Шымкенттегі бір ғасырдан аса тарихы бар А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасында Халықаралық «Сөз» әдеби фестивалі өтті. Соның аясында «Әдебиет әлемді біріктіреді» деген поэзия және проза байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болды. Бұл байқау осымен екінші жыл жалғасын тауып отыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қала бойынша қатысқан 500-ге жуық үміткерден 15 жүлдегер іріктелген. Байқауда жас шектеуі жоқ. Өнерге таласы бар кез келген азаматқа есік ашық екен. Әйткенмен жасы бар, жасамысы бар қатар жарысқан сөз сайысында мектеп оқушылар қара үзіп топ жарды.
Жобаны ұйымдастырушы ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі әрі А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасының қызметкері Сүндет Сейітовтің айтуынша, биылғы байқаудың бәсі биік болды.
«Атаулы жарыстың талабы да ерекше болды. Көркемсөз оқу жарысы дегеніңіз болмаса, нағыз ғылыми талдау осы жерде жасалды. Әр қатысушының лексикалық, фонетикалық мүмкіндігін анықтау маңызды болды. Ана тіліміздегі «ә», «ұ», «ү», «ң» сияқты төл дыбыстарын айта алмайтын үміткерлердің бары байқалды. Әрине, бұл олардың кемшілігі емес, жағдай солай... Жарысқа түсіп, кем-кетігін жөндеу үміткер үшін өте маңызды. Бұл жолы бағы мен бабы шаппаса, келесіде жолы болар», дейді ол.
Бәйгеге өзге ұлт өкілдері де қатысты. Олардың қазақ тілінде мүдірмей еркін сөйлеуі байқаудың көрігін қыздырды. Айталық, 6 маусым – атақты Александр Сергеевич Пушкиннің туған күні. Мәдени іс-шара негізінен әлемдік ақынның туғанына 225 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Ал А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасы 1899 жылы ұлы ақынның 100 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылған. Биыл қарашаңырақтың 125 жылдық мерейтойы.
«Игі бастаманы жүзеге асыру үшін ниеттен басқа материалдық жағдай да қажет. Ал мұндай жобаларға демеуші табу қиынның қиыны. Осынау қиындықтан шығуға үлес қосқан Шымкент қаласының атымтай жомарт азаматтары бар. Сіз бен бізге белгілі «Otau Group» компаниясының президенті, бизнесмен Қайрат Молдасейітов алғашқылардың бірі болып атаулы жобаға қолдау көрсетті. Отандық өндірісті дамытуға үлкен үлес қосып жүрген «Bal Tekstil» фабрикасының басшысы, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Талғат Ысқақов пен белгілі қоғам қайраткері Анарбек Орманов та азаматтық жасады. «Shymkent Plaza» ойын-сауық орталығы, Ж.Шанин атындағы театр, қуыршақ театры, әзіл-сықақ және сатира театры, «Шымкент-Цирк» ұжымына алғысымызды білдіреміз», дейді кітапхана директоры Наталья Сергеевна.
Енді байқау қорытындысына тоқталсақ: бас жүлдені қазақ тілінде Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің студенттері Ә.Әбдіқадырұлы, М.Медетхан, Ө.Момын және орыс тілінде А.Макаренко атындағы №41 мектеп-лицейдің 1-сынып оқушысы А.Романқұл иеленсе, жүлделі I орынды Индустриалды-техникалық колледжінің 2-курс студенті Ә.Әбілда, А.Пушкин атындағы мектеп оқушысы А.Пак, Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дың 2-курс студенті А.Ким иеленді. Ал жүлделі II орынды №65 мектеп-гимназияның 3-сынып оқушысы А.Мәлік, Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназияның 4-сынып оқушысы А.Берік, М.Өтебаев атындағы жоғарғы жаңа технологиялар колледжінің 1-курс студенті И.Өтешов, Титов атындағы №20 мектеп-лицейдің 5-сынып оқушысы М.Волков иеленді. Жүлделі III орынмен Жол-көлік колледжінің 2-курс студенті Д.Базаралыұлы, Саз колледжінің 2-курс студенті М.Баймырза, Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дың 1-курс студенті Ө.Тұран, Саз колледжінің 1-курс студенті Қ.Жабаев, Д.Менделеев атындағы №15 мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы А.Мүсірәлиева, М.Мәметова атындағы №35 мектептің 4-сынып оқушысы А.Құттыбай марапатталды.
Байқаудың барлық жеңімпаздарына әртүрлі деңгейдегі дипломдар, аталымдар және сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар байқау үміткерлерін дайындап, білімін шыңдаған мұғалімдер мен жетекшілер де алғысхаттармен марапатталды.
ШЫМКЕНТ