• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 11 Маусым, 2024

Трансшекаралық ынтымақтастық

135 рет
көрсетілді

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Душанбеде (Тәжікстан) өткен «Су – тұрақты даму кепілі: 2018-2028 жылдар» әлемдік іс-қимыл онжылдығына қатысты ІІІ халықаралық конференцияда сөз сөйледі.

Жоғары деңгейдегі іс-шараны Тәжік­стан Республикасының Үкіметі ұйым­дас­тырды. Іс-шараға БҰҰ-ға мүше мем­лекет­тер­дің, халықаралық ұйым­дардың және аза­маттық қоғамның өкілдері қатысты.

Душанбе су үдерісі климаттың өз­геруіне, ортақ суларды басқаруға және үкіме­таралық келісімдерді жүзеге асыру­ға байланысты жаһандық су мәселелері бойынша жаңа шешімдер әзірлеуге арналған алаң болып саналады.

Вице-премьер өз сөзінде Қазақстан климаттың өзгеруінің салдарын еңсеру жөніндегі жаһандық бастамаларды, сондай-ақ су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелеріне әлемдік қоғам­дастық­тың назарын аудару жөніндегі Тәжік­станның күш-жігерін толық қолдайтынын атап өтті.

Бүгінде Қазақстанның су саясаты су шаруашылығы инфрақұрылымын жаң­ғыртуға және дамытуға, ақпараттық жүйе­лерді, нормативтік-құқықтық базаны жетіл­діруге және трансшекаралық ынты­­мақ­тастықты күшейтуге бағытталған.

Қанат Бозымбаев Орталық Азия­дағы трансшекаралық суларды басқару бо­­йынша өзара іс-қимылдың одан әрі стра­тегиясын әзірлеу қажеттігін атап өтті.

«Климаттың су ресурстарына әсер ету мәселесінде шекара жоқ. Климаттың өзгеруіне және судың жетіспеушілігіне әрекет ету шаралары барлық елдер арасындағы ынтымақтастықты және барлық мүмкін күштер мен құралдарды жұмылдыруды талап етеді. Қазақстан – су ресурстарының жартысына жуығын көршілерімен бөлісетін ел. Біз үшін транс­шекаралық су ағындары бойынша ынтымақтастық суды тиімді бас­қару­ды және экожүйелерді қорғауды қам­тамасыз ету тұрғысында маңызды», деді вице-премьер.

Арал теңізіндегі экологиялық жағдай ерекше алаңдаушылық туғызады. 5,5 мил­лион га шөлдің пайда болуы бүкіл аймақ­тағы адамдардың денсаулығы мен эко­жүйе­лердің жағдайына теріс әсер етеді.

«Бұл сын-қатерлер су, энергетика және азық-түлік ресурстарына сұра­ныстың артуымен бірге Арал теңізі бассейнінде суды ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету үшін нақты шаралар қабылдауды талап етеді. Осыған байланысты Көкарал бөгетін сақтау және Сырдария өзенінің атырабын қалпына келтіру сияқты шараларды іске асыру арқылы табиғи су нысандарын сақтау және қалпына келтіру маңызды», деп атап өтті Қ.Бозымбаев.

Душанбе су үдерісі аясында Қанат Бозымбаев Тәжікстан Премьер-ми­нистрінің орынбасары Сулаймон Зиёзо­дамен, Ресей Президентінің көмек­шісі, климат мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Руслан Эдельгериевпен, Өзбекстан президентінің кеңесшісі Шухрат Ганиевпен, сондай-ақ Еуропа­лық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Тери Хакаламен кездесті.