• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Қаңтар, 2015

Тәуелсіздікті аңсаған тұлға

352 рет
көрсетілді

Мемлекет тарихы институтында «Қазақ хандығының жаршысы» атты дөңгелек үстел болып өтті. Онда Қазақ тарихының ұзақ жылдық тарихы туралы бірнеше томдық «Көшпенділер» және «Алтын Орда» атты көркем шығармалар жазған Ілияс Есенберлиннің 100 жылдығын атап өту туралы пікірлер мен ұсыныстар айтылды. Отырысты институт дирек­торы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған ашып, жүргізіп отырды.  Биыл жазушының 100 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтпекші. Оның үстіне ұзақ жылдар бойы халықтың ойына оралтып, рухын көтеру үшін еңбектеніп, тарихын тірілткен Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланатын болады. Дөңгелек үстелге қатысқандар осы екі дата­ның бір мезгілде аталуының сим­во­ликалық мәні барын атап өтті. Жазушының 100 жылдық мерейтойына арнап Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Амангелді Қашқымбаев «Ұлы Дала тұлғалары» серия­сымен «І.Есенберлин (1915-1983)» атты монография жазып шыққан еді. Отырыс бары­сын­да осы кітаптың маңызы, оның жазушы өмірін кеңінен қам­тығандығы туралы сөздер де ай­тылды. Дөңгелек үстелге қатыс­қан ғалымдар, жазушылар мен қоғам қайраткерлерінің көбі І.Есенберлин өмірінің өршілдігі мен шырғалаңы туралы алғаш рет осы кітаптан оқығандарын мойындап жатты. Ерек жазушының ерен еңбегі еліміздің барлық түкпірлерінде патриоттық рухты көтеру мақ­сатында кеңінен аталып өтіп, оның үлгі-өнегесін жастардың санасына егу мақсаты бүгінгі күні мемлекеттік органдардың ғана емес, барлық қоғамдық ұйымдардың, қанында ұлттық намысы бар танымал адамдардың, жазушылар мен қоғам қайрат­кер­лерінің міндеті екендігі айтылды. Осы бағытта алғашқы болып ой өрбіткен сенатор Жабал Ерғалиев Есенберлин тойы елдіктің тойы екендігін нақтылай түсіп, оның Ақмола облысы мен Алматы, Астана қалаларында ғана шектел­меуі қажеттігін атады. Тарихшы қаламгер туралы алғашқы сөздің Мемлекет тарихы институтынан шығып отырғандығы да ү­лкен абы­рой. Осы институт қабырға­сынан шыққан монография арқылы жазушыны өзімізге жаңадан аш­қан­дай болдық, деді ол. Жазушының туған жері Ақ­мола облысы мен Атбасар қала­сын­да атқарылатын шаруалар жөнінде бұрынғы сенатор, бүгінгі Ақмола облысы әкімінің кеңесшісі Светлана Жалмағамбетова хабар­дар етті. Есенберлин Қазақстан тәуел­сіздігінің туы болған тұлға, деп бастады өзінің сөзін филология ғылымдарының докторы, про­фессор Тұрсын Жұртбай. Оның 100 жылдық тойын лайықты атап өту барша қазақстандықтарға үлкен сын. Қазақтың батырлық, ерлік сияқты ұлттық рухты оятар, сананы сілкінтіп, патриоттық сезімге шоқ тастайтын сезімдері Есенберлинге дейін ұмытылуға жақын еді. Қазақ батырларының ерлігі ертегі, аңыз сияқты  мифо­логиялық жағдайға ғана жет­кі­зілгенде қазақтың Ағыбай, Наурызбай, Басығара, Жоламан сияқты батырлары мен билерінің есімдерін, олардың ерліктері мен елдікке шақырған өнегелерін қайта тірілткен Есенберлин болды. Тарихы жоқ, ұшарын жел, қонарын сай білмеген қаңғырған қаңбақ халық деген ұғымды санаға әбден сіңіруге шақ қалғанда ұлттық сананы дүр сілкінткен Есенберлин еді. Ол ұмыттыруға жақын қалған тарихты қотара қопарып, кешегі күні өзіміздің кім болғанымызды ұрпаққа танытып берді, деді ғалым. Сонымен бірге, ол Есенбер­линнің туған өлкесі Атбасард­ың тарихын қайта түлету қажеттігін алға тартты. Осында Орманбет би де өмір сүрген, оны қазір кім біліп жатыр. Арнайы бағдарлама алынып, Атбасардың тарихын түле­тетін кез жетті. Мұнда қазақ­тың тұ­тас тарихы тұнып жатыр, соған түрен салу керек, деді Т.Жұрт­бай. Есенберлиннің 100 жылдығын атап өту мерейтойында оны барынша жақсы білген, қолтығынан демеп қолдаған, көмек көрсеткен О.Сүлей­менов, М.Мағауин Қ.Жұмаділов және т.б. есімдері ұмыт қалмауы керек екендігі де жеткізілді. Отырыста бұлардан басқа Ра­хым­жан Тұрысбек, Әміржан Әл­пейісов, Жылқыбай Жағыпаров және т.б. ғалымдар, жазушылар мен журналистер сөйлеп, өз­дері­нің ойларын ортаға салды. Солардың ішінде Рахымжан Тұ­рыс­бек І.Есенберлиннің тарихи та­қырыптағы еңбектері ғана емес, басқа тақырыпқа жазған туын­­дыларының, соның ішінде поэ­зиялық шығармаларының да ма­ңызы зор екенін тілге тиек етті.  Сөй­­тіп, ерен жазушы Есен­бер­лин­­нің 100 жылдық мерей­тойы­на ар­налған шаралар легі басталып кетті. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.