Әлем көз тігіп отырған бұл бірегей басқосу өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Астана саммитін тарихи тұрғыдан айшықтай түсетін бірнеше факторды атап өтуге болады. Ұйымға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 24-отырысы Беларусь Республикасын ШЫҰ мүшелігіне қабылдаумен ашылды. Бұл – жүйелі жүргізіліп келе жатқан жұмыстардың жемісі әрі аумақтағы қауіпсіздікті нығайта түсетін қадам.
Сонымен қатар жаңадан қабылданған Астана декларациясы ұйымның бұдан кейінгі жұмысына тың серпін беретіні сөзсіз. Қысқасы, саммит қорытындысынан күтер жақсылығымыз көп.
Тағы бір айта кетерлігі, құрылғанына ширек ғасырға жуықтаған ұйымның «бестіктен» ұлғайып, «ондыққа» аяқ басқаны. Яғни ұйымның қатары артып, керегесі кеңейіп жатыр. Бұл өңірде қалыптасқан сын-қатерлерге ортақ коалиция аясында тосқауыл қойып, алдын алуға барынша мүмкіндіктер ашпақ. Себебі бүгінде ұйымға мүше елдер аумағында әлем халқының 45 пайызы тұрып жатыр.
Сондай-ақ бұл аймақта әлемдік экономиканың да үлесі 25 пайызға жуық, сауда-саттықтың 15 пайызы осы елдердің айналымында жүр. Сондықтан осынша адами ресурстар мен саяси салмаққа ие, экономикалық әлеуеті зор Ұйымның жаһандық ахуалдарға ықпал ету мүмкіндігі де аз емес, оң әсер етуге барынша мүдделі.
Бұл жерде мемлекет басшылары мен беделді халықаралық ұйымдар жетекшілерінің басын бір арнаға тоғыстырып, қауіпсіздік, шекара, экономика, экологиялық мәселелер сынды салаларда өзекті де маңызды келісімдерге Астанада қол жеткізу – сөзсіз Қазақстанның үлкен жетістігін айшықтап тұр. Ұйымға төрағалық еткен бір жыл ішінде Қазақстан бірқатар маңызды жарқын бастама ұсынып, елдер арасындағы ыдырап бара жатқан ынтымақ пен бірліктің күш алып, берік орнығуына септесе алды.
Жалпы алғанда жер-жаһанда қақтығыстар өршіп, геосаяси ахуал әлсіреген тұста әлемге ықпалы бар көшбасшыларды бір дөңгелек үстел басына жинап, диалог орнату – жақсылықтың нышаны. Бұл – бір мезетте бірнеше мемлекеттің бірлесе отырып, өзекті мәселелерді шеше алатынының жарқын көрінісі әрі үлгісі. Әлгінде айтып өткен дүниежүзі халқының 40 пайызын құрайтын ШЫҰ мүше елдерге әлемдік ішкі жалпы өнімнің 3/1-і тиесілі екені үлкен рөл ойнайды.
Былтыр Қазақстанның Астана декларациясы мен ШЫҰ жұмысын жетілдіру туралы бастама көтергенін білеміз. Әрине, мұндай қадам ұйымішілік өзара келісімнен бөлек, сырт елдермен де әріптестікті нығайтуға жол ашып, тиімді жағдай туғызбақ.
Ұйымның әлемдегі беделі зор. Әсіресе өзге халықаралық ұйымдар арасында да салмаққа ие. Оған қоса Қазақстан төрағалығы тұсында осы беделді ұстап қалуға жәрдем берер маңызы зор түрлі тақырыптағы 100-ден астам іс-шара ұйымдастырып үлгерді. Атқарылған жұмыстар да нәтижелі. Әсіресе Қазақстан басшысының «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастамасын айрықша атап өткен жөн. Бұл бастама халықаралық ауқымдағы тұрақсыздыққа тұсау салмақ.
Осама бин ДЖАВАЙД, «Әл-Жазира» телеарнасының тілшісі (Пәкістан)