• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Маусым, 2024

Өресі биік «Эрудит»

35 рет
көрсетілді

Түркістан төрінде дәстүрлі түрде өткізілетін республикалық «Аl-farabi» интеллектуалды ойыны биыл да жалғасын тапты. «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен өткізілген интеллектуалды ойынның күні кеше жеңімпаздары анықталды.

Екі күнге созылған білімділер бәйгесінде «Эрудит» командасы жеңіске жетті. Интеллектуалды сайыстың финалдық кезеңіне облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Біржан Әлімжанов қатысып, жеңімпаз атанған жастарды марапаттады. «Нағыз білімге құштар, үнемі ізденіс жолында жүретін жастардың басын біріктіретін республикалық деңгейдегі интеллектуалды сайыстардың біздің өңірімізде өтіп жатқандығы көңіл қуантады. «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» дегендей, сайысқа қатысып өз бақтарын сынаған барлық командаға алғыс айтамын», деді облыс әкімінің орынбасары.

Дарынды жастарды қолдау, олардың танымдық қызы­ғу­шы­лықтарын ояту арқылы білім деңгейін көтеру, сондай-ақ интеллектуалды ортаны қалыптас­тыру, жастар арасында шешендік мәдениетті, толеранттылық тәр­тіп­пен азаматтық танымды дамыту мақ­са­тындағы бұл сайысқа 100-ге жуық команда өтінім берген. Оның ішінде Түркістан облысынан бөлек, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Жамбыл, Павлодар және Қызылорда облыстарынан да командалар бар. Жалпы, 72 команда арасынан ширек финал­­ға 12 команда шықты. Олардың төртеуі финалдық кезеңнің жолдамасын сарапқа салып, нәтижесінде, бірінші орынды Сайрам ауданының «Эрудит» командасы жеңіп алды. Ал екінші орынды Жамбыл облысынан келген «Chicago bulls» командасы алса, үшінші орын бәйдібектік «BBC» командасына бұйырды. Жеңімпаз командаға 1000 000 теңге, II орынға 500 000 теңге және III орын иегерлеріне 300 000 теңге қаржылай сыйлық табыс етілді. Сондай-ақ сайысқа қатысқан командалар арасында «Үздік ұжым», «Үздік білімгер», «Үздік топ басшы», «Үздік жауап», «Үздік киім үлгісі» аталымдары бойынша үздіктер де марапатталды.

 

ТҮРКІСТАН