«Астана Операның» әйгілі балет труппасы Люблянадағы 72-халықаралық жазғы фестивальда словениялық көрерменнің жүрегін жаулады. Фестиваль ұйымдастырушыларының шақыруымен қазақстандық ұжым 1-2 шілдеде көпшілікке Арам Хачатурянның «Спартак» балетін ұсынды. Бұл гастрольдік сапар Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып отыр.
Спартак» – арнайы таныстыруды қажет етпейтін туынды. Хачатурянның кемеңгер музыкасы, аңызға айналған балетмейстер Юрий Григоровичтің керемет хореографиясы мен драматургия тереңдігі оны әлемдік балет өнері қазыналарының бірі етті.
Халықаралық жазғы фестивальда жоғары деңгейдегі өнерге үйренген словениялық көрермен қазақстандық әртістерді таңданыспен қарсы алды. «Цанкарьев дом» мәдени орталығының Gallus Hall залы келушілерге лық толы болды. Үш мыңнан аса көрермен әртістерге тоқтаусыз ду қол шапалақ соғып, құрмет-қошемет спектакльдер аяқталғаннан кейін де көпке дейін толастамады. Көрермен театр этуальдері Бақтияр Адамжан, Әйгерім Бекетаева, Мәдина Өнербаеваның техникалық шеберліктеріне, олардың сахнада мінсіз жүзеге асыра білген терең эмоциялық құраушы бөлігіне де таңғалды.
«Әртістердің «Спартак» балетінің барлық нюансын соншалық анық әрі әсерлі жеткізгеніне қайран қалдым. Бұл жай ғана хореография емес, бұл әрбір бөлшегі мағынаға ие нағыз театрлық қойылым болды. «Астана Опера» труппасы қазақстандық балеттің әлемдік деңгейде екенін дәлелдеді. Бақтияр Адамжан мен Мәдина Өнербаева Спартак пен Фригияның партияларын орындап, кейіпкерлердің бейнелеріне өздерінің бірегей интерпретацияларын қосты, бұл Спартактың қайғылы көтеріліс хикаясына көрермендердің жаңа күшпен енуіне мүмкіндік берді», деді любляналық көрермен Янез Новак.
Балет труппасының өнерін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының дирижері, маэстро Абзал Мұхитдиннің басқаруымен Словения филармониясының оркестрі мен әйелдер хоры сүйемелдеді. Оркестр Хачатурян музыкасының барлық қуаты мен драмалылығын мінсіз жеткізіп, қайталанбас атмосфера жасады. Әйгілі музыка әсем әуезді сахналар мен еуропалық және төл әуендердің араласуы арқылы композитордың неғұрлым танымал қырларын көрсетті.
Словения филармониясы оркестрінің бірінші скрипкасы Миран Колбл осыған дейін А.Хачатурянның «Спартак» балетін ешқашан орындамағандықтан, бұл жобада өнер көрсететін сәтті асыға күткенін атап өтті.
«Маэстро Абзал Мұхитдин – ғажап дирижер. Сондықтан біз барлығымыз оның басқаруымен өнер көрсетуге өте қуанышты болдық. Осы гастрольдің арқасында мен сіздердің елдеріңіз Қазақстан мен Астана туралы біле бастадым. Көптеген есімді біліп, сіздерде жүретін жаңа опералық қойылымның бейнежазбасын тамашаладым. Астаналарыңызды суреттен көріп, оның әсемдігіне сондай тәнті болдым, аздап тарихтарыңызды да зерттей бастадым, балет труппаларыңыз туралы мәліметті оқыдым. Сенімім ақталғанына қуаныштымын, бұл керемет өнер көрсету, тамаша екі спектакль болды», деді Миран Колбл.
Спектакльдер қарсаңында Люблянадағы мәдени орталықта қазақстандық труппаның гастрольдік өнер көрсетуіне арналған баспасөз жиыны өтіп, онда «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова сөз сөйледі. Ол мұндай қойылымды балет әртістерінің саны жеткілікті балет компаниясы ғана өзіне рұқсат ете алатынын атап өтті.
Ал Люблянадағы фестивальдың директоры әрі көркемдік жетекшісі Дарко Брлек «Астана Опера» балет труппасына алғысын білдірді.
«Біз Люблянадағы фестивальға әлемдік репертуардағы барлық уақыттағы ірі және анағұрлым ауқымды қойылым ретінде «Спартак» балетін шақырдық. «Астана Опера» труппасының осында келгеніне қуаныштымын. Бұл салмақты ұжымда әрбір әртіске зор көңіл бөлінеді. Олардың кейбір өнер көрсетулерін Астанада сіздердің театрларыңызда тамашалаған едім. Сол кезде бұл ұжымның деңгейі өте жоғары екенін бірден түсіндім», деді Дарко Брлек.
Айта кетейік, Люблянадағы халықаралық жазғы фестиваль – Еуропадағы беделді мәдени оқиғалардың бірі. Жыл сайын оның сахнасында дүниежүзінен үздік әртістер, музыканттар мен труппалар өнер көрсетеді. Осынау фестивальға қатысу кез келген ұжымның шеберлігі мен дарынының жоғары деңгейде мойындалғанын білдіреді. Кезекті рет өздерінің жоғары кәсібиліктерін дәлелдеген әртістер екі ел арасындағы мәдени байланысқа үлкен үлестерін қосқаны анық.