• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Қаңтар, 2015

Бағыттар басымдықтарында – ілгерілеу алғышарттары

244 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев «Нұрлы Жол – болашақ­қа бастар жол» Жолдауын халық­қа жариялай отырып, Жаңа Эконо­ми­калық Саясатты белгілеп, өзінің стратегиялық көрегендігін тағы да айрықша паш етті. Президент алдымызда әлемдегі ахуалды түбегейлі өзгертетін жаһандық сынақтар кү­тіп тұрғанын алдын ала сезе білеті­нін көрсетті. Мұның алдындағы әлемдік қар­жы дағдарысы кезінде Үкімет «Жол картасын» қабылдап, дағ­да­рыс­қа қарсы тұрып қана қой­май, сонымен қатар, экономика өсі­міне де қол жеткізгені есімізде. Бұл жолы да кең ауқымды әрі мақ­сат­ты бағдарлама қабылданып отыр. «Нұрлы Жол» еліміз инфра­құры­лымын жақсартуға арналған жобаларды қамтитын болады. Неге? Өйткені, бұл жобалар муль­тип­ли­кативтік тиімділік әкеледі. Мұн­дай инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру барысында шағын және орта бизнес дамитын болады. Аталған қауіп-қатерлердің ал­дын алу мақсатында Мемлекет бас­шысы қолда бар ресурстарды, тетіктерді және мүмкіндіктерді шұ­ғыл жасақтауға жағдай туғы­затын Жаңа Экономикалық Саясат­ты алға тартты. Бұл шешімді мен Американы ұлы күйзелістен алып шығуға мүм­кіндік берген өзінің әйгілі жаңа бағытын ұсынған АҚШ президенті Франклин Делано Рузвельттің прагматикалық сая­сатымен және белгілі реформа­тор Дэн Сяопиннің терең бастама­лары­мен түпкі нәтижесінде елді әлем­нің екінші экономикасы мәр­те­бесіне көтерген Қытайдағы терең өзгерістермен бір деңгейде салыстырар едім. Жолдауда Президентіміз: «Бүгін­де бүкіл әлем жаңа сындармен және қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Әлемдік экономика әлі де жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс салдарынан айыға қойған жоқ. Қалпына келу өте баяу және сенімсіз қадамдармен жүруде, ал кей­бір жерлерде әлі құлдырау жал­ғасуда. Геосаяси дағдарыс пен жетекші державалардың санк­циялық саясаты әлемдік эконо­миканы қалпына келтіруде қосым­ша кедергілер туындатуда», деп қазіргі әлемде жалғасып жат­қан жаһандық экономиканың дағда­рыстық жағдайында еліміз экономикасының маңызды деген мәселелерін шешетін ауқымды бағдарын анықтап берді. Осындай қиын уақытта Мем­лекет басшысы халқымыз бен мем­­лекетіміздің тарихына, қауіп­сіз­дігіне және болашағына бейжай қарай алмайды. Нақты қауіптер мен заманның сын-қатерлерін негізге ала отырып, экономикамыз бен қоғамымыздың тұрақты дамуы, азаматтарымыздың әл-ауқаты мен өмірлік мүдделерін қамтамасыз ету үшін Қазақстанның қорғалуы мен қауіпсіздігінің әлсіреуіне жол бермеу мақсатында ел Президенті халыққа «Нұрлы Жол» атты жаңа әрі тарихи бағдарламаны ұсынды. Ал тарихи болатыны, Елбасы геосаяси жағдайды дөп басып бағалады, мемлекеттің жақын бо­ла­шақтағы даму бағытын айқын­дады және ел басшылығының Қа­зақстанның тағдыры үшін саяси жауапкершілікті өзіне алуға әзір екендігін растады. Елбасы өз сөзінде, Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк тара­пынан 2014 және одан кейінгі екі жылда әлемдік экономиканың дамуында болжам төмендеу жа­ғы­на қарай қайта қаралғанын, кейбір позицияларды жедел түрде қайта қарауды, сондай-ақ, алдағы кезеңдердің жоспарларына кезек күттірмейтін түзетулер енгізу және бұл шараларды 2015 жылдың 1 қаң­тарынан бастап жүзеге асыру қаже­ттілігіне тоқталды. Ұлттық қор­­да осыған дейін жинақталған қар­­жы көздерінің бір бөлігі эконо­ми­каның нақты мәселелерін шешу­ге жұмсалатынын, әлемдік дағ­да­рысқа қарамай, Мемлекет бас­шы­сы Үкіметке Қазақстан хал­қы ал­дын­д­ағы әлеуметтік міндет­теме­лер­ді толық көлемде атқаруды тапсырды. Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр аумақтың иесі. Сондықтан, аталған жоспар орасан қаражат пен еңбекті, аса ауқымды жұмысты қажет етеді. «Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» деген қағида қалыптасқан. Барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынасы айрықша маңыз­ға ие. Көне замандарда ірі қала­ларымыздың көбі Ұлы Жібек жолын жағалай қоныс тепкен. Қазір де қайнаған тіршілік күрежолдардың бойында. Жол – шын мәнінде өмір­­дің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық аймақтар темір­жолмен, тасжолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек. Астанада тоғысқан тоғыз жолдың тора­бы елорданың жасампаздық рухын тарататын өмір-тамырға айналуы тиіс. Аймақтардың өзара бай­ланысын жақсарту елдің ішкі әлеуе­тін арттырады. Облыстардың бір-бірімен сауда-саттығын, эко­но­микалық байланыстарын нығай­тады. Ел ішінен тың нарықтар ашады. Осылай, алысты жақын ету – бүгінгі Жолдаудың ең басты түйіні болмақ», – деп атап көрсетті. Жаңа Экономикалық Саясат­тың өзегі – жеті бағыт бо­йын­ша Инфрақұрылымдық даму жоспары ұсынылды. Олар – көліктік, индус­триялық, энергетикалық, әлеу­меттік және тұрғын үй инфра­құрылымын дамыту, сондай-ақ, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету әрі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты сумен және жылумен жабдықтауды жаңғырту. Бірінші – «Көліктік-логисти­калық инфрақұрылымдарды дамыту. Ол макроөңірлерді хабтар қағидаты бойынша қалыптастыру аясында жүзеге асырылатын болады. Оның үстіне, инфрақұрылымдық қаңқа Астанамен және макроөңірлерді магистральды автомобиль, темір­жол және әуе жолдарымен шұғы­ла қағидаты бойынша өзара байла­ныстырады. Бірінші кезекте, негізгі автожолдар жобасын жүзеге асыру қажет. Бұлар Батыс Қытай – Батыс Еуропа; Астана – Алматы; Астана – Өскемен; Астана – Ақтөбе – Атырау; Алматы – Өскемен; Қарағанды – Жезқазған – Қызылорда; Атырау – Астрахань. Сондай-ақ, елдің шығысында логистикалық хаб және батысында теңіз инфрақұрылымын құруды жалғастыру қажет. Батыс бағытта Каспий порты арқылы экспорттық әлеуетті арттыруға Құрық портынан ауқымды паром­дық өткел және Боржақты – Ерсай теміржол желісі ықпал ететін бола­ды. Үкіметке Қытайдың, Иран­ның, Ресей мен ЕО елдерінің «құр­ғақ» және теңіз порттарында тер­ми­налдық қуаттар салу немесе жалға алу мәселесін ойластыруды тапсырамын», – деді. Оның айқын мысалы былтырғы жылы жалпы ұзындығы 1250 шақырым болатын Жезқазған – Бейнеу және Арқалық – Шұбаркөл теміржол учаскелері пайдалануға берілді. Осы жолдарда 3,5 мың жаңа жұмыс орындары ашылды. Өткен жыл басынан бері еліміздің әуе компаниялары қазіргі заманғы 8 ұшақ сатып алды. 2020 жылға дейін Еуропада жасалған 61 әуе кемесін алу жоспарланған. Сөйтіп, 2020 жылға дейін жаңадан тағы да 75 халықаралық әуе қаты­насы ашылады. Екінші – Индустриялық инфра­құрылымдарды дамыту. Ин­ф­ра­құрылымдық жобаларды жүзеге асы­ру құрылыс материал­дары­на, кө­ліктік-коммуникациялық, энер­гети­калық және тұрғын үй-ком­му­налдық салалар үшін өнімдер мен қызмет көрсетулерге үлкен сұ­ра­ныс тудыратынын, осыған бай­ла­ны­с­ты жұмыс істеп тұрған ар­на­йы экономикалық аймақтарда инф­­рақұрылымдар қалыптастыру жұ­мыстарын аяқтау, өңірлерде қосым­­­ша инвестициялар тартуға ба­ғыт­­талған жаңа индустриялық ай­мақ­тар салу мәселесін ойлас­тыру­ды және туризм үшін инфра­құры­лым – же­ке бағыт екеніне, оның бас­ты ба­сымдығы жұмыс орындары са­нын көптеп құру мүмкіндігі бар, бір жұ­мыс орнын құру өнеркәсіпке қара­ған­да 10 есе арзанға түсетінін айтты. Үшінші – энергетикалық инфра­­құрылымдарды дамыту. Өткен 5 жылда энергетикада индуст­­рия­ландыру бағдарламасы шеңберінде үлкен жұмыстар жүргізілді. Соған қарамастан, магистральдық желі­лердің шектеулілігі елдің оңтүс­тік өңірлерінде электр энер­гиясының, орталық және шығыс облыстарында табиғи газдың тапшылығына бай­ланысты екі жобаға: Екібастұз – Семей – Өскемен және Семей – Ақ­тоғай – Талдықорған – Ал­ма­ты бағыттарында жоғары вольтты желілер салу қажеттігіне және бұл қазақ­стандық электр стан­сала­ры­ның елдің барлық