Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп айтты, деп хабарлайды Egemen.kz аталған федерацияның ресми парақшасына сілтеме жасап.
Шахмұрат Мүтәліптің айтуынша, 2024 жылдың алғашқы жарты жылдығы Қазақстан бокс федерациясы үшін жемісті әрі жеңісті кезең болды.
«Осы аралықта елімізде Азия чемпионаты және бірнеше халықаралық турнир ұйымдастырылды, ең бастысы – Париж Олимпиадасы жолдамалары бойынша меже орындалды. Ерлер құрамасы барлық салмақ дәрежелері бойынша лицензия иеленсе, әйелдер командасы бұрын-соңды болмаған нәтижені тіркеп, үш салмақ бойынша жолдамалар жеңіп алды», деді Бокс федерациясының басшысы.
Сондай-ақ федерация басшысы әр жеңістің артында бірлескен топтың жүйелі жұмысы тұрғанын атап өтті.
«Спортшының тұрақтылығына және еңбекқорлығына бапкердің біліктілігі мен сенімін, мамандардың үздіксіз жәрдемін қосса ғана мақсатқа жетуге болады. Париж Олимпиадасы – барлығымыз үшін белгілі бір кезеңге қорытынды жасайтын аса маңызды жарыс. Былғары қолғап шеберлері халықты түрлі дәрежедегі жүлделермен қуантады деген сенімдемін. Қазақстан боксы жасасын!», деді Шахмұрат Мүтәліп.