• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Қаңтар, 2015

Қостанай өлкесінің тарихына арналған кітаптың тұсаукесері өтті

637 рет
көрсетілді

ҚОСТАНАЙ. 19 қаңтар. Қостанайда өлкетанушы Қуаныш Ормановтың «Ел мен жер және тұлғалар тарихы» атты кітабының тұсаукесері өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Өлкетанушы Қуаныш Орманов көптен бері Торғай-Қостанай өлкесінің тарихын зерттеумен айналысып келеді. Мұны автор кітаптың беташарындағы оқырманға арнау сөзінде: «Еңбектің мақсаты мен міндеттері – біздің ел мен жер жайлы ел аузында қалған аңыз әңгімелер, бізге тасқа басылып жеткен толып жатқан деректер, ғылыми еңбектер мен, әсіресе, орыс пен қазақ тарихышыларының, тіпті, көп жағдайда көзге түсе қоймайтын, неге екені белгісіз, әлі де болса ғылыми қолданысқа ене қоймаған жазбаларын аша түсудің нәтижесінде өскелең ұрпаққа өзінің туып өскен елі мен жері жайында, бұл өлкеден қанат жайып ұшқан тұлғалар, ел мақтанышына айналған жандар жайында барынша мол дерек беру», – дейді. Кітаптан оқырман облыс өңірінің табиғаты, біздің дәуірімізге дейінгі, орта ғасырларға жататын, моңғол шапқыншылығы заманындағы тарихынан қызықты деректерге қанығады. Мысалы, автор: «біздің бала кезімізде (40-50 жыл бұрын) Қостанай даласында дуадақ жайылып жүруші еді, ол киелі құс соңғы жылдары көрінбей кетті, ол бар ма, жоқ па, ол жағы белгісіз болып қалды», – дейді. Расында, мұны биолог ғалым Татьяна Брагина да көтеріп жүр. Ал аспаннан алапат тас метеорит түсіп, нәтижесінде тереңдігі 200 метрден астам тереңдіктегі ойық шұңқырдың (воронка) пайда болғаны туралы жұртшылық біле бермейді. 2000 жылдарға дейін ол шұңқырда аздап су болған, оны орыстар «Круглое озеро» деп атаған. Ол Қамысты ауданындағы Сахаровка елді мекенінің оңтүстік шығыс жағында Күңгіртау деген төбенің етегінде жатыр. Мұны басқа түгіл облыс жұртшылығы біле бермейді. Кітапта облыс өңірінің табиғатындағы мұндай ерекшеліктерді қызыға оқуға болады. Сонымен қатар, өлкетанушы әлемге белгілі көптеген тарихшы ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып, Қостанай-Торғай өңіріндегі ежелгі, біздің заманымызға дейінгі тарихтың ізін көрсетеді. Торғай төсі Нұқ пайғамбар ұрпақтарының алғашқы қоныстарының бірі екенін айтады автор. Оған ғалымдар еңберінен айғақтар келтіре отырып, нақты болжамдар жасайды. Қостанай-Торғай өңірінде кіндік қаны тамып, ел тұтқасына айналған тұлғалар мен есімі бүгінгі ұрпаққа белгілі-белгісіз туған жер түлектері туралы білуге болады. Кітаптың тұсаукесерінде ақын, филология ғылымдарының докторы Серікбай Оспанов,  ақын, филология ғылымдарының кандидаты Ақылбек Шаяхмет, философия ғылымдарының кандидаты, профессор Қалқаман Жақып, еңбек және спорт ардагері Бақытжан Сағындықов, тарих ғылымдарының кандидаты, Қостанай педагогика институты тарих кафедрасының меңгерушісі Эльмира Наурызбаева кітап туралы пікірлерін айтты. «Ел мен жер және тұлғалар тарихы» кітабы мектеп және жоғары оқу орындары үшін өлкетану пәнінің оқулығы ретінде ұсынылады. Оның ғылыми жағына белгілі тарихшы-жазушы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қойшығара Салғарин жетекшілік еткен. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Ж.Таймағанбетов пікір жазған. Өлкетану пәні демекші, Қостанай педагогикалық институтында ректор Қуат Баймырзаевтың бастамасымен өлкетану курсы барлық факультеттерде оқытылады. Оның сапалы жүргізілуі үшін ғылыми орталық ашылып, жұмыс жүргізе бастады. Қуаныш Ормановты сол жұмыстардың бел ортасынан көруге болады. Тарих кафедрасының меңгерушісі Эльмира Наурызбаева: «Өлкетану курсында, әсіресе, тұлғатану туралы іс-шараларға Қуаныш Орманов ағамыз белсенді кірісті. Қазір институт шәкірттері Қапан Бадыров, Асқар Закарин, Біләл Асфендияров, Серәлі Лапин туралы диплом жұмыстарын жазып жатыр. Қуаныш Төребекұлының мына еңбегі тек студенттер үшін ғана емес, жалпы жұртшылық үшін де қымбат танымдық дүние деп білеміз», – деді. Осы тұсаукесерді ұйымдастырған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жанділда Мақанов кітаптың облыстағы мектептер мен кітапханаларға таратылатынын және оның орыс тіліне аударылып, орыс тілді оқырмандарға да жететінін айтты. Нәзира Жәрімбетова. Дерек, сурет: egemen.kz.