Шымкентте жаңадан ашылған «Tulip Hall» конгресс-холында Қала күніне орай мерекелік концерт ұйымдастырылды. Оған ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары мен жастар қатысты. Салтанатты басқосуда әкім Ғабит Сыздықбеков сөз сөйлеп, жиналған қауымды Қала күні мерекесімен құттықтады.
«2200 жылдық тарихы бар қаламыз даму шежіресін алтын әріптермен жазып келеді. Қаламыздың келбеті жылдан-жылға ажарланып, экономикасы өрлеп, халықтың әл-ауқаты артуда. Жаңа идеялар мен жоспарлар, ауқымды инвестиция миллионды қаланың дамуына жаңа серпін беріп отыр. Игіліктің барлығы – сіз бен біздің ортақ еңбегіміз», деді қала әкімі.
Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов концерттік кеште бір топ азаматты «Шымкент қаласының құрметті азаматы» атағымен марапаттады. Аталған атаққа ие болғандардың ішінде «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері Орынбай Рахманбердиев те бар. Ол кісі шырайлы шаһардың өткені туралы жылы естелігін айтып, қазіргі даму қарқынына қатысты ойларымен бөлісті.
«Меніңше, бүгінде қалада тамақ, тоқыма өнімдерін шығаратын зауыт-фабрикаларды көбейту керек. Шымкент Өзбекстан астанасы Ташкентке тиіп тұр. Міне, сол алып шаһардың да инвестициялық мүмкіндігін пайдалануымыз қажет. Біріккен кәсіпорындар құрып, бәсекелестік тудырған тауарларды шығарып, өздеріне сатып отырсақ, несі жаман? Қазір нарықтық экономикадамыз. Дегенмен шатқаяқтап тұрған кәсіпорындарды аяққа тұрғызып алу үшін жартылай жоспарлы экономикаға көшсек те жаман емес. Бұл енді – менің жеке көзқарасым», деді О.Рахманбердиев.
Айта кету керек, қала күнінің қарсаңында «Tulip Hall» ғимараты халық игілігіне берілді. Үшқабатты ғимараттағы концерт залының сыйымдылығы – 2066 орын. Одан бөлек 190 орындық конференция залы бар.
ШЫМКЕНТ