• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Ұлттық спорт 11 Маусым, 2024

Жамбы атудан чемпионат аяқталды

125 рет
көрсетілді

Халқымыздың мергендік өнері жамбы атудан жасөспірімдер арасындағы еліміздің ІХ чемпионаты Талдықорған қаласында өтіп, оған 12 облыстан іріктелген 40-қа жуық спортшы қатысты.

Жарыстың алғашқы күні мергендер «Азия» стилі бойын­ша сынға түсті. Бұл сайыстың ерекшелігі – арақашықтығы 30 метр болатын шаршы пі­шін­ді төрт бұрыш үш нысана қо­йылады. Оның біріншісінің беті батысқа қарай бұрып орналас­тырылса, ортаңғы нысана тіке қарап тұрады. Үшінші нысана әдеттегіндей бірінші нысанаға қарсы бетін шығысқа бұрып тұрады. Әрбір нысанаға оқтың дарығанына қатысты ұпай бе­рілетін өлшемдері бар. Бұл стиль бойынша маңғыстаулық мерген Ораз Айбек жеңімпаз атанып, алтын медаль иегері атанса, екінші және үшінші орындарды қызылордалық Маханбет Нұрман мен қарағандылық мерген Оралхан Нұрасыл бөлісті.

Ал сайыстың келесі түрі «Түрік» стилі сарапқа салынды. Бұл стилдің ерекшелігі – мергендер бір-біріне ұқсамайтын екі нысанаға кезек-кезек оқ жіберіп мықтыны анықтады. Әуелгі ны­сана «қиғаш ату» деп аталса, келесісі «қабақ ату» деген мәнге ие екен. Бұл стильдің бас мергені ретінде алматылық өрен Сәрсенбай Ерғазы танылса, екінші орын жамбылдық жас Бабажан Берікболсынға бұйырды. Үшінші жүлдеге қарағандылық Оралхан Нұрасыл ие болды.

Чемпионаттың үшінші ке­зеңінде мергендер «Мажар» стилі бойынша сайысты. Бұның ерекшелігі – бір-біріне іргесі жап­сарлас диаметрі 90 см болатын үш нысана қатар қойылып, мергендер оны атпен шауып келе жатып атады. Қанша оқ жұмсайсыз оған шектеу жоқ. Тек оқ жіберуге арналған 100 метрлік қашықтан шықпау керек. Бұл сайысқа қатысқан 32 мергеннің ішінен түркістандық Лесбек Ғұмыр алтын медальді жеңіп алса, қызылордалық Асхан Заңғар күміс, маңғыстаулық Әділгерей Айдар қола медаль иегері атанды.

Жарыстың қорытынды кезе­ңінде өзіміздің «Жамбы ату» стилі сарапқа салынды. Бұл стиль­дің ерекшелегі – биіктігі жыл­қының бойына шақ келетін арасы 10 метр үш бағана орнатылып, оның басына үш түрлі (алтын, күміс, қола) жамбы-нысана ілі­ніп қойылды. Мергендер осы үш нысанды атып сайысады. Бұл стиль бойынша түркістандық мер­ген Лесбек Ғұмыр жеңімпаз атанса, екінші орын тағы бір түр­кістандық спортшы Советхан Рауанға, үшінші орын ақмолалық Бай­зұлла Ерасланға бұйырды.