Абай туралы жазу қиынның қиыны болса да, хакім сөздері мен өмірбаяны тіл ұшына өзі-ақ оралып тұрмай ма? Ауылдағы үлкендер «әр елдің өз Абайы бар» деп отыратын. Қазір әркімнің деп айтып жүрміз. Хакім өмірі мен шығармашылығын оқырман сана-сезімі жеткенінше түсінетіні рас қой. Өңгесі танытушылардың ісі шығар.
Бір белгілі ақын ағамның сөзі еске түседі. «Семей мен Қарқаралыдан ұзап шықпай, Жидебайда жатып-ақ адамзатты жырлап тастаған Абайдан асқан данышпан жоқ» дейтін. Ой, Алла-ай, десеңізші, шынында да Абайдың ұзап барған мекендері Семей, әрі асса Қарқаралы екен-ау. Қазақ арасының өзін толық араламаған. Ақыл мен ойдың құдіретінде шек жоқ деген осы емес пе? Ұзап жолға шықпай-ақ, адам тануға ғана емес, әлем тануға даңғыл жол салып кеткенін көреміз.
Алғаш сапары Қарқаралыдан басталыпты бала Абайдың. Мүмкін Семейге барған шығар, бірақ Әуезов «Абай жолында» ақын алты жасында әкесіне еріп Қарқаралыға, мешіттің ашылуына келгенін жазады. Одан кейін күйеу болып, басқа да жағдаймен қаншама рет барғаны анық. Мәселе, ақынның аулынан ұзап шыққан осы бір сапарының өзі Алаш баласын ұлттық мұраттарға бастайтын ұлы жолға айналуында. Абай жол қылған Семей мен Қарқаралының арасы асыл мұраттардың алтын көпірі болып қалды. Кейін қазақты қайтсем ел қылам деген Алаш арыстары осы жолмен Қарқаралыдан Семейге жөнеді. Әлихан, Ахметтер о баста Қарқаралы петициясын жазып, халыққа сол жерде таныстырған-ды. Мұнда тұрақтатпаған соң, арыстар шоғыры Қарқаралыдан Семейге жүргені – ақынның басып өткен жолын ырымдап, Абай мұратын бетке алғандай елестейді. Абай жолы, Абай шығармалары, басып өткен ізі – ұлы мұраттарға бастайды деген сөз. Кейбір пәлсапашылар өмірді жол деп ұғындыратынын ойласақ, мұның мәні соғұрлым ашыла түседі. Алланың жазуы дейміз бе, ақынның рухы дейміз бе, Абайдан соң бұл аралықты маңдайға тұтқандардың есімі тарихта алтын әріппен жазылғанын байқаймыз. Алаш арыстарының осы жолды басып өтіп барып Семейде ту тіккені белгілі. Олардан соң Қарқаралыдан Семейге оқу іздеп аттанған жеті жасар жетім бала Қасым Аманжоловқа да қасиеті дарыған. Қызыл империяның тұсында Қасым қазақтың ұлттық ақыны болып қалды. «Туған жер» өлеңінде Қасым айтпақшы, хакім басқан іздің «ол шеті мен бұл шетіне қарасаң», өмірдің ұлы мұратына жетелейді.