Светлана СУББОТИНА «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген нақылды жиі қайталайды
Бірде жұбайым екеуміз Селекционный кентіне бара жатқанымызда, көлігімізден ақау шығып, жолда тоқтап қалдық. Жөн сұраса келе, бұл көшеде бес бірдей дәнекерлеуші тұратынын білдік. Айтылған үйлердің біріне кіргенімізде, алдымыздан әйел адам шығып, соңынан еруге ишара етті. Қолымыздағы темірді күйеуіне көрсетпекші болар деп соңынан ілестік. Сөйтсек, оның өзі дәнекерлеуші екен, сынған бөлшекті әп-сәтте дәнекерлеп берді. Бес баланың анасы, дәнекерлеуші Светлана СУББОТИНАМЕН таныстығым осылай басталды. Ол кісі бізге сыр тиегін төмендегіше ағытып еді:
– Дәнекерлеу жұмысына ең алғаш мұқтаждықтан келдім. Мектеп бітірген соң тұрмысқа шықтым. Кенже балам үшке толғанша он бес жылға жуық үйде отыруыма тура келді. Бұл 1998 жыл болатын. Күйеуім сол уақытта жүргізуші еді. Қысты күні машинаның салқындығын айтып, жұмысынан бас тартты. Бара-бара екеуміздің жолымыз екі жаққа айырылды. Шиеттей бес баланы асырау қиынға түсті. Жұмыс таба алмай, біраз сенделдім. Сөйтіп жүргенде, еңбек биржасындағы бір танысым кезігіп, «Дәнекерлеуші болғың келсе, маман ретінде тапсырыс берейік, үш ай оқытып, жұмысқа орналастырамыз», – деді. Бірден келісіп үш ай оқыдым.
Теориялық және тәжірибелік бағытта екі ұстазым болды. Алғаш барғанда «Маскадан электродқа дейін» атты сабақ өтті. Сол кезде: «Мен қайда келдім?» деп ойланып та қалдым. Өйткені, құрал-сайманның атын жаттай алмай, бес рет қайталағаннан кейін түсінетінмін. Практикалық курсты «Аяз» ЖШС-інен өтуге бардым. Жоғары кернеулі электр қуатымен дәнекерлейтін аппаратпен темір кестім. Бұған дейін дәнекерлеуші мамандығына еш қатысы жоқ мен сияқты адамның бұл мамандықты аяқ астынан таңдап, жұмыс істеп кетуі өте қиын екен. Шын мәнісінде, үш айда адам ешнәрсеге үйренбейтінін ұқтым.
Оқуды бітіріп, еңбек биржасы жіберген жерге жұмысқа барғанымда, ондағылардың «бес балалы әйел дәнекерлеуші бола ала ма?» – деген сауал жүздерінде тұрды. Мен жұмыс барысында ешқашан сырқаттық парақ алмаймын деп жұмысқа алуын өтіндім. Сөйтіп, «Аяз» ЖШС-іне жұмысқа тұрдым. Бірде қасыма тәжірибелі дәнекерлеуші келіп: «Мен құбырды дәнекерлей алмаймын. Ал сіз дәнекерлеуге тырыстыңыз, бірақ сізден де қате кетті. Дегенмен, бұл мамандықты неге таңдадыңыз?» – деп сұрады. «Балаларым қандай жұмыс жасайсың деп сұрамайды. Менен тамақ сұрайды. Сол себепті үйренуге міндеттімін», дедім мен. Кейін мені «өз ісін сапалы орындамағаны үшін» деп екі жылдай дәнекерлеу жұмысына қоспады.
Күндердің күнінде бұл мамандықтың «майын ішкен» бір жақсы адамды кездестірдім. «Дәнекерлеу барысында мынандай қарапайым әдістерді түсініп, оларды бұлжытпай орындасаң, бұл кәсіпті көп ұзамай игеріп кетесің», – деп біраз нәрсеге көзімді ашты. Сонда ғана «Осынша уақыт еңбектенсем де, дәнекерлеудің қарапайым жолын түсінбей келген екенмін ғой», деп ойға қалдым. Осыдан кейін алдымнан толғандыратын мәселе шыққан жоқ деуге болады. Дәнекерлеуде жоғары қысымды газ толтырылған, қауіпті ерітінді құйылған құбырды жөндеу үлкен шеберлікті талап етеді.
Бірде бірнеше адамбыз, құбыр жөндеп жаттық. Әлгіні дәнекерлеп болып, енді құбырға мазут айдап оны байқап көру ғана қалған еді. Қосып келіп жібергенімізде, жоғары қысыммен мазут атқылады. Сөйтсек, жапқыш кранды толық жаппаған екенбіз. Жұмысшылардың барлығы сыртқа қашып жатыр. Мен болсам, қолыма іліккен әлденені қалқалап кранды жауып үлгердім. Ғимарат ішінде екі-ақ адам қалыппыз. Жұмысқа жаңадан келген жас жұмысшы есіктің артына тығылып тұр. Әлгі баладан «Неге қашып кетпедің» деп сұрасам, «Сізден ұялдым», дейді. Бәріміз күліп алдық. Сөйтіп, әлгі құрылыс мекемесінде дәнекерлеуші болған тұңғыш әйел адам мен екенмін. Жалпы, нәзік жандылар ұмтылса, алдына мақсат қойса, кез келген істі де дөңгелентіп алып кете алады. Оған кепілдік беремін.
2008 жылы Тараз қаласында өткен дәнекерлеушілердің республикалық жарысына қатысып, екінші орын алдым. Қазір немерелерімді қараймын. Ерінбеген, ұмтылған адамға үйде отырып та ақша табуға болады. Инкубатор құрылғысымен балапандар шығарамын. Жүзім өсіріп, өскіндерін де, жемісін де сатамын. Бір түбін 700-800 немесе 1000 теңгеге сатып, маусымына миллион теңгедей табыс түсіреміз. Адам тынымсыз еңбекпен шыңдалады. Балаларым мен келіндеріме «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп жиі айтамын. Тер төгіп, нан тапқан адамның өмірге деген көзқарасы ерекше болады. Өмірдің бір қызығы мен бақыты да осы емес пе?!», – дейді дәнекерлеуші әже.
Жазып алған
Гүлсезім БИЯШЕВА, журналист.
ОРАЛ.