• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Заң 23 Маусым, 2024

Заң тәжірибесінде маңызды рөл атқарады

139 рет
көрсетілді

Жүйелі түрде жүргізіліп жатқан сот реформасы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының, заңды мүдделерінің әділ қорғалуын қамтамасыз ету, сол арқылы елімізде заң үстемдігін орнату мақсатын көздейді. Өткен жыл біз үшін үшін іргелі бастамаларға толы болды. Ең басты ерекшелік деп Конституциялық Соттын құрылуын айтуға болады.

Отандастарымыз құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін Ата Заңға қайшы келетін нормаларға шағымдарын Конституциялық Сотқа тікелей беру мүмкіндігіне ие болды. Мұндай құқық Бас прокурор мен адам құқықтары жөніндегі уәкілге де берілді.  Өтініштерді қарау тәртібі жалпы соттардағы іс жүргізу тәртібінен түбегейлі ерекшеленетін Конституциялық Сот - құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам. Сот әкімшілігі құрылып, ол айрықша мәртебеге ие болды. Айрықша деп отырғанымыз, Сот әкімшілігі атауын өзгертіп қана қойған жоқ, оның дәрежесі Үкімет пен Парламент апараттарының деңгейімен теңесті. Қоғам үшін бала болашағы қашанда маңызды.

Сот саласындағы бір игі бастама «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне процестік заңнаманы жетілдіру және сот жүйесін реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын толықтыру арқылы жүзеге асты. 

Осы Заң арқылы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған соттардың құзыреті кеңейді. Соған орай, аталған соттардың қарауына азаматтық істердің бірқатар санаты берілді. Олар соттар кәмелетке толмаған ортақ балалары бар ерлі-зайыптылар арасындағы некені бұзу, мүлікті бөлу, алимент төлеу, оның мөлшерін өзгерту, алименттер бойынша берешекті төлеуден босату, кәмелетке толмағандардың мұрагерлік құқықтарын қорғау, сондай-ақ Қазақстанға заңсыз алып келген немесе ұстап отырған баланы кері қайтару туралы және өзге кәмелеттік жасқа жетпегендердің заңды құқықтары мен мүдделері қозғалатын істер мен даулардың барлығын қарау құқығын алды.

Ата Заңмен айқындалғандай, судьялар сот төрелігін атқару кезінде тәуелсіз, тек Конституция мен заңға ғана бағынады. Ешбір мемлекеттік орган, қоғамдық ұйымдар мен лауазымды адамдар судьяларға ықпал ете алмайды. Сондықтан күштік құрылымдар тарапынан судьяларға қандайда бір қысым жасау тетіктерін болдырмау үшін оларға қатысты жасырын арнайы жедел іс-шаралар Бас прокурордың санкциясы болған кезде ғана жүргізілетіні заңнамалық тұрғыда бекітілді. Бұрын мұндай әрекеттерге облыс прокурорларының санкциясы жеткілікті болатын.

Сот жүйесі өз бюджетін қалыптастыруда қаржыландырудың жаңа моделіне осы жылы қол жеткізді. Бұған дейін соттардың бюджетін Үкімет пен Парламент шешіп келсе, енді қаржы көлемі республикалық бюджетте нақты бекітілетін болды. Мұндай дербестік соттардың тәуелсіздігін одан әрі нығайтары анық. Барлық саладағы реформа азаматтардың бұзылған құқықтарын тез арада қалпына келтіріп, сот арқылы қорғалу мүмкіндіктерін одан әрі арттыруға, сол арқылы сотқа деген сенімді нық қалыптастыруға бағытталған. Сондықтан, жаңа бастамалар мен игі істер үздіксіз жүргізіліп, жылдан-жылға жалғасары анық.

Бұл ретте Жоғарғы Сот пен Сот әкімшілігі тарапынан іске асырылып жатқан реформалар өз нәтижесін беріп жатыр.  Саладағы реформа бойынша заңнамалық түзетулердің екінші блогы қолға алынып жатыр. Бұл түзетулерді Сенат алаңында арнайы құрылған жұмыс тобы әзірлеген. Өзгерістер «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, процестік кодекстерге, сондай-ақ бірқатар арнайы заңдарға енгізіледі. Мұндағы негізгі жаңашылдық – қылмыстық және азаматтық істер бойынша кассациялық өтініш хаттарды алдын ала қарауды алып тастауға бағытталған.

Бұл ретте ел Президентінің тапсырмасы бойынша дербес кассациялық инстанциялар құру мәселесі пысықталып жатқанын айта кету керек. Заң жобасы Сот алқасының және Сот төрелігі сапасы жөніндегі комиссиясының жұмысын жетілдіруді, судьялардың тәуелсіздігін күшейтуді көздейді. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында апелляциялық немесе кассациялық сатыдағы сот актісінде көрсетілген өрескел бұзушылықтардың барлық фактісі автоматты түрде Сот алқасына берілетін жаңа механизм енгізілмек.

Сондай-ақ, бағалау көрсеткіштерінің саны оңтайланады, отставкадағы судьялар үшін әлеуметтік пакет жақсарады. Жыл басында ғана іске кіріскен Конституциялық сот қордаланған мәселелердің оң шешімін табуына септігін тигізіп жатыр. Президент  атап өткендей, заң үстемдігі қағидаты – еліміздегі саяси реформалардың өзегі. Ал жүргізіліп жатқан реформалардың сапасының маңызы зор.  Кассациялық соттың құрылуы - Мемлекет басшысының тапсырмасы. Сот жұмысына, судьялар шығарған сот актілерінің сапасына арызданушылар аз емес.

Әрине, сот отырысында екі тараптың мүддесі қозғалғандықтан, жеңілген тараптың өкпе-реніші болатыны рас. Бірақ дауды шешудің баламалы тәсілдерін енгізу, сот актілерін түсіндіру, сот отырыстарын бейнетаспаға жазу бойынша қолға алынған шаралар сот жұмысына деген наразылықты біршама төмендетті. Жоғарғы Сот мұнымен тоқтап қалмай, төрелікке деген сенімді қалыптастыруға түрткі болатын тетіктерді жан-жақты қарастырып жатыр. Әсіресе Кассациялық сот құру басты орында тұр.

Кассациялық сот - төменгі органдар  шығарған сот шешімдерін қадағалайтын және түзететін сот жүйесінің бір түрі. Істерді кассациялық сатыдағы сотта қарау белгілі бір негіздер бойынша ғана мүмкін болады. Кассасиялық соттың негігі міндеті сот шешімдерін қабылдау кезінде заңдардың дұрыс қолданылуы мен түсіндірілуінің сақталуын қамтамасыз ету. Ол істің нақты және дәлелді жақтарын қарастырмайды, тек заңның дұрыс қолданылуын заң жүзінде тексерумен ғана шектеледі.

Кассасиялық сатыдағы сот даулы іс материалдарын егжей-тегжейлі  зерделемей, сот шешімдеріндегі нормалардың сақталуын тексеруге баса назар аударады. Кассациялық сот заң тәжірбиесінде маңызды рөл атқарады және құқықтық жүйенің дамуына ықпал етеді. Оның шешімдері жаңа жағдайлардың орын алуы үшін және қоғамдағы дауларды шешуде өте маңызды. Мұндай сот жалпы юрисдикциядағы соттар жүйесінде соңғы шешуші истанция ретінде әрекет етеді.

Бұл істі кассациялық сотта қарағаннан кейін шешімге шағымдануға мүмкіндік жоқ деген сөз. Сондықтан кассациялық соттың шешімі түпкілікті болмақ.  Мәселен, кассациялық сатыдағы сот шешімдерінің заң тәжірбиесі мен сот практикасын қалыптастыруда маңызы зор. Кассация біркелкі нормаларды белгілеуге, заңнаманы түсіндіруге және үйлестіруге, сондай-ақ кейінгі істер мен сот шешімдеріне үлгі болатын жаңа жағдайларды жасауға әсер етеді. Сот жүйесін заңсыз шешімдерден тазарту функциясында атқаруда кассациялық соттың рөлі зор.

Төменгі сатыдағы соттың шешімі заңсыз немесе негізсіз деп танылса, кассациялық сатыдағы сот оның күшін жойып, істі жаңадан сот талқылауына жіберуі немесе түпкілікті шешім қабылдауы мүмкін. Осылайша, кассациялық саты құқықтық тәжірбиені қалыптастыруда және дауларды шешуге ықпал етуде маңызды рөлге ие. Оның шешімдері құқықтық жүйені одан әрі дамытудың негізі бола отырып, әділдік пен заңдылықтың үлгісіне айналуы тиіс.

Досжан Төленбеков, аудандық соттың төрағасы

Байзақ ауданы,

Жамбыл облысы.