• RUB:
    5.31
  • USD:
    463.77
  • EUR:
    495.49
Басты сайтқа өту
Балалар 18 Маусым, 2024

Жаз мезгіліндегі бала қауіпсіздігі: Нені білген жөн?

171 рет
көрсетілді

Ата-ана үшін де, бала үшін де жаз мезгіліндегі демалыстың орны ерекше. Ойын ойнап, ән айтып, асыр салмаса, ол бала бола ма? Жазғы демалыстың басталуы, әрине, көңіл қуантады, алайда баланың қауіпсіздігі мен өміріне бірқатар қауіп төнетіні де ақиқат. Ата-аналар жаз маусымындағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, естен шығармағаны орынды. Осы мақсатта ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы «Қарлығаш» балабақшасының әдіскері Жұлдыз Сәрсебаевамен тілдесіп, жаз мезгіліндегі қауіпсіздік ережелерін пысықтап қайттық.

Маманның айтуынша, жаз мезгілінде судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау маңызды. Себебі жазатайым оқиғалардың басым бөлігі шомылу маусымында жиі тіркеледі.

«Суда жүзе алмайтын балалар белден жоғары келетін терең жерге бара бермейді. Сондықтан суда жүзе алмайтын балалар емес, керісінше, өзіне сенімді балалар қайғылы жағдайға ұшырап жатады. Шомылу маусымында тек рұқсат етілген арнайы өзен-көлдерге барып, белгі қойылған жерлерден аспай, ондағы ережені қатаң сақтану қажет», дейді тәжірибелі маман Жұлдыз Мұхтарқызы.

Нені білу керек?

Қатты дауыл немесе үздіксіз толқын болған жағдайда шомылуға тыйым салынады.

Бейтаныс, белгілері көрсетілмеген жерлерге жақындауға болмайды. Сонымен қатар белгі қойылған жерден асып жүзуге болмайды. Тиісті белгі орнатылмаса, жағадан алыс жүзбеу керек.

Таяз жерге немесе белгісіз тереңдікке секіруге болмайды.

Жүзу ережелерін білмейтін балаларды арнайы су құралдарынсыз жіберу қауіпті.

«Ойыннан от шығады». Суға шомылғанда балаларды қызық көріп суға батыруға болмайды, себебі тұншығуы мүмкін.

Балаларға 10-15 минуттан артық ұзақ шомылуға болмайды.

Одан бөлек, табиғат аясындағы демалыста да қауіпсіздік ережелерін ұстанған абзал.

Нені есте сақтау керек?

Балаға үлкендердің қарауынсыз алысқа ұзап кетпеу керегін ескерту қажет.

Балалардың басына кепка немесе панама, жабық бас киім кигізу керек, себебі далада улы жәндіктер болуы мүмкін.

Балаларға ормандағы таныс емес жемістермен қатар, саңырауқұлақтар мен жеміс-жидектерді жеуге болмайтынын алдын ала түсіндіру қажет.

Балаларға табиғат аясында қоқыс тастауға, от жағуға болмайтынын ескерткен жөн.

Ересектер мен балалар жолда жүру ережесін де естен шығармау керек.

Біраз ережелер қарапайым болып көрінсе де, көп жағдайда ескерусіз қалып жатады. Сақтану шаралары қауіптен қорғайтынын біліп жүріңіз.

Не істемеу керек?

Жол үстінде доп қуып, ойнау қауіпті. Тыйым салынған жерлерден алшақ болған жөн. Жолдан өткенде айналаны бақылап, көліктердің жоқ екеніне көз жеткізу маңызды. Жол үстінде бағдаршам белгілері бойынша қозғалу керек. Балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмаған абзал.

Балалар - біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі. Балалардың дені сау, салауатты өмір сүруіне, ең алдымен, ата-ана жауапты. Бала денсаулығын өмірге келгеннен бастап қолға алып, оны дұрыс тамақтандырып, қажетті күтім жасау - ана мен әкенің басты міндеті.

Маманның айтуынша, бала терісі де арнайы күтімді қажет етеді.

«Бала терісін күн көзінен қорғау қажет, далаға шығар алдында, дәлірек айтқанда, 30 минут бұрын күннен қорғайтын арнайы жақпа майларды жағу қажет. Бірақ бұл жақпа майды баланың бүкіл денесіне жағуға болмайды, себебі терінің тыныс алуы бұзылуы мүмкін. Баланы қатты терлетіп немесе тоңдырып алуға да болмайды, бөбектің қосымша киімдерін үнемі алып жүру қажет», дейді Жұлдыз Сәрсебаева.

Жаз мезгілінде балалардың қауіпсіздігіне тек демалыс орындарында ғана емес, қоғамдық орындарда да қауіп төнуі мүмкін. Осы тұста маман бірнеше ұсынысын айтты.

«Балаңызға күн өтпес үшін жаз мезгілінде үнемі, әсіресе ыстық күндері міндетті түрде бас киім кигізу керек. Ас ішер алдында қол жууды әдетке айналдырыңыз. Жаз мезгілінде тамақтан уланып қалу қаупі артады, сондықтан кез-келген өнімді жақсылап жуу керек. Балаңызды бағдаршам түстерін ажыратуды үйретіп, жол ережелері туралы айтыңыз. Балаңызды өрт қауіпсіздігі ережелерімен де таныстырып, шырпы - қауіпті зат болып саналатынын ескертіңіз», деп толықтырды маман.