Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) 500 млрд теңге көлеміндегі қаражаты банк облигацияларын сатып алуға жұмсалады. Өз кезегінде қаржы институттары ол ақшаны бизнеске несие ретінде ұсынуға тиіс. Банктерге үш негізгі талап қойылады: «В» деңгейінен төмен емес несие рейтингінің болуы, меншік капиталының 60 млрд теңгеден кем болмауы және өтеу мерзімі 7 жылдан аспайтын нарықтық табыстылықпен облигация шығару арқылы бизнеске несие беру.
Қаржы ұйымдары және нарық тәуекелі
Жоба аясында көтерме және бөлшек саудаға, тұрғын үй құрылысына, тұрғын үй және коммерциялық жылжымайтын мүлікпен мәмілеге, қаржылық қызмет, кеңес беру қызметіне, сауда орталықтарының қызметіне несие ұсынуға жол берілмейді. Қаржы кредитті қайта қаржыландыру және айналым қаражатын толықтыру бойынша да жұмсалмайды. Миллиардтаған теңге экономиканың өсімі мен әртараптандыруын қамтамасыз ететін жобаларға бағытталуы керек.
Ұлттық банк (ҰБ) төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, жобаға әзірге қай банк қатысатынын айту ерте, дегенмен тізім жасалған дейді.
«Біріншіден, капитал бойынша, рейтинг бойынша, несие тарихы бойынша біздің талаптарымызға сай келетін банктер анықталды. Екіншіден, сома да нақтыланды. Үшіншіден, инвестиция салуға болатын салалар белгіленді. Бәрі дайын, бірақ бағдарлама әлі іске қосылмады. Жақын арада бастаймыз деп ойлаймын. Бұл бастама корпоративті несие беру саласына оң әсер етеді. Банктерде қаражатты орналастыру үшінші тоқсанға жоспарланып отыр», дейді.
Сүлейменовтің сөзінше, елде қаржыландыруды күтіп тұрған жоба жетіп артылады.
«Екінші деңгейлі банктер көтеріп отырған ең негізгі проблема – ұзын теңгелей ресурстардың қолжетімділігі. Қазір оларда бар ресурс – депозиттер, ол ұзын ақшаға жатпайды. Яғни депозитті кез келген уақытта қайтарып алуға болады және банктер үшін ұзақмерзімді несиелерді құрылымдау оңай емес. Ал БЖЗҚ қаражаты – ұзын теңгелей ресурстар. Ол ел экономикасына жұмыс істеуге тиіс. Осылайша, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және «Бәйтерек» БЖЗҚ портфелінің бір бөлігін банк облигациясына инвестициялау мүмкіндігін қарастырды. Бұл ақша тек қана корпоративті сегментке бағытталады. Біз қазір өңдеуші өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, өңдеу сияқты түйткілді салаларға басымдық береміз», деді ҰБ басшысы.
Осы орайда екінші деңгейлі банктерге хабарласып, жоба туралы пікірлерін білдіруді сұраған едік. «Центр КредитБанкі» «Банк жобаға қатысу туралы пікір білдіруге дайын емес», деп мәлімдеді. Ал «Еуразиялық банк» жауабында «Бұл бағдарламаға қатысу үшін екінші деңгейлі банктер меншікті капиталдың ең төменгі талаптарын орындауы керек. Орналастырылатын облигациялардың жоғары мөлшерлемелерін ескере отырып, бұл қаражатты заңды тұлғаларға несиеге беру тиімділігі шектеледі», деп жауап берді.
Банктер жобаға қатысқысы келеді
«Нұрбанк» баспасөз қызметінің хабарлауынша, қаржы институты бұл бағдарламаға қатысуға мүдделі.
«Біз бұл бастаманың елдегі кәсіпкерлікті дамыту үшін маңыздылығын түсінеміз және осы бағдарламаға қосылған кезде біз белгіленген критерийлерді қатаң сақтауға және елдегі кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсетуге дайынбыз. Қазіргі уақытта Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығы сайтында қатысушылардың санын арттыру үшін осы бағдарлама бойынша екінші деңгейлі банктерге қойылатын талаптарды өзгерту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», делінеді банк жауабында.
«RBK Bank» та аталған жобаға қатысудан үмітті. «Банктерге белгілі бір талаптар қойылатын аталған жобаға қатысуды жоспарлаймыз. Бірақ бағдарлама әлі нақты бекітілген жоқ, сондықтан әзірлеушілер ол туралы толық түсініктеме бере алады. Бағдарлама аяқталғаннан кейін барып оның тиімділігін бағалауға болады», дейді «RBK Bank» баспасөз қызметі.
Бағдарламаға қатысуды жоспарлап отырған банктер ішінде «Freedom Bank» та бар.
Бастаманы сарапшылар қалай бағалайды?
Бұған дейін біраз сарапшы бастаманың дұрыстығына күмәнмен қараған еді. Телеграмдағы «Protenge» арнасы сарапшыларының айтуынша, зейнетақы қорынан алынған қаражаттың шын мәнінде дұрыс жұмсалып жатқанын бақылап отыру оңайға соқпайды.
«Жоба шартында «қаражатты тұрғын үй құрылысына бағыттауға болмайды» деп бекітілгеніне қарамастан, құрылысшыларға несие беретін шығар? Сонымен қатар қаражаттың БЖЗҚ-ға қайтып ораларына да кепілдік жоқ. Сарапшылардың түсіндіруінше, егер ақшаны квазимемлекеттік компания алса, оның артында кепіл болып мемлекет тұрар еді. Ал егер ақшаны бұл жолы банктер жұмсайды және оған мемлекеттік кепілдік құзыры жүрмейді. Ұлттық банк зейнетақы ақшасын басқарушы ретінде инвестицияны қайтарып ала ма, жоқ па, 100 пайыз болжай алмайтынын түсінеміз. Бірақ отандық банктерде бизнеске несие қылып беретін қаржы онсыз да бар емес пе? Неліктен банктерге үсті-үстіне ақша береміз? Неліктен тәуекелге барамыз? Осы жағы түсініксіз», деп жазады олар.
Айта кетейік, Ұлттық банк 2024-2025 жылдары түрлі жобаларды қаржыландыру мақсатында 1,5 трлн теңге көлеміндегі зейнетақы активін «Самұрық-Қазына» мен «Бәйтерек» холдингінің облигацияларына салуды жоспарлап отыр.
Негізгі талаптардың бірі – экономиканың әртараптандырылуы мен өсуін, импортты алмастыруды және жергілікті қамту үлесін арттыруды қамтамасыз ететін жобаларды қаржыландыру. Облигацияларды сатып алу экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның мақұлдауын және салалық министрліктің қорытындысын алған жобаларды мұқият іріктеу арқылы жүзеге асырылмақ.