Аыл шаруашылығының көрнекті ғалымы, ҰҒА академигі Ибадулла Үмбетаев өмірінің соңғы жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының бас директоры болды. Бұл қызметке ол әріптестері мойындаған іскерлігінің, тапқырлығының арқасында келді.
Ғылыми зерттеу институты алғашқы кезде Білім және ғылым министрлігі Мақтаарал мақта шаруашылығы тәжірибе стансасы болатын. Бұл мекеме кейіннен Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы «Қазагроинновация» акционерлік қоғамының құзырында еді. Ибадулла Ізәтіллаұлы осы стансаны ілкімділікпен басқаруының арқасында Ауыл шаруашылығы министрлігіне тікелей қарайтын Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми зерттеу институты дәрежесіне дейін көтерілді.
Ибадулла өте ізденімпаз ғалым болды. Мақтаның бірнеше жоғары сұрпын шығарып, патент алды. Қытай, Израиль, Түркия, Бразилия, Аргентина, АҚШ, Өзбекстан, тағы басқа да елдердің ғалымдарымен тікелей байланыс жасап, мақтаның ең тиімді сұрыптарын шығарып қана қоймай, оларды өндіріске енгізді. Мақтаның әр түсті түрін шығарды. Бояу емес, табиғи түстер үлкен ғылыми жаңалық болды. Мақта жөніндегі жоғары ғылыми зерттеу жұмыстарының авторы ретінде Ибадулла Үмбетаевтың еңбегі лайықты бағаланып, әуелі Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, одан соң ҰҒА академигі болып сайланды.
Ибадулла Ізәтіллаұлы көрнекті ғалым, білікті ұйымдастырушы болуымен қатар мемлекет қайраткері еді. Бойындағы табиғи талантын, іскерлігін жан-жақты көрсете білді. Елмен етене араласты, ортасына сыйлы болды. Халықтың жағдайын терең білетін азаматтың Жетісай ауданының әкіміне тағайындалғаны да кездейсоқ емес. Ол қай қызметте жүрсе де өзін елшіл тұлға ретінде көрсете білді. Ибадулланың патриоттық, ұлтқа жанашыр тамаша бір ісін кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде айтқым келеді. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде мынадай үлкен мәселе шықты. Өзбекстанда 1,5 миллион қазақ, Қазақстанда жарты миллион өзбек тұратын. Мұның бәрін анықтап дәлелдеген – 1994–1997 жылдардағы Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Нәжімеден Есқалиев. Ол да Ибадулла сияқты ұлтына жаны ашитын қайраткер еді. Елші Өзбекстандағы барлық қазақтың аты-жөнін, туған жылын, қай жерде тұратынын әбден зерттейді. Бұрын Өзбекстан басшылығы аталған елде жарты миллиондай қазақ тұрады дейтін. Бір күні Нәжімеден Ықсанұлы маған келді. Ол кезде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Түркістан мемлекеттік (кейіннен Халықаралық қазақ-түрік университеті болды) университетінің ректоры едім. Нәжімеден маған мынадай өтініш айтты: «Өзбекстанда қазақ тілінде сабақ беретін мұғалім жетіспейді. Бұл қандастарымыздың ана тілінде білім алуына кедергі болып отыр».
Шымкенттегі педагогикалық институт ол кезде Түркістан мемлекеттік университетінің құрамына кіретін. Мен «Шымкент педагогикалық институтында Өзбекстаннан келіп оқитын студенттерге квота бөліп, қазақ жастарын оқуға қабылдайық» деген ұсынысымды айттым. Нәжімеден Ықсанұлы: «Қазір жағдай өте қиын. Ташкент арқылы кеденнен өтіп, Шымкентке барып оқуға олардың қаражаты жетпейді. Сондықтан Өзбекстандағы қазақтар тұратын аудандарға жақын Жетісай қаласынан университеттің филиалын ашсаңыз ыңғайлы болар еді», деді. Мен сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Зауытбек Тұрысбековпен сөйлесіп, осындай мәселе бар екенін айттым. Зауытбек Қауысбекұлы Жетісайдан университеттің филиалын ашу туралы бастамамызды құптады. Жетісай ауданының әкімі қызметіндегі Ибадулла Ізәтіллаұлымен сол кезде танысып, сөйлестім. «Бұл ойыңыз дұрыс. Жетісайдан міндетті түрде университеттің филиалын ашу керек. Шекара тиіп тұр. Шекараның арғы жағында өңкей қазақ ауылдары. Сол ауылдың балалары келіп, Жетісайда білім алады», деді аудан әкімі.
Университеттің филиалын ашу үшін ғимарат керек болды. Ибадулла жанашырлықпен ғимарат мәселесін жылдам шешіп берді. Мен Түркия тарапынан қосымша қаржы сұрадым. Сөйтіп, біз аудан орталығы Жетісай қаласынан университет филиалын аштық. Өзбекстанның көптеген аулынан қазақтың балалары келіп, осы оқу орнында білім алды. Кейін ол филиал Халықаралық қазақ-түрік университетінен бөлініп шығып, өз алдына Сырдария университеті деген атпен жұмысын жалғастырды. Міне, осы университетті Ибадулла Үмбетаевтың көмегінің арқасында ашқан болатынбыз. Ол аудан әкімі ретінде қауырт жұмысы бола тұра, біраз уақыт осы шаруамен тікелей өзі айналысып, істің алға басуына септігін тигізді. Ұлт мүддесі үшін атқарған осы қызметінің өзі көптеген маман даярлап, солар арқылы Өзбекстандағы қандастарымыздың ана тілінде білім алуына септігін тигізді.
Ибадулла Ізәтіллаұлымен кейін де қызмет бабымен байланысымыз үзілген жоқ. Оның елді дамыту төңірегіндегі ұсыныстарын Үкіметке жеткізіп отырдым. Сол кезде әр түрлі түсті мақта өсірудің жаңа технологиясын жасап шығарды. Елімізде бірінші рет ол басқаратын институтта жаңа ғылыми-техникалық өндіріске бағытталған нәтижелі зерттеулер жүргізілді. Соның басында ғылыми жетекшісі болып Ибадулла Үмбетаев отырды. Оның мақтадан әртүрлі бұйым, түрлі түсті мата шығарып, шетелге экспорттау туралы мемлекетаралық жобалары болды. Ғалым мақта саласының ғылыми зерттеу теориясын біліп қана қоймай, оны тәжірибеде қолдану жолдарын көрсетті.
Менің байқағаным, Ибадулла Ізәтіллаұлы өмірде өте қарапайым, дарқан мінезді, үлкен ұйымдастырушы, ғалым ретінде тек Қазақстанға емес, шетел ғалымдарының арасында да кеңінен танымал болды. Оның зертханасын көруге Қытай, Израиль, тағы басқа да көптеген елдің ғалымдары да келді. Ғалымның ғылыми зерттеу жұмыстарын көріп, өте жоғары бағалады.
Ибадулла Үмбетаев мақтаның элиталық тұқымдарын дайындау, оны сақтау, іске асыру, егу технологиясының ерекшелігі қандай болу керектігін түбегейлі зерттеді. Оның 400-ге жуық ғылыми мақаласы, 3 монографиясы, 8 кітабы жарық көрді. Тәжірибелік маңызы бар 50 ғылыми зерттеу патенті тағы бар. Бұл – үлкен көрсеткіш. 10 патенті халықаралық деңгейде мойындалған. Оған қосымша Ибадулла Ізәтіллаұлы 13 авторлық куәлік иесі. Ол өте жаңашыл, жетекші ғалымдарымыздың бірі еді.
Ибадулла Ізәтіллаұлының еңбегі әр кез жоғары бағаланды. Бірқатарын атап өтетін болсақ, кеңес одағының Мәскеуде өткен Бүкілодақтық халық шаруашылығын дамытудағы жетістіктері көрмесінде екі алтын, бір қола медальдың лауреаты атанды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының лауреаты, Жетісай және Мақтаарал ауданының, сондай-ақ Түркістан облысының құрметті азаматы.
Бір сөзбен айтқанда, Ибадулла Үмбетаев шетелдік ғалымдардың өзі мойындаған, елі мақтан тұтатын үлкен ғалым болды. Мақта шаруашылығында жаңашыл, елеулі жетістіктері бар. Біз Ибадулланың әлі де талай жаңа жетістіктерін көретін едік. Өкінішке қарай, өмірден ерте озды. Дегенмен оның ел үшін жасаған еңбегі ұлан-ғайыр.
Еліміздің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жетекші ғалымы, қимас досымыз академик Ибадулла Үмбетаевтың жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады. Оның ел үшін жасаған еңбегін кейінгі ұрпақ та біле жүруі үшін ғалымның атын Мақтаарал мақта шаруашылығы тәжірибе стансасын Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми зерттеу институты дәрежесіне дейін көтерген, өзі өмірінің соңына дейін қызмет еткен, талай ғылыми жаңалықты ашуға мұрындық болған мекеменің Ибадулла Ізәтіллаұлының атымен аталуына ұсыныс жасар едік. Мұндай тәжірибе елімізде бұрыннан бар. Сол үрдісті жалғастырып, Ибадулла Үмбетаев атындағы Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми зерттеу институты деп атасақ, бек жарасар еді. Ардақты академик мұндай құрметке әбден лайық.
Мұрат ЖҰРЫНОВ,
ҰҒА РҚБ президенті, академик