өңірлерін тең­дестірілген энергиямен қамта­масыз етуіне мүмкіндік беретінін жеткізді. Төртінші – ТКШ мен су және жылумен қамтамасыз ету желілері инфрақұрылымдарын жаңғыртуды тапсырды. Бесінші – «Тұрғын үй инфра­құ­рылымдарын нығайту. Агло­мерациялар қалыптастыру айтар­лық­тай тұрғындар ағынымен қатар­ласа жүреді. Бүл еңбек нарығы мен қалалардың инфрақұрылымына, соның ішінде, тұрғын үй қорына қысым туғызады. Сондықтан жалға берілетін тұрғын үй құрылысына көзқарасты қайта қараған жөн. Мемлекет әлеуметтік жалдамалы баспананы салып, оны тұрғындарға сатып алу құқын бере отырып, ұзақ мерзімді жалға ұсынады. Баспананы тікелей, делдалдарсыз және несиеге барынша төмен пайызбен ұсыну оның сатып алу құнын арзандатуға мүмкіндік береді. Бастапқы жар­на­ның болмауы мен ипотека үшін төмен пайыздар баспананы қазақстандықтардың көптеген жіктері үшін қолжетімді ете түседі. Президент ұсынған шаралар тек экономика, қаржы институттары, көлік және өндіріс орындарын ғана емес, сондай-ақ, еліміздегі кең ау­қымды әлеуметтік салаларды, білім беру және денсаулық сақ­тау салаларын да қамтыған. Атап айт­қанда, алтыншы бағыт –  әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту. Елбасы өз сөзінде: «Бірін­ші кезекте, бұл – апатты мек­тептер мен үш ауысымда оқыту проблемаларын шешу.Үш жылдық бюджетте қарастырылған қаржы бұл проблеманы 2017 жылға дейін шешуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан Үкіметке қосымша 70 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын. Балалар бақшасының жетіспеушілігі – басқа мәселе. Мектепке дейінгі мекемелерде орындар тапшылығын түбегейлі қысқарту үшін 3 жыл бойы қосымша 20 миллиард теңге бағыттауды тап­сырамын. Индустрияландыру бағдарламалары шеңберінде база­ларында ғылымның экономика салаларымен және мамандар дайын­даумен байланысы қамт­амасыз еті­летін 10 ЖОО анық­талды. Осы мақ­­саттарға 2017 жылға дейін 10 мил­­лиард теңге бағыттай отырып, осы жоғары оқу орындарының мате­­риалдық-техникалық базасын қа­­лып­­тастыруды тапсырамын», – деді. Әрине, экономиканы шешіп алмай, әлеуметтік мәселелердің күрмеуін тарқату да мүмкін емес. Сондықтан Президент белгілеген жетінші бағыт: Шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау бойынша жұмысты жалғас­тыру. Бүгінде Ұлт­тық қордан ШОБ-ты қолдауға және несиелеуге бағытталған 100 миллиард теңге толықтай игеріл­генін, бұл 4,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді және сұра­ныс ұсыныстан 23 миллиард тең­геге асып түскенін айтты. Биз­несті 10 жылға бар-жоғы 6 пайызбен несиелеудің бұрын-соңды болмаған шарты жасал­ғанын, ШОБ-ты экономикалық өсім­нің драйвері ретінде дамыту және оның үлесін 2050 жылға қарай ІЖӨ-нің 50 пайызына ұлғайту бойынша жұмысты жалғастыруды және шағын және орта бизнес үшін 2015-2017 жылдары жалпы сомасы 155 миллиард теңге несие желілерін АДБ, ЕҚДБ, Дүниежүзілік банк есебінен тиімді пайдалану қажет екеніне ерекше мән берді. Осы тұрғыдан келгенде, Елбасы елдің тұрмыс жағдайын көтере­тін және тұрғындарды жұмыс орындарымен қамтамасыз ететін экономика салаларын қолдау қажеттігін алға тартты. Яғни, эконо­миканы дамыту үшін жолдарды салуға, халықтың жекелеген аз қам­тылған топтарына, шағын және орта бизнесті қолдау үшін бюджеттен, Ұлттық қордан, шетелдік инвес­ти­циялардан 24 млрд. АҚШ дол­лары бөлінетін болды. Жолдауда ел болашағы үшін: бірлік, еңбек, бейбітшілік, тұрақ­тылық, жауапкершілік сынды құн­ды­­лықтарды құрметтеуге және этнос­аралық келісімді сақтауға ерекше мән берілген. Сондықтан, біздің әр­қай­сымыз Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа саяси бағытын барынша қолдап, азамат­тығы­мызды таныта білуіміз керек. Тек қана алға! Біз Ел­ба­сының бар­лық бастамаларын қолдаймыз! Ақсерік ӘЙТІМОВ, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, техника ғылымдарының кандидаты. Батыс Қазақстан облысы.