Дүниеде қанша сан бар? Әгәраки, «1, 2, 3...» деп кете берсеңіз, әйгілі философ, математик Жүсіп әл Кинди сізді теріске шығарады. Ол өзінің «сан үйлесімі» трактатында «бір» ғана сан болып есептелетінін, ал қалғаны реттіліктер екенін жазады.
Кинди «бір» санын «бір» арқылы біріккен материалмен шатастырмау керек екенін, басқаша айтқанда, біз санай алатын нәрсемен шатастырып алмауды есімізге салады. Материалды заттар класы «сандардан емес, саналатын заттардан тұрады» (маʿдудат лә ʿадад). Мәселен, біз «бес жылқы» деген кезде жылқылар бес санымен саналады, бірақ бұл – материясыз сан, материя жылқыларда ғана болады» дейді ғалым. Бұдан біз нені ұғамыз? «Бірден» өзге сандардың бәрі жоқтық санатында. Жалпақ әлемнің бәрі жалғыз «бірді» құрайды. Кинди бірдің жаһандық қозғалыстың өзі емес, бастауы дейді. Болмыс «Бір» болуын доғарса, әлемнің «Бар» деген сипаты да жоғалады. Демек біз барлығымыз «Бірдің» ішінде, «Бір» де біздің ішімізде деген сөз.
Хәкім Абай да «единица болмаса, не болады өңкей нөл» деп жазады. Асылында «Бірді» абсолютті ақиқат деп есептейтін болсақ, оған тіркелген кез келген «сан» оның сипатын тек қана аша түседі. Ортағасырлық діни мінәжаттарда Жаратушыны «бір уә бар» деп ұлықтайтын мезеттер жиі кездеседі.
Расында, барлығымыз бір-ақ болмысты құраймыз. Осыдан бауырластық пен жалпы адамзаттық ортақ рух идеясы келіп шығады. Жер-жаһандағы татулықтың кілті де осы болмақ.