• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Жансарай 17 Маусым, 2024

Мәңгілік Әуезовтер: Мұхтар, Мұрат...

90 рет
көрсетілді

Бұл есімдер – кейінгі қазақ әдебиеті мен тарихы аспанында найзағайдай жарқылдап, алтын әріппен жазылған есім­дер. Ұлттың абыройы болып асқақтау, елдің намысы мен байрағы болып жел­біреу, әр күн сайын ақиқатты ту етіп тірлік кешу бұлардың бүкіл сана­лы ғұмырының бұл­жымас заңына айналды.

Туған ұлтынан қаны мен жанын аямау, тұла бойындағы киелі дарынын туған еліне қалтқысыз жұмсау – тамыры тереңге тартқан ұлы адамдарға ғана тән сипат, Жаратқан бойға дарытқан қасиет!

Ұлы Мұхтардың, ұлы Мұраттың бойындағы генети­калық коды, тегі – адамзат жараты­лысының ерекше құ­былысы.

Сөз алдаспанымен қара қылды қақ жарып, әр сәт сайын тірі аңызға айналған Әуезовтердің бүкіл өмірі қазағым деп өтті, ұлтына рухани алтын қазық болумен өтті.

Қырғыз үшін Әуезовтердей күйген, қырғызға Әуезовтердей жақын, бір тамыр болып бүлкіл­деген, бір жан болып жасаған, бір қан болып аққан адам ілуде біреу.

Жанұраны – Ұлы дала, Ұлы жұрт  –қазақ еді.

Жанұраны – құстың қос қанатындай, тонның ішкі бауындай, екінің бірі, егіздің сыңарындай жақыны қырғыз еді.

14 маусымда ұлы адамның ұрпағы, ата мұрасын, ата қасиетін қас­терлеп сақтап келген Мұрат Әуезов, Мұрат ағамыз, Мұрат ұстазымыз дүние салды…

Ұлы ақиқатқа қарай жол тартты…

«Мұрат аға, қош!» деуге жүрек шыдамай, амал жоқ қиналып тұрған шағымыз бұл.

Сіз бұл өмірде ақиқатты сүйдіңіз, шындықты ту еттіңіз!

Осы киелі қасиетпен мәңгілік шын­дыққа қарай бет түзедіңіз... Рух сапарыңыз ұзақ бол­ғай.

Қош, Мұрат аға!..

 

Сұлтан РАЕВ,

ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы, қырғыз жазушысы