• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 10 Шілде, 2024

Қаламгерлер аллеясындағы кітап жәрмеңкесі

99 рет
көрсетілді

Астана қаласы әкімдігінің Орта­лықтандырылған кітапха­налар жүйесінің 50 жылдығына орай және Астана күнін мерекелеу аясында Қаламгерлер аллеясында «Астана – біздің рухани ордамыз» атты «Kitaphana fest – 2024» ауқымды кітап фестивалі өтті.

Бір мезетте Қаламгерлер аллеясы арқа-жарқа болды да қалды. «Мазмұндама», «Kitapal» қатарлы тағы бірнеше баспа мұнда шатыр тігіп, өнімдерін қойып, кітап жәрмеңкесі ашық аспан астында қыз-қыз қайнады. Ашылғандағы мерекелік концерт сән-салтанатымен аллеядағы жұртшылықты думанға бөлеп, көңілдерін көтерді. Концерт көруге келмеген халық. Кітап алуға, авторлармен кездесуге жиналған. Негізінен балаларға арналған әдебиеттер топтастырылған. Басқа да әдебиеттер жеткілікті. «Халық кітап оқымайды» деген сөз осындай кітап жәрмеңкелерінде теріске шығады десек, артық емес.

«Kitaphana fest» кітап фестивалі – 2019 жылдан бері өткізіліп келе жатқан қалалық ауқымдағы тұңғыш кітап фес­тивалі. Бүгінгі таңда фестиваль аясында Қазақстанға белгілі авторлар мен бас­палардың қаты­суымен бірнеше кітаптың тұсауы кесі­ліп, оқырманға таныстырылған. Сол арқылы халықтың кітап оқуға деген қызы­ғушылығын арттыру, кітап оқуды кеңі­нен насихаттау, қоғамның мәде­ни дең­гейін көтеру, белгілі ақын-жазу­шы­лармен кездесу ұйымдастыруды көздейді. Осы жолы да авторлар оқырман­дары­мен қауышып, емен-жарқын әңгіме-дүкен өрбіді.

Кейбір ата-ана балаларына алған кітабына автордан қолтаңба қойды­рып алды. Атап айтқанда, балалар ақын­дары Әкім Ысқақ пен Серікбол Хасан кітап­тары­ның тұсаукесер рәсімі жасалып, оқыр­ман­дарға бір уақытта жол тартып жатты.