• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 03 Шілде, 2024

Энергетика саласындағы бірлескен жобалар

125 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектенов Қытай Халық Республикасы Төрағасының мемлекеттік сапары аясында Қазақстанға келген China National Petroleum Corporation (CNPC) Директорлар кеңесінің төрағасы Дай Хоулянмен кездесу өткізді.

Энергетика саласындағы инвести­циялық ынтымақтастықты тереңдету мәселелері қаралды. Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуатын арттыру жөніндегі бірлескен жобаға ерекше назар аударылды. Кездесуге қатысушылар жобаның ағымдағы кезеңін талқылап, нысанды уақтылы пайдалануға беру үшін жаңғырту қарқынын жеделдету ниетін растады.

Шымкент МӨЗ-ін кеңейтуді ескере отырып, зауытты шикізаттың жеткілік­ті көлемімен қамтамасыз ету және Кеңқияқ – Атырау, Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларын кеңейту шаралары қаралды. Қазіргі уақытта қазақстандық және қытайлық сарапшылар қажетті есептер жүргізді.

Кездесу барысында Олжас Бектенов пен Дай Хоулян «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының бірінші желісін салу және іске қосуға табысты жүзеге асырылған бірлескен жобаны мысалға ала отырып, газ саласын­дағы ынтымақтастықты одан әрі арттыру перспективаларына тоқталды.

Үкімет басшысы бірлескен кәсіп­орын­­­дар табысты әрі экономикалық жа­ғы­­нан тиімді екенін айтты. Сонымен қа­тар Премьер-министр жергілікті тауар өн­діру­шілермен және қызмет көр­сету­ші­лер­мен тығыз өзара іс-қимыл жасау ар­қы­лы жер­гілікті қамту үле­сін кезең-ке­зеңі­мен ұлғайтудың маңыз­дылығын атап өтті.

«Қазақстан да басқа елдер секілді, елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде стратегиялық міндет қойып отыр. Ең алдымен, бұл – мұнай өңдеу қуаттарын құру және жаңғырту. Біз Шымкент мұнай өң­деу зауытының өндірістік қуатын арт­тыруға ерекше көңіл бөлеміз. Біздің бар­лық жобаларымызды іске асырудағы басым­дықтардың бірі – жергілікті қамту мәсе­лелері. Егер елімізде қажетті тауарлар немесе жабдықтар өндірілмесе, онда оларды жақын арада Қазақстан аума­ғында локализациялау мәселесін бірле­сіп пысықтауды ұсынамыз», деді О.Бек­тенов, Үкіметтің бірлескен жоспарлар­ды іске асыруда ашық әрі сындарлы диа­логке дайын екендігін растай отырып.

Айта кетейік, Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясы (CNPC) әлемдегі ең ірі ТОП-3 мұнай компаниясының қа­тары­на кіреді. Қазақстанның мұнай-газ өнер­кәсі­біне 45 млрд доллардан астам қаражат салын­ған. Ел бойынша CNPC кәсіпорындарында 30 мыңнан астам адам еңбек етеді, олардың 98,3%-ы – ел азаматтары.