Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан Қырғыз Республикасының Шолпан Ата қаласында «Әлем халықтары достығы – 2024» байқауы ұйымдастырылды. Іс-шараға кәрі құрлық пен сары құрлықтың бірқатар елінен келген ардагерлер өнерін ортаға салып, өнерсүйер қауымды тәнті етті. Олар отты жыр оқыды, әннен шашу шашты, күй тартты.
Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мұрындық болуымен, ардагерлер кеңесінің қолