Кейінгі жылдары Қытай мен Жетісу арасындағы сауда-экономикалық, мәдени үдеріс ерекше қарқын алды. Инвесторлар да өңірге қаржы құйып, түрлі әлеуметтік бастамаларға мұрындық болып жатыр. Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр облыс пен ҚХР арасындағы тауар айналымы 3,8 млрд доллар немесе 1,7 трлн теңгеге жеткен.
«Екі ел басшылары сауда-экономикалық, мәдени және гуманитарлық қатынастарды жаңа сапалық деңгейге көтерді. Соның арқасында кейінгі жылдары Жетісу облысында елеулі ынтымақтастық нәтижелеріне қолжеткізілді. Біздің өңірдің Қытаймен жалпы шекарасы шамамен – 563 шақырым. Іргелес өңірлермен де қарым-қатынас белсенді дамып келеді. Қытай ірі экономикалық серіктесіміз, бұл ретте облыстың сыртқы тауар айналымындағы үлесі 89%-ды құрайды. Мәселен, өткен жылы біздің облыс пен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы (ШҰАА) арасында бауырластық байланыс орнату туралы келісімге, «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығында (ХШЫО) қызметін үйлестіру тетігін құру жөнінде меморандумға, сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды», деді Б.Исабаев Қытай елінің Алматыдағы Бас консулы Цзянь Вэй бастаған делегациямен кездесуде.
Ол облыстың көлік-логистикалық әлеуетіне ерекше назар аудара отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, баламалы энергетика секілді ынтымақтастықтың келешектегі бағыттарына да тоқталды.
«Қытаймен шекарада 5 кеден бекеті бар республикадағы жалғыз өңірміз. Мысалы, 2023 жылы тек «Алтынкөл» кеден бекетінің өзінен 343 мыңнан астам көлік құралы өтті. «Достық» стансасында, «Достық – Алашанькоу» шекаралық өткелімен тікелей жақын жерде өткізу қуаты жылына 3,9 млн тонна немесе 300 мың контейнер болатын көпфункционалды жүк тасымалдау терминалдары жұмыс істейді. Қазір «Достық» стансасында «Алакөл» автомобиль өткізу бекетін кеңейту мен жаңа терминал салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде жолақ саны 2-ден 6-ға дейін, ал өткізу қабілеті тәулігіне 200-ден 1 600-ге дейін артады. «Достық – Мойынты» теміржол желісінің екінші желісін салу ірі жобасы «Достық» стансасының өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Экономикалық өсімнің тағы бір нүктесі – «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы (АЭА). Оның аумағында қуаты тәулігіне 1 400 вагонды өңдеуге жағдай жасайтын құрғақ порт жұмыс істейді. Осы ретте біздің ынтымақтастығымыздың маңызды инвестициялық жобасы ретінде «Қазақстан – Қытай халықаралық қаласы» туралы да айта кеткен жөн. Шекара маңы ынтымақтастығының тағы бір маңызды бағыты – «Қорғас» ХШЫО. Осының бәрін қорытындылай келе, біз бірлескен жаңа инвестициялық жобаларды, әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, туризм, «жасыл» энергетиканы дамыту саласындағы ынтымақтастыққа дайын екенімізді айтқым келеді», деді Б.Исабаев.
Бас консул облыс әкіміне жылы қабылдағаны үшін ризашылығын білдіріп, бұл кездесу ынтымақтастықтың нығая түскенін айғақтайтынын тілге тиек етті. Сондай-ақ Цзянь Вэй ханым шекара маңындағы ынтымақтастық аясын одан әрі кеңейту мәселелері мен мүмкіндіктеріне егжей-тегжей тоқталды. Кездесу барысында тараптар түрлі саладағы бірлескен жобаларды іске асыруға, сондай-ақ әріптестік байланысты жан-жақты кеңейтуге дайын екенін білдірді. Бұдан соң делегация Талдықорған қаласындағы Достық үйімен, Алакөл ауданындағы «Достық» бекетіндегі өткізу пунктімен танысты.
Жетісу облысы