АТЫРАУ. 19 қаңтар. Атырау облысында туризм саласын дамытуға үлес қосқандар марапатталды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев туризм саласының кең қанат жаюына лайықты атсалысып жүрген бір топ атыраулыққа Инвестициялар және даму министрлігінің марапаттарын табыстады. Мәселен, «Хан ордалы Сарайшық» тарихи мемориалдық кешенінің директоры Молдаш Бердімұратов министрліктің «Туризм саласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы туризм бөлімінің басшысы Қарлығаш Бекбаева мен облыстық тарихи-өлкетану мұражайы экскурсия бөлімінің меңгерушісі Оксана Әлжанова аталған министрліктің Құрмет гармотасына ие болды.
«Сарайшықтың ел тарихында алар орны ерекше. Сол себептен биыл Сарайшық туралы кино түсіріледі. Қасым ханның дәуірінде қазақ хандығының астанасы болған, ұзындығы 10, ені 8 шақырымға созылған, айына 700-ге жуық керуен тоқтаған қала сол кезде үлкен орталыққа айналған. Сол тарихи қала – Сарайшық қазірде де туризмнің орталығы бола алады. Бұл үшін алдымен Жайық өзенінің жағасын бекітіп, қазба жұмыстарын жалғастыру қажет», дейді «Хан ордалы Сарайшық» тарихи мемориалдық кешенінің директоры Молдаш Бердімұратов.
Жолдасбек Шөпеғұл.
Дерек, сурет: egemen.kz.