• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Мирас 11 Шілде, 2024

Қарқара төріндегі қымызмұрындық

168 рет
көрсетілді

Мал-жанның қонысына қолайлы Қарқара – ежелден құт мекен. Шөбі шүйгін, суы мөлдір, ауасы жұпар хан жайлаудың тарихына зер салсақ, Қазақ даласының құнарлы бір пұшпағы саналатын бұл жер халықаралық дәрежедегі алыс-беріс, сауда-саттық жәрмеңкесінің орталығына айналған. 1916 жылғы әскердің қара жұмысына адам алу туралы ақ патшаның жарлығына қарсы шығып «бала өлгенше, шал өлсін» деп бас көтерген батыр бабаларымыздың ерліктері де осындағы «Ереуілтөбе» ескерткішінде тасқа қашалып жазылған. Тарихи өлкеге табаны тиген жан алдымен бабалар рухын асқақтатқан осынау еңселі ескерткішке аялдап, Құран бағыштайды. «Қарқара қалың қазақ кебесіндей, Албанның албырт ерке енесіндей. Қарағай қапталдағы, жыныс арша, Қыдырлы малдың құтты келесіндей. Қарқара жарасымды жазық жайлау, Үй-күлше, құрттың жайған өресіндей» деп жыр жүйрігі Ілияс Жансүгіров келісті келбетін суреттеген Қарқараның қойнауы құт, жазығы сыр жасырған жәдігерге толы.

Табиғатының сұлулығы талайды тамсантқан әйгілі Қар­­қара жайлауында биыл екін­ші рет Алматы облысы әкімдігінің ұйым­дастыруымен ұлттық салт-дәстүрі­міз­ді дәріптеген қымыз­мұрындық мейрамы ұйымдас­тырылып, «Жолан жүйрігі» атты республикалық аламан бәйге өтті.

Жаздың жаңбырлы күндеріне қара­май мың алуан шөбі мен көз сүй­сін­тер гүлі жайқалған жайлауға қаз­дай тізілген ақшаңқан үйлер ерекше сән беріп, тойдың көркін кіргізді. Кере­ге таулы Кеген ауданының барлық ауыл­дық округтері құрған атаулы этноауылдарда қазақы дәстүріміз, ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, тойдың мән-мазмұнын арттыра түсті. Бұл игі шарадан Қонаев қаласы мен Жамбыл, Ұйғыр, Қарасай, Балқаш,

Еңбекшіқазақ, Райымбек, Талғар аудандары да қалыс қалмай, төл өнерімізді әспеттеді. Ақ қалпақты ақсақалдар мен зерлі кимешек киген әжелер жайлаудың сәніне айналды. Дүбірлі тойға олар өздерінің тарту-таралғысымен келіп, халық әндерін шырқап, күмбірлете күй тартып, көптің қызығушылығын тудырды. «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» демекші, аудандық ардагерлер кеңесі «Батагөйлер» бәйгесін ұйымдастырды. Қара сөздің қуатын арттырып, қаймағын қалқыған бұл бәйгеде ақсамайлы аталарымыз ақ батасын жаңбырша жаудырды. Бие сауып, бал қымыз ашытудың шебері атанған қарқаралық аналарымыз күбісін майлап, мосысын сайлап, қымызмұрындық рәміздерін көрсетті. Салтанатты іс-шараның басталуында ұлтымыздың ұлы мұрасын бейнелейтін, ән-жырмен көмкерілген 50 адамдық көш-керуен өтті.

«Қымызмұрындық – атадан жеткен дәстүр. Бие байламас бұрын, желібау құрып, қазығына ақ тамызып, жас құлынға қайыстан өрілген ноқта кигізіп, саурыпын майлап, байлайды. Алғашқы сауылған бие сүтін аршамен ыстап, майланған күбіге құйып піседі. Осы сәтте «төліміз көбейіп, ақ мол болсын, ырыс-ынтымақ орнасын» деген тілекпен ауыл-аймақты жиып, қымызмұрындық жасайды», дейді Кеген аудандық аналар кеңесінің төрағасы Бақытгүл Көнеева.

Аудандағы 12 ауылдық округтің әжелер ансамблі «Нан өнімдері», «Сүт өнімдері», «Сыйтабақ», «Құрақ көрпе», «Кесте тігу», «Ши тоқып, киіз басу», «Өрім өру» сынды қолөнердің сан түрі­нен шеберліктерін паш етті. Отбасы инсти­тутының жұмысын насихаттап, ұрпаққа ата-бабамыздың салт-дәстүрін үйретуді мақсат еткен аудандық аналар кеңесінің 137 мүшесі осы іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысып, басы-қасынан табылды.

Соның бірі Ұзынбұлақ аулынан келген Қайша Бөкейқызы киіз басу өнеріне өзінің келіндері мен немерелерін баулып жүргенін айтады. Қолөнер шебері атанған апасының жанынан бір елі ұзамай, әр қимылын бағып, үйреніп қалуға тырысқан немересі Медина боялған жүнді шиге орауда ептілігімен ерекшеленді.

Атакәсіпті әкесінен меңгерген 16 жас­тағы Диас Еспергенұлы да қайыстан жүген, қамшы, құйысқан сынды ат әбзелдерін өрудің сан түрлі тәсілі барын біледі. «Жылқыны алғаш қолға үйреткен бабаларымыздың аманатын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – парызымыз», дейді жас өрімші.

Қымызмұрындықтың мақсаты – атакәсіпті, ұлттық салт-дәстүрді дәріптей отырып, тарихты тану, оны ұрпақ санасына сіңіру болғандықтан аталған іс-шараға Кеген аудандық өлкетану музейінің жылжымалы көрмесі қатысып, ондағы жәдігерлер көпшілік назарын аударды. Сондай-ақ Кеген балалар өнер мектебінің талантты оқушылары да белсене қатысып, сурет салу, кесте тігіп, шашақ тоқудағы шеберліктерін көрсетті.

Қымызмұрындық қонақтары алдымен облыста жетекші орынға ие ауылшаруашылық саласының озық техно­логиялар көрмесімен, одан кейін ұлттық қолөнер бұйымдарының көрме­сімен танысты.

«Барша жұрттың басын қосып, ынты­мақ пен бірлікке үндейтін қымызмұ­рындықтың дәстүрлі түрде Кеген ауда­нында өтуінің өзіндік себептері бар. Бұл жердің топырағы құнарлы, шөбі шүйгін, жұрты жайсаң, қымызы керемет. Осындай жобаны жүзеге асыру арқылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдағы «Халқымыздың ата-бабадан мирас болған мол мұрасы бар. Оны заман талабына сай жаңғыртып, жер жүзіне насихаттау керек», деген тапсырмасын орындап жатырмыз», деді қымызмұрындықтың ашылу салтанатында сөз алған Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым.

«Сонымен қатар бұл іс-шараны өс­ке­­­лең ұрпақты, шетелдік турис­тер­­ді тартатын фестиваль форма­тын­­да ұйым­дастыруымыз Мемле­кет басшысы­ның «Біз дәстүрлі құндылық­тарымызды қа­зіргі мәдени үрдістермен үйлестіруіміз керек» деген ұстанымына сай келеді. Сондықтан қымыз мерекесі – берекелі бірліктің, тату тірліктің, молшылық пен қонақжайлылықтың көрінісі, маңызды фольклорлық-этнографиялық мереке», деп атап өтті.

Адам ағзасына аса пайдалы қымыз ашытумен аудан жұртшылығының дені айналысады. Жаһандану үрдісі халқымызды ұлттық сусыннан алыстатпай, қайта жақындата түсті. Бүгінде қымызға деген сұраныс артқан.

Алматы облысында бүгінгі таңда жылқы саны 5,8 пайызға өсіп, 268 мың басқа жеткен. Сауылатын бие саны мың­нан асады. Қымыз баптаумен 85 ша­руашылық айналысып, тәулігіне 6 тон­надан астам дайын өнім әзірлейді. Өз өнімдерін 15 ірі шаруашылық нарыққа шығарып, тұрақты түрде саудалайды. Атап айтсақ, Жамбыл ауданынан «Күрті», «Аңсар», «Айзере», «Кебекбаев» шаруашылықтары, Балқаш ауданынан «Адалбай», «Елнұр», «Бекбауыр», Іле ауданынан Садырбаева Мариямхан, Тахи­ров Болаттың шаруашылықтары, Кеген ауданынан «Руслан» мен «Самат», Қарасай ауда­нынан «Дәрмен», Еңбек­шіқа­зақ ауданынан «Наурызбай» сынды шаруашылықтар табанды жұмыс істеп келеді. Десе де, өңірде қымыз өндірісін дамыту аса өзекті мәселеге айналып отырғаны аталды.

Ел назарын аударған қымыз­мұрын­дыққа Қырғызстанның Ыстықкөл облысы Түп ауданының әкімі Қаныбек Әбиев арнайы келіп қатысты. Ол өз сөзінде бауырлас екі ел арасындағы ежелден келе жатқан достық қарым-қатынастың маңызы артып, оның одан әрі де нығая түсетініне тілектестігін білдірді.

«Қарқара жайлауы – ақындар мен батырларымыздың табанының табы қалған, талай айтыс өткен, қазақтың жыры жырланған киелі өңір. Қымызмұрындық – атам заманнан келе жатқан дәстүрлі той. Ел-жұрттың амандық-саулық сұрасып, құшақ жая қауышып, жүйрігін жүгіртіп, балуанын белдестіріп, дәм-тұзын алдына тосып, баталы тілек айтылып жатқан ұлы мереке. Кешелі бері Жел Қарқара, Құр Қарқараның төріне шығып, аспан тіреген қарағайын аралап, ауасын жұтып, табиғатын тамашаладым. Екі сағатта ұйқымыз қанды. Бұл да – табиғаттың құдіреті. Сондықтан дүбірлі тойға алты Алаштың аяғы жеткені келіп, қымызмұрындықтың қуанышы мен берекесіне куә болды. Осыны көріп өскен ұрпақ келешекте ұлттық дәстүрімізді жалғастыратын болады. Ел-жұрттың амандығын, тыныштығын тілеген аталы бата ғасырдан-ғасырға жалғасса деген тілегім бар», дейді дүбірлі тойда әуелете ән шырқаған Қазақстанның халық әртісі Рамазан Стамғазиев.

Жасыл кілемдей құлпырған жайлауда өткен той-думанда алтыбақан құрылып, сауық-сайран ұйымдастырылды. Өнер жұлдыздары концерттік бағдарлама ұсынды. Алматы облысы денешынықты­ру және спорт басқармасының ұйытқы болуымен қазақ күресінен жасөспірімдер мен түйе палуандар арасында, сондай-ақ қошқар көтеруден бәсекелі жарыс өтіп, жеңімпаздар марапатталды.

Дүйім жұрттың делебесін қоздырған қымызмұрындықтың аясында мемлекет­тік қызмет қайраткері Жолан Омаровты еске алуға арналған «Жолан жүйрігі» бәйгесі өтті. Құнан бәйге, топ бәйге және аламан бәйгеге еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ көршілес қыр­ғыз елінің шабандоздары қатысып, қымыз­мұрындықтың көрігін қыздырды. Айқайға қиқу қосқан арқалы халық аузымен құс тістеген тұлпарлардың шабысын тамашалады. Құнан бәйгеде 1-орынды Жамбыл облысының Қордай ауданынан келген «Граф» жүйрігі иеленсе, топ бәйгеде «Тасқын» атты Жетісу облысы Ақсу ауданының тұлпары топ жарды. Ал 35 шақырымдық аламан бәйгеде Жетісу облысы Ескелді ауданы Жалғызағаш аулы­нан келген «Жұмыртұяқ» алдына қара салмай, 1 болып мәре сызығын қиды. Жарыстың 1-орын иегерлеріне автокөлік сыйға берілді.

«Ұлттық салт-дәстүріміз салтанат құр­ған бүгінгі мерекелік шараға шетел­дік қонақтар да келді. Олар – Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан, Қытай және көрші­лес қырғыз елінің Түп ауданынан арнайы келген делегация мүшелері. Осыған қарап, қымызмұрындықтың ауқымы кеңейіп келе жатқанын көруге болады. Ауданымызда «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясында мал өсірушілердің қатары көбейіп, жайлау төсі төрт түлікке толуда. Жалпы, облыста қымызды ең көп өндіретін – біздің ауданның тұрғындары. Келешекте осы кәсіпті жетілдіру көзделіп отыр. Айтулы мерекеге үлкен-кіші түгел атсалысты. Бұл аудан жұртшылығының жұдырықтай жұмылған ынтымақ-бірлігін білдіреді. Көптің көзайымына айналған дүбірлі думанға шамамен 5 мыңнан артық қонақ келді», дейді Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев.

Алматы облысы

Суретте: Қарқара жайлауында өткен қымызмұрындық.