыру шаралары Қа­зақстанның барлық өңірлерінде жүргізілуі керек. Кейде, жеңіс туралы мың рет айтқаннан гөрі, бір батырдың ерлігін үлгі ете отырып мыңдаған жасты отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеуге болады. Сондықтан Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарына Кеңес Одағының Батыры, генерал С.Рақымов­тың өмір жолын, қаһарманды­ғын зерттеп, лайықты құрмет көрсету шараларын қосуды; С.Рақымовтың өмірі мен ерлігі, әскери қолбасшылығы туралы деректі, мүмкін болса, көркем фильм түсіруді; Астана, Алматы қалаларында ескерткіш орнатуды; Астана, Алматы қалаларында лайықты көшелердің біріне, әскери бөлімдер мен әлеуметтік мекемелерге С.Рақымовтың атын беруді ұсынамыз. Бұл шаралар – 2015 жылдың соңына дейін жалғасатын Жеңістің 70 жылдығына арналған және батырдың рухына бағышталған, жастардың рухани дәрежесін көтеретін айтулы шаралардың бірі болатыны даусыз. Әли БЕКТАЕВ, Сенат депутаты.

Фотокүнделік

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.