• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Өнер 19 Маусым, 2024

Қырық жылдан соң қайта жаңғырды

124 рет
көрсетілді

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрындағы талғамы биік көрермен сұранысына сай сахнадан түспей келе жатқан әйгілі «Сильфида» балеті қырық жылдан соң қайта жаңғырды. «Сильфида» балетінің алғашқы нұсқасы 1984 жылы 31 наурызда Эльза-Марианна Фон Розенің өңдеуімен Мариин театрының солисі, балетмейстер және Ресейдің еңбек сіңірген педагогі Ксения Тер-Степанованың сахналауымен қазақ көрерменіне ұсынылған болатын.

Бұл уақыт аралығында балет қойы­лымына кішігірім өңдеу, аз­даған то­лықтыру, кей сахнаны жетіл­діру, кейіп­керлерді жаңа буын актер­лері­мен алмастыру секілді әр кезеңге лайық өзге­ріс­терімен жаңаланғанымен, алғашқы түпнұсқа сақталып келген еді. Биылғы 90-маусымның шымылдығын жаңа кейіптегі жасанған «Сильфида» балетімен жабуды жөн көрген театр басшылығы елеулі жаңалыққа орай арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, алдағы жоспар-жобаларын бөлісті.

1832 жылдың 12 наурызында Париж­дегі музыка мен би Корольдік акаде­миясының сахнасында классикалық би өнерінің алдағы тағдыры мен бола­шағын анықтаған аса маңызды кеш болып өтті. Балет әртісі сахнада алғаш рет пуантымен биледі. Бұл сол замандағы ең әйгілі балет бишісі Филиппо Тальони­дің қызы Мари Тальони үшін Жан Шнейц­хоффер арнайы қойған «Сильфида» балеті еді. «Сильфида» романтикалық хореографияның жаңа дәуірін ашты. 1936 жылы Норвегия-Данияға ортақ композитор әрі органшы Херман Левенсхольдтың музыкасына, Август Бурнонвильдің сахналауында «Сильфида» балетінің тағы бір балама нұсқасы пайда болды. «Сильфида­ның» дәл осы нұсқасы әлем театрларында 188 жыл бойы көрермен назарына ұсынылып келеді. Либретто Ф.Тальони мен опера әншісі А.Нуридің 1822 жылы француз жазушысы Чарльз Нодье жазған «Трильби немесе Аргели рухы» атты новелласының негізінде жазылған. Тек Нодье поэмасында балықшының әйелі фантастикалық жаратылыс иесі – Эльфке ғашық болса, Нурри мен Тальонидің нұсқасында кейіпкер елес қызға ғашық болады. «Сильфида» – жас шотланд шаруасы мен ауа періштесінің өмірі бейнеленген екі актілі балет. Эффимен үйлену тойы қарсаңында жас шаруа Джеймске әдемі қыз бейнесіндегі ауа періштесі келеді. Джеймс сиқырлы елеске таңданып, оған жақынырақ келуді армандайды, алайда Сильфидаға кез келген адаммен жақындасу өліммен тең...

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры балет труппасының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Түткібаеваның айтуынша, «Сильфиданы» қайта жаңғырту үшін Ресейден Мариин театрының балет әртісі, «Benois de la Danse», «Золотая маска», «Золотой софит» сыйлықтарының лауреаты Леонид Сарафанов пен Ресейдің халық суретшісі, Қазақстан, Молдова, Беларусь елдері Мемлекеттік сыйлығы­ның лау­реаты Вячеслав Окунев қоюшы-суретшілік­ке арнайы шақырылған. Ресей­лік режиссер балетті өз қиялымен дамытып, көркем кеңістігін ұлғайтып, өз бояуымен жан берген. Тілшілердің: «бұрын­ғы спектакльмен салыстырғанда қандай елеулі өзгеріс енгізілді?» деген сұрағы­на В.Окунев: «спектакльдің келбеті тұтас өз­герді. Декорация, сценография, костюм, жарық беру шешімі, барлығы жаңа, екі ғасыр бұрынғы балеттің нұсқасы қалай болғанын біз білмейміз, бірақ біз балетті нақ осы қазақ театрының, оның әртістері­нің қалыптасқан дәстүрі мен мектебіне лайықтап қойдық» деді. Классикалық өнер ордасының сахнасында екі күн бойы аншлагпен өткен спектакльдің басты кейіпкері, Сильфиданың образында Жанел Түкеева, Джеймс – Богдан Вербовой, Медж, балгер – Әмір Жексенбек, Эффи – Айман Егісбаева көрінді. Ал спектакльдің қою­шы-дирижері – Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Нұржан Байбосынов.

 

АЛМАТЫ