Мұндай концертті көрген де, көрмеген де арманда. Көктемде Астанаға жер жәннаты Жетісу көшіп келгендей, сол өңірдің ән-күй өнері қалықтаған. Осы жолы Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының ұйымдастыруымен «Арқаның ән-күй мұрасы» атты дәстүрлі өнер кеші аталған ұйым ғимаратында аспандады. Ән-күйі мен әңгімесі қоса есілген кеш Біржан салдың 190 жылдығына орайластырылғаны және бар.
Арқа мәдениетінің кіндігі Қояндыдан кейін осы Қараөткел болғанын ешкім жоққа шығара қоймас. Ертеден өнердің астанасындай жарқырағаны, сал-серілер ту тіккені байқалады. Атақты Мәди «міндім де Қаракөкпен жылыстадым, бардым да Қараөткелге жыл қыстадым» дейді. Балуан Шолақ Қараөткелдің базарында Ғалия деп ән салғаны белгілі. Ғазиз ақын «әнші жоқ Қараөткелде менен асқан» деп масаттанады. Ықылас Дүкенұлының осында қобыз шалғаны туралы әңгімені Тәкен Әлімқұлов тасқа қашап кеткен. Қазір Алаш даласының әр түкпіріндегі ән-күй өнерін әйгілеп жүрген небір саңлақ өнерпаздар Астананың төріндегі «Қазақконцерттің» «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығында. Жасыратыны жоқ, Тәттімбеттің «Бестөресін» Бауыржан Мұхаметбай таза сыбызғыда орындап шыққанда таңғалмасқа қоймады. Домбырадай бебеу қақтырмаса да, сыбызғы үнінен асқан бір жайлылық еседі. «Жаяулатса, баяулап, Арқаның қоңыр желіндей. Тамылжытып, сынықсып, жаңа түскен келіндей» демеуші ме еді Жүсіпбек Аймауытов «Әнші» әңгімесінде? Әміренің даусына бола туған бұл сөз сыбызғыға да тән. «Болат Сарыбаев, Ахмет Жұбанов, Өзбекәлі Жәнібеков ағалардың іздеп-тауып, бізге табыстап кеткен қазақтың көне аспаптары бар ғой. Солардың барлығын біздің «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығынан тыңдай аласыз. Мәселен, бұған дейін жетіген мен сыбызғыны тек қысқа ғана партиясы бар, оркестр, ансамбльдің музыкасын толықтыру мақсатында қосымша сүйемелдеуге жарайтын, мүмкіншілігі аз аспап ретінде танып келдік. Ал қазір домбырамен шертілетін күйлер, дәстүрлі әндердің біразы аталған аспаптарда жеке орындалып жүр», дейді концертті тізгіндеуші Жасұлан Наурызбайұлы.
Айзат Қарабек орындаған халық әні «Гауһартастан» кейін әнші Медет Салықов Біржан салдың «Жамбас сипарын» қалықтатты. Ән десе, Ақан Сері мен Біржан Сал еске түспей ме? Алғашқылардың бірі болып Біржанның әні шырқалмағанда ше? Қайбір жылдары бір әнші досым «әлем музыкатанушыларының біразы Димаштан кейін мелизматикамен «ауырып» кетті. Мелизматиканың атасы Біржанның «Сырғақтысында» тұрған жоқ па? «Басып-басып алайын, о-оу, ырғақтыма», деп иірімдерін ауаға қолымен қойғандай қылып, суретін салып айтып бергенде басымызды шайқағанбыз. «Жамбас сипардың» да әр тұсынан әлгіндей қат-қабат иірімдер ауаға ізін салып бара жатпай ма? Соның әр нүктесін тап басқан әншінің даусын айт! Сезімінің ояуын айт! «Шетіне орамалдың түйдім сусар» дейді. «Бұлғын-сусар» деген күй де бар қазақта. Сусар деген аңды орамалға түйіп неғылсын? Оның терісі өте бағалы болса, екінші жағы безінен өте жағымды иіс бөлінеді екен. Соны кептіріп, баяғыда сал-серілер орамалдың ұшына түйіп, жанына байлап жүреді. Үстінен жұпар аңқиды да тұрады сонда. Мұндай ғаламат әнді түсінерге де осыншама зерде керек. Сусарда несі бар деп бас қатырасыз, әйтпесе. «Ел қыдырған есер шақта орамалға сусар түйген» сал-серілер аз болмаған қазақ даласында.
Қазақтың ән-күй өнерінің атын шығарған сал-серілердің көбі осы топыраққа тән болғандықтан, Арқа ән-күй мұрасының орны қашанда бөлек. Біржан, Ақан, Үкілі Ыбырайлар қазақтың классикалық кәсіби ән мектебінің бастауындағы тұлғалар. Шертпе күйдің аталары Тәттімбет Қазанғапұлы, Сайдалы Сарытоқа, Қыздарбектер бастаған көш Айдостың Сембегі, Әбікен Хасенұлынан бүгінге жалғасты. Биыл Біржан бабамызға 190 жыл толса, Балуан Шолаққа – 160 жыл, қазақтың кәсіби әншілік мектебін ашып, туын тіккен Жүсіпбек Елебеков пен Ғарифолла Құрманғалиев болса, осы Жүсіпбек атамызға – 120 жыл, тағысын тағылар айтылмай қалмады дәстүрлі өнер кешінде.
Ақан Серінің «Қараторғай» әнінің музыкасын Венера Табыс жетіген аспабына өңдеп түсіріп, жеке шығарма ретінде тартып шықты. Қазақ өнерінде сыбызғы мен жетіген, шаңқобыз жыл өткен сайын кеңінен тарап келеді. Оның тағы бір мысалы, Қосшы қаласының Мәдениет үйінде ұлттық аспаптар мұражайын ашып отырған Азамат Бақия. Ол – бұған дейін шаңқобызбен әлемді аузына қаратқан бірегей өнер иесі.
Тәттімбеттің «Сылқылдағын» Қайрат Айтбаев сылқылдатты. Ықылас Дүкенұлының «Жезкиік» күйін қобызшы Раушан Оразбай тартты. Раушан да қобызымен әлем елдерін аралап өнер көрсеткен сирек өнерпаз. Әнші Толғанбай Сембаев Біржан салдың «Ләйлім шырағын» әуелетіп салды десе болғандай. Шашубайдың «Аққайыңын» Перизат Тұрарова сыңсытып салса, Жанғали Жүзбай Айдостың Сембегінің «Наз қосбасары» мен Қыздарбек Төребайұлының «Сылқым қызын» домбырада сөйлетті. Дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали Шаманың әні «Шама» мен Молдабайдың әнін шырқап, кеш шымылдығын түрді.