• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
20 Қаңтар, 2015

Ақпараттар  ағыны

204 рет
көрсетілді

*«ҚазАгро» холдингі егін науқанын қаржыландыруға өтінімдер қабылдай бастады. Құрылымның баспасөз қызметі хабарлағандай, агроөндірістік кешен субъектілерін қолдау мақсатында холдингке 60 млрд. теңге көлемінде бюджеттік несие берілді. * Елімізде кәсіпкерлерді қолдайтын жаңа бағдарлама іске қосылды. «Бәйтерек» холдингі өкілдерінің сөзіне қарағанда, оған өз өнімдерін экспорттаған, өсім қарқыны мен тұрақты қаржы көрсеткіштеріне ие орта бизнестегі отандық кәсіпорындар қатыса алады. * Республикамызда тіркелген заңды тұлғалардың қатары өсіп келеді. Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, қазіргі таңда аталған санаттағы азаматтар саны 353 833 бірлікті құраған. Бұл – өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 4,4 пайызға артық. * Астанада «Қамқорлық» акциясы аясында балаларға әлеуметтік көмек көрсетілді. Нақтылай айтқанда, елордалық 7 мектептен келген 50 оқушыға қалалық білім басқармасы мен «KZ» қоғамдық қоры қыстық киімдер сыйлады. Айта кетейік, 2014 жылы бұл акция шеңберінде қала бойынша 23 млн. теңгеден артық қаржы жиналған. *Алматы облысында заманауи жылыжай ашылды. Аймақ басшысы Амандық Баталов бұл жобаның «Бизнестің жол картасы-2020» және «Агро­­­бизнес-2020» МБ аясында іске асырылғанын мәлімдеді. Қарасай ауданындағы «Мадмар» шаруа қожалығына тиесілі ке­шен­­нің аумағы 6 гектарды құ­­рай­ды. Мұнда 2 мың тоннаға дейін көкөніс өсіруге мүмкіндік бар. * Оңтүстік Қазақстан мем­лекеттік университеті ҮИИД МБ бойынша мамандар дайындайды. Аталмыш оқу орнының проректоры Дархан Сабырхановтың айтуынша, әзірге құрылыс индустриясы, тамақ және химия өнеркәсіптері мен мұнай-химия саласына қажетті мамандардың сұранысын қанағаттандыру көзделіп отыр. Бұл бағытта Үкімет тарапынан қаржы жеткілікті деңгейде қаралған. * Қызылордалықтар «Ал­тын асық» бағдарламасын тиімді пайдаланып келеді. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі атап көрсеткендей, өткен жылы өңірдегі 12 шаруашылық «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-тың облыстық филиалы арқылы 131,0 млн. теңгеге 5 627, ал 5 ұжым өз қаржысы есебінен 96,2 млн. теңгеге 4 470 бас қой сатып алған. * Ақмола облысында ЭКСПО-2017 нысандары­на қа­жетті құрылыс материалда­ры шы­ғарыла бастады. Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің дерегінше, Шортанды ауда­нындағы Turan industry ЖШС табиғи тастардан (травертин, мәрмәр, гранит) қаптауыш тақталар өндіріп отыр. Сондай-ақ, жаңа технологиялармен жабдықталған кәсіпорын жылына 50 мың тонна өзге де өнімдер шығаруды жолға қойған. * Қостанайлық ардагерлерге 150 мың теңгеден беріледі. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына арналған шараларды өткізуге республикалық бюджеттен 326,1 млн. теңге бөлінгенін жеткізді. Қазіргі таңда өңірде соғыс ардагерлері мен мүгедектерінің саны – 366. *Павлодар облысының Қызылжар ауылындағы құс фабрикасы алғашқы өнімдерін нарыққа шығарды. Ауылдық округтің әкімі Ержан Түсіпбеков «Бизнестің жол картасы-2020» және «Агробизнес-2020» бағдар­ламалары аясында іске қосылған кәсіпорын 1 500 тоннадай құс етін жергілікті нарыққа жөнелткенін жеткізді. Болашақта аталмыш фабрика өңірдің құс етіне деген сұранысының 70 пайызын өтеуді жоспарлап отырған көрінеді. Хабарлар Үкімет, облыстық әкімдіктер сайттары мен «ҚазАқпарат» деректері бойынша дайындалды.