Бір-біріне мүлде ұқсамайтын екі музыкалық жүйені, екі түрлі музыка тілін – Еуропаның операсы мен қазақтың дәстүрлі музыкалық мәдениетін біріктіріп, ұлттық классикалық туынды жазу және оны сахналау әсте оңай емес.
Арман қанатында
Ол Ахмет Жұбановтың заманында қандай қиын болса, таңғажайып тылсым сырына бойлата қоймайтын кірпияз әлем кейінгілердің де кең көсіліп, еркін құлаштауына оңайлықпен ерік бермей келеді. Классикалық өнердің кез келген саласы бір таланттың өзін сарылтып, сағынтып, ұзақ толғатып барып дүниеге әкеледі. Ұлттық классикалық өнердің өрістеуіне қызмет еткен Е.Брусиловский мен А.Жұбанов, Л.Хамиди мен С.Мұхамеджанов, М.Төлебаев пен Е.Рахмадиевтерден кейінгі буындағы композиторлар қатары да жаңа, жас таланттармен баяу әрі сирек толығады. Ал Ж.Шанин мен Қ.Жандарбековтің заманынан бері қарай опера мен балетті сахналайтын режиссерлердің есімін тарамыс қолдың саусағын екі қайтара бүгіп-ақ түгендеп шығуға болады. Дирижерлік өнердің жалына дарындылар ғана қол арта алады, сол секілді музыкалық қойылымдардың режиссері де дәл солай дара дайындалып келеді. Аз болса да, саз дайындалғаны, бәлкім дұрыс та болар. Себебі классикалық өнер ордасы кез келген кемталант, кездейсоқ адамдардың қарабайыр дүниесімен былғанбауы керек. Ұлы өнердің сүрлеуінде қаршадайынан музыкалық білім алып, арнаулы оқу орындарын кезең-кезеңімен тәмамдап, шығармашылық ізденіс жолындағы барлық қиындықты еңсеріп, талмай еңбектеніп келе жатқан жас талант Диана Әкімбаеваның ұлттық опера мен балет өнерін дамыту қызметіне орасан зор дайындықпен келген хикаясы естіген адамды таңырқатпай қоймайды.
Диана Әкімбаева – Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияны, Санкт-Петербургтегі Н.А.Римский-Корсаков атындағы мемлекеттік консерваториясының музыкалық театр режиссурасы кафедрасын қызыл дипломмен тәмамдаған. Бүгінде Абай атындағы ұлттық опера және балет театрының режиссері, сондай-ақ өзі түлеп ұшқан консерваторияның оқытушысы. Өнертану ғылымының магистрі.
Табиғатына қайсарлық тән Диананың осы оқу орындарынан тірнектеп жинаған білімін жанкешті ерлікке балап, салыстыруға болады. Тіпті өзінен кейінгі биікке ұмтылған кез келген жасты демеп жіберуге пайдасы бар мотивациялық дайын құрал дерсіз. Әсіресе, Әкімбайдың ұрпағының әулие Петр қаласындағы биік оқуды бағындыруы өз алдына бөлек әңгіме. Анасы Қостанайдағы пәтерін сатып, Алматыдан алған жалғыз бөлмелі пәтерге жарқыратып жөндеу жүргізіп, бір-ақ күн түнеп, қызығын көрместен, білімнің ең биігіне көзін қадаған қызының сағын сындырмай, сатып, ақшасын қалтасына салып бергенін елжіремей тыңдау мүмкін емес. Анасының ақ батасы мен ерінің қолдауына қанаттанған Диана жасқа толмаған, емізулі баласын тастап, Петербургке білім іздеп шығады.
Ол өзін маман ретінде дамытып, шығармашылық қабілетін игеру жолында қандай қиындықтан да шегініп көрген емес. Бар ындын-ықыласы – музыкалық театр режиссері болу еді, неге екені белгісіз, ызыңы үзілмеген ішкі дауысы Ресейге шақырды да тұрды. Қазақстаннан қолдау таба алмағанына қамығып, үмітін үкілеп отырып Ресейдің Мәдениет министрлігіне хат та жазды. Ондағы министрлік: «сіздің хатыңыз біздің жүрегімізден емес, сүйегімізден өтті» деп, үш күн ішінде жауап қатып, бірақ тегін оқыта алмайтынын, ең тиімді жолы «Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени байланыстың мықты екенін, квота қарастырылғанын» айтып, жол сілтейді. Тиісті мәдениет мекемелеріне хаттың үстіне хат жазып жүріп, мемлекетаралық квотаның ашылғанын сарыла күтіп, жартылай ақылы оқып, жартылай грантқа түсіп, мақсатқа қолжеткізудің барлық азабын бір адамдай басынан өткереді.
Д.Әкімбаева алдымен Челябинск мемлекеттік консерваториясына оқуға қабылданады. Бірақ бар зейінін режиссер кәсібін игеруге бағыттап алған Диана діттегеніндей терең білімді бұл оқу орнынан таба алмады, Алматы консерваториясында меңгерген бағдарламаны қайталап оқуға зауқы соқпады. Әлемдік классикалық өнерді жасаған ұлылардың ізі қалған әлемдік маңызы зор орталыққа ұмтылды да тұрды. Алайда колледжді қызыл дипломмен, консерваторияны қызыл дипломмен тәмамдаған Дианаға мұның барлығы кедергісін жасамаса, еш көмегін бере алмады, себебі екінші мамандық алу қайда болса да, ақылы еді. Ресей қалалары мен Қазақстанның арасында қақпақылға түскен футбол добы секілді ары-бері сарсаңға түсіп, Алматы мен Петербургтің арасындағы аспанды сан мәрте тіліп өтіп, көп күні сергелдеңмен өтсе де, арманымен жүздесуге жақындағанын жүрегімен сезді. Демеушілер іздеуден шаршамай, Мәдениет министрлігінен жәрдем беруін өтінген хаттары нәтижесіз қалмай, табандылығының арқасында Н.А.Римский-Корсаков атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік консерваториясына оқуға қабылданып, еңбекқорлығының арқасында музыкалық қойылым режиссері мамандығының қыр-сырына бойлай бастайды.
«Жамбыл жырау»
Әлқисса, үш жыл бұрын Абай атындағы опера және балет театрында жыл бойы тойланған Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы «Жамбыл жырау» операсымен түйінделеді. Петербург консерваториясының 5-курсын тәмамдауға жақындап, дипломдық жұмысына «Царская невеста» деген орыс операсын қоюға дайындалып жүрген Диана Әкімбаева Абай атындағы опера және балет театрының сахнасында «Жамбыл жырау» операсын қоюға шақырылады. Алдында мемлекеттік емтиханның тұрғанын айтып бас тартпақ болған еді, театр директоры Тайыр Қаратаевтың: «Сен қоймағанда кім қояды?» деген сөзі қанаттандырғандай болып, келісуіне тура келді. Көктен іздегені жерден табылған Диананың сенімді ақтағаннан басқа амалы да жоқ еді. Опера басталар алдында театрдың залынан «либреттосын жазған Дархан Қыдырәлі, Ақеділ Тойшанұлы, композитор Әлқуат Қазақбаев, режиссер Диана Әкімбаева» деп хабарланғанда, бұл есімдердің бәрі де тыңдаушысына тым тосын естілді. Бүгінде Батыс классикасының көлеңкесінде жоқ болуға айналып, жұрнағы ғана қалған ұлттық операмызда әр кезеңде ғашықтар туралы, батырлар туралы спектакльдер көп қойылғанымен, берідегі белгілі тұлғалар, оның ішінде ақын туралы жазылған алғашқы опера осы «Жамбыл жырау» операсы еді. Идеяның сонылығы өз алдына, шығарма да жаңа көзқараспен қойылды. Осы уақытқа дейін Жамбылды ақын деп, абыз деп әспеттеуімізбен бірге, қолына кеңестің қызыл туын ұстатып, пролетар жасап, орынсыз қиянатқа шалған жеріміз көп. Осы операда Жамбыл қиянаттан аршылып, ұлттың рухы болып жүзі жарқырады. Жаңа шығарма арқылы Жамбыл тұңғыш рет түркілік деңгейдегі ірі тұлға, әлемдік деңгейдегі өзгеше құбылыс болып танылды. Халықтан ажырамаған, қазақ-қырғызбен тең жүріп, қарайғанның бәрін «қандасым, бауырым, туысым» деп таныған тарихи сом тұлғаны саясаттың ішінен суырып алып, ақ жүзін айдай әлемге ақтап шығарған Диананың шеберлігі болатын. Петербург секілді парасат пен мәдениет ордасынан білімін шыңдап келген жас сахна маманы мен соғыс өрті тұтанған қиын жылдарда «Ленинградтық өреніне» дем берген адамзаттық деңгейдегі Жамбыл ақынның рухы, ойы бір нүктеде тоғысты. «Жамбыл ақын кеңестің қолшоқпары емес, Төныкөк, Кетбұға, Қорқыт, Сыпыра жыраулармен қатар тұратын ұлы тұлға. Заңды ізбасары. Рухани мұрагері» деген идеяны жас режиссер көрерменге қорықпай шынайы әрі толыққанды жеткізді.
Диана өзі білім алып жатқан Санкт-Петербург мемлекеттік консерваториясының өкілі ретінде ұстазы Юрий Лаптевті операға арнайы шақырған болатын. Ю.Лаптев – Ресей Федерациясының халық әртісі, профессор, музыкалық театр режиссурасы кафедрасының меңгерушісі. Шәкіртіне қолдау көрсетуге Алматыға күн ілгеріден келіп, операның дайындығына қатысып, ішінара ескертуін жасап, кеңесін беріп, премьераны тамашалайды. Ленинградта туып-өскен Лаптев үшін Жамбылдың орны ерекше, Петербургте Ж.Жабаев атындағы көше бар, ескерткіші де бой көтерген, «Ленинградтық өренім, мақтанышым сен едің...» деген өлеңін жатқа оқып өскен ол, қазақ халқының біртуар ұлының рухына бас ие отырып, тарихи ауқымды тұлғаны кәсіби биік деңгейде сахналаған шәкіртіне көңілі толып, Диана туралы мақала да жазады. Сөйтіп, Н.А.Римский-Корсаков атындағы консерваторияны да музыкалық театр режиссері мамандығы бойынша қызыл дипломмен тәмамдаған Диана жүзі бал-бұл жанып, тау қопаратындай күшпен туған жерге оралады.....
«Сәкен» операсы
Биыл ақпан айында Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның А.Жұбанов атындағы концерт залында консерваторияның 80 жылдық мерейтойы аясында Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толуына орай «Сәкен» операсы сахналанды. Драматург Қанат Жүнісовтің либреттосына жазылған композитор Әліби Әбдінұровтың жаңа туындысын режиссер Диана Әкімбаева концертмейстер Гүлнар Жидилованың көмегімен жарыққа шығарды. Қоюшы дирижер Қуаныш Исмаилов қолын созды. Алаш тақырыбы драма театрларында тәуір көрініс тауып келеді, ал классикалық өнердің тарихында қуғын-сүргін жылдардың қасіреті алғаш рет көрініс тапты. Бұл тақырып әлі де болса табу. «Сәкен» операсы – тек Сәкеннің емес, 30-жылдардағы күллі құрбандардың, Алаш арыстарының типтік бейнесі. Ауқымды опера қоюға миллиондаған қаржы керек, ал Диана консерваторияның «Вокалдық өнер» кафедрасының және П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің «Ән салу» бөлімінің студенттерімен-ақ операны аз күнде әзірлеп шығарды.
Хош. Қызылдар мен ақтардың шайқасы, аштық, қазақ еліне Мирзоянның келуі, пейілі жомарт қазақтың «Мырзажан» деп төбесіне көтеріп қарсы алғаны. ...Сахнаның ортасында үлкен картина ілінген. Картинаның бергі жағында Мирзоян Сәкенді шақырып алып, жайбарақат тергеп отыр, ал арғы жағында үкімет басшысының отбасы ойрандалып, әйелі АЛЖИР-ге кетіп барады. Мына тұста Қазақстанның Мәскеудегі мәдени онкүндігі табысты өтіп жатыр, Мұхтар, Күләш, Шара, Дина бастаған Қазақстанның бар жақсы-жайсаңы қызыл империя астанасын өнерімен дүбірлетіп жатыр, халықтың бар назары Мәскеуге ауған, ал сахнаның астында қазақтар аштан қырылып жатыр. Бұл халықтың көңілін аулау ма, әлде кеңестің сұрқия саясатының жымын білдірмей, көптің ойын басқа жаққа аудару ма? Аштық пен репрессия ХХ ғасырдың өзегін кеміріп, қазақтың күретамырын үзіп, беломыртқасын опырып кетті. Ол жанап өтпеген жан, жылатпаған отбасы қалмады, осы шындықты қаз-қалпында көрсетіп, атқан сайын құлап жатқан құрбандарды қойнына алған «Бауырластар зиратын» ақ матамен астастыра, жер бетінен аулаққа әкетіп жатқан көрініс – Диана тапқан тың тәсіл. Операдағы ең жағымсыз екі бейне Голощекин мен Ежовтың сахнасы тіпті жиіркенішті. Сталиннің екі жендетінің де жүйкесі әлсіз, санасы сырқат, сондықтан да қатыгез. Өзіндегі кембағалдықты бүркемелеу үшін өзгеге үстемдік еткісі келетіндер ел басқарып отыр. «Сіз, жолдас Ежов, неге маған сонша қарайсыз? Бүркітің болайын, қанатың болайын, сені қорғап жүретін»... Ақыл-есі дұрыс ер адамдар екеуара мұндай диалог жүргізбейтіні анық. Еліккен екеудің емеурінін залдағы көрермен түсінді. Ел ішінде желдей есетін қаңқу сөз емес, тарихи негізі бар мұндай детальды сахнада көрсету үшін сөзсіз режиссер еркіндігі керек. Бұл консерваторияның кішкентай залындағы көрініс, ал үлкен театрларда қойылса, әсері қалай болар еді?
Режиссер – театрдағы басты адам. Ол спектакль кезінде сахнадан көрінбейді. Бірақ спектакльдегі әр детальдан оның қолтаңбасы, дүниетанымы, ұстанымы тайға таңба басқандай айқын сезіліп тұрады. Көрермен спектакльден толқып, қанаттанып шыға ма, түңіліп, құлазып шыға ма, жалпы, қандай әсер арқалап шығады, оны да режиссердің білімі мен шеберлігі шешеді. Режиссердің міндеті – белгілі шығарманы яки жаңа туындыны өз көзқарасымен өріп шығу. Ол өзі жасап еркіндік аралының тәуелсіз тұрғыны. Өнерге көзқарасы, қиялы, қарым-қатынасы өзгеше. Азаматтық көзқарасын батыл ұсынатыны да сондықтан. Үлкен мәдениет, нағыз кәсіби орта көріп, ысылып келген жас маман қандай істі қолға алса да, жанын салып, махаббатпен жасайды. Шығармашылық әлеуетін танытуға мүмкіндік берсе, ұлттың ұлы идеяларымен рухтанып алған Диана театр өнерін өрістетуден аянайын деп тұрған жоқ. Тек қолдау керек. Егер адам талантты болса, табанды болса, мақсатына сенімді болса, сөзсіз арманын бағындырып, жетістікке жететінін жас режиссер Диана өз мысалында осылайша әдемі дәлелдеп келеді.
АЛМАТЫ