• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
17 Қаңтар, 2015

Еуразиялық экономикалық одақ өз жұмысын бастады

355 рет
көрсетілді

Ол туралы ой-пікірлер қандай? Жаңа жылдың алғашқы күнінен бастап Еуразиялық экономикалық одақ өз қызметін бастады. Яғни 1994 жылы Елбасы ұсынған идея жүзеге асты. Экономикалық әлеуеті зор, халыққа пайдасы мол ұйым бірегей мүмкіндіктерге жол ашпақ. Себебі, үлкен нарықты көздеген әр кәсіпкердің табысқа жетуіне Одақта ұтымды тұстар жетерлік. Өйткені, тек соңғы бес жылда Қазақстанның Кеден одағына қатысушы елдермен арадағы тауар айналымы 88 пайызға өсіп, 24 млрд. долларлық мөлшерге жеткен. Ресей мен Беларусь еліне қазақстандық экспорт 63 пайызға ұлғайып, 6 млрд. доллар құрады. Еуразиялық экономикалық одақ қызметінің бастапқы кезеңінде еліміздің Еуразия кіндігінде орналасқан өңірлеріне үлкен жауапкершілік жүктелмек. Осыған байланыс­ты газет тілшісіне тиісті сала маман­дары өз ой-пікірлерін төмен­дегіше жеткізді. Мұқамғали АРЫСПАЕВ, Ұлт­тық экономика министрлігі Тұты­нушылар құқықтарын қор­ғау комитетінің Батыс Қазақ­стан облысы бойынша депар­та­ментінің басшысы: – Еуразиялық экономикалық одақтың мақсаты – үш елдің эконо­микалық әлеуетін тиімді пайдаланып, бәсекеге қабілет­ті­лігін нығайту. Сол арқылы халық­тың тұрмыстық жағ­дайын көтеру. Кеден одағы шеңберін­дегі өнімдерге қатысты кейбір техникалық регламент талап­тарының сақталуын мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) жүр­гізуді қамтамасыз ету тұтыну­шылардың құқықтарын қорғау жөніндегі біздің департаментке жүктелген болатын. Еуразиялық экономикалық одақ күшіне енген соң тауар қауіп­сіздігіне қойылатын талаптар бұрынғыша заңды күшінде, яғни Кеден одағының техникалық рег­ламентімен реттеледі. Ал кедендік техникалық регла­мент­тері қабылданған тауарлар мен өнімдерге санитарлық шара­лар аясындағы Кеден одағы­ның нормативтік-құқықтық акті­лері қолданылады. Қазір тауардың (өнімнің) сәйкестігін нақтылайтын төрт құжат бекітілді. Бірінші – ұлттық сәйкестік сертификаты немесе Кеден одағының сәйкестік сертифи­каты, екінші – сәйкестік туралы ұлттық декларация немесе Кеден одағы сәйкестігі туралы декларация, үшінші – мемлекет­тік тіркеу туралы куәлік (мемлекеттік тіркеуге жататын өнімге беріледі), төртіншісі – ветеринарлық анықтамалар мен сертификаттар (өңделген мал шаруашылығы өнімдеріне беріледі). Бірақ Еуразиялық одақ шартына сай одаққа мүше елдерден тауар өткізгенде осы құжаттардың біреуі болса жарайды. Салтанат ҚАМЕШЕВА, Ин­вестициялар және даму ми­нистр­лігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Ба­тыс Қазақстан облысы бойын­ша департаментінің басшысы: – Қазіргі кезде Кеден одағы ел­дері арасында 35 техникалық рег­ламент қабылданған. Соның 32-сі күшіне енген. Биыл тағы екі техникалық регламент ақпан айы­­ның 15-нен бастап өз күшіне ене­тін болады. Сонымен қатар, 2016 жыл­дың 15 мамырынан бас­тап Еу­разиялық экономикалық комис­­сияның шешімімен «Темекі өнім­­дерінің техникалық рег­ла­мен­ті» енеді. Еліміздің кәсіпкерлеріне жеңіл­­дік­тер жасауда техникалық реттеу­дің жалпы жүйесін жасақ­таудың маңызы зор. Мүдделі тұл­ға­лар­ды көптеп тарту үшін облыстар­да техникалық реттеу мәселе­сі жөнінде аймақтық штаб құрыл­ды. Сондықтан бизнес өкіл­дері тех­ни­калық регламенттерге өзгерістер енгізу жөнінде ұсы­ныс­тары болса, штабқа хабарласуларына болады. Жалпы, Еуразиялық эконо­ми­калық одақ құрылған сәттен бас­тап үлкен нарық пайда болды. Мұның өзі біздің бизнесіміз үшін, тауарларымызды өткізу үшін қосымша төленетін төлемдердің алынып тас­тауымен маңызды. Сондай-ақ, Еуразиялық эконо­микалық одақ туралы шартта көрсетілгеніндей, оған мүше елдерден жеке тұлғалар өз мақсатына пайдалану үшін алынған көлік және тауарлар үшін қосымша құн салығы алынбайтын болады. Бұған қоспағымыз, одаққа мүше елдер аймағына импортқа шы­ғар­ған өнім туралы есеп электронды түр­де берілмек. Бұл фактор кәсіп­кер­­лерге қағазбастылықты азайтып, өнім өткізу ісін жеңілдетеді деп кү­ті­луде. Еламан ӘЙПІШЕВ, журналист. Темір ҚҰСАЙЫН,  «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы.