Әзербайжанның Шуша қаласында өткен «Түркі мемлекеттері ұйымы: геосаяси шындықтар мен жаһандық катаклизмдер аясында жаңа стратегиялық мақсаттарға жету жолында» атты халықаралық конференцияда «Amanat» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек сөз сөйледі. Ол өз пікірін «Түркі мемлекеттері ұйымы: жаһандық қауіпсіздікке аймақтық үлес» атты панельдік сессия аясында білдірді.
Дәулет Кәрібек Қазақстан Президентінің халықаралық саясаттағы байыпты бастамаларының маңызын және оның өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесін атап өтті.
«Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда жаһандық қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз ету міндеті «орта державаларға» жүктелгенін айтты. Дипломатия мен әріптестік қағидаларына сүйене отырып, орта державалар адамзаттың алдында тұрған жаһандық сын-қатерлерге қарсы бірге шығуға тиіс. Мемлекет басшымыздың пікірінше, ашықтық пен жаһандануға ұмтылу, дипломатия мен диалог аумақтық дау-дамайлардан бастап идеологиялық жанжалдарға дейін түрлі келіспеушілікті еңсерудің басты құралдарына айналуға тиіс», деді ол.
«Amanat»-тың Атқарушы хатшысы биыл Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалығы «Turktime!» ұранымен өтетініне назар аударды. Сондай-ақ Дәулет Кәрібек өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Түркі мемлекеттері ұйымын нығайтудың маңызына тоқталды.
«Геосаяси құбылмалылық, сауда және санкциялық соғыстар, жаһандық жеткізу тізбектерінің бұзылуы даму парадигмасының ауысқанын дәлелдейді. Осындай жағдайда Түркі мемлекеттері ұйымының рөлі арта түскен. Әлемдегі геосаяси жағдай шиеленіскен кезде Ұйым халықаралық саясаттың ұтымды және прагматикалық жүргізілуін, логистикалық, көліктік, дипломатиялық және т.б. коммуникацияларды қамтамасыз ететін тетіктердің бірі болып қалуда. Осылайша, Ұйым тұрақсыздықты еңсеру мен шығындарды барынша азайту үшін көпір болып қызмет етеді», деді ол.
Халықаралық конференцияға 300-ге жуық мейман қатысты. Олардың арасында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер мен бақылаушы елдердегі көшбасшы партиялардың жетекшілері болды. Шушада ұйымдастырылған Конференция түркі мемлекеттерінің қазіргі геосаяси шындықтары мен стратегиялық мақсаттарын талқылаудың маңызды алаңына айналды. Іс-шара ұйымға мүше мемлекеттердің халықаралық аренадағы позицияларын нығайтуға және тиімді ынтымақтасуға мүмкіндік береді.