Парламент Сенатының депутаттары Жанболат Жөргенбаев пен Закиржан Кузиев Алматы облысына барып, өңірдегі инфрақұрылым мәселелерін шешуге арналған міндеттерді талқылады. Сондай-ақ сенаторлар Жол активтері сапасының ұлттық орталығының жұмысымен және республикалық маңызы бар жолдардың құрылысымен танысты.
Жұмыс сапары кезінде депутаттар «Алматы – Бішкек» тасжолының ахуалына және «Алматы – Астана» жолында орналасқан Шамалған стансасындағы теміржол өткелінің құрылысына ерекше назар аударды. Сенаторлар атқарылып жатқан жұмысқа қарамастан шешімін таппай келе жатқан бірқатар мәселе бар екенін атап өтті. Статистикаға сәйкес жыл басынан бері республикалық маңызы бар жолдарда 109 ақау анықталған. Олардың 82-сі кешенді жұмысты талап етеді.
«Өкінішке қарай, еліміздегі республикалық маңызы бар жолдар мен ішкі жолдардың сапасы сын көтермейді. Бұл – жергілікті тұрғындармен кездесу кезінде жиі көтерілетін проблемалардың бірі. Кеген, Райымбек аудандарындағы республикалық маңызы бар трассалардағы түйткілдер әлеуметтік желілерде де қызу талқыланып жатады. Бір жыл өтпей жатып, жолдың асфальт жабыны толығымен бұзылды. Бұл мәселе тиісті министрліктермен бірге талқыланды. Онда Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері құм-қиыршық тас қоспасының пайдаланылатын нұсқалары еліміздің Ұлттық стандартына сай келмейтінін айтты», деді Жанболат Жөргенбаев.
Сонымен қатар сенаторлар жолдарды жөндеу және күтіп ұстау кезінде пайдаланылатын жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізілетін Орталық зертханасының жұмысымен танысты. Бұған қоса, кәсіпорын ұжымымен алдағы маңызды міндеттерді талқылады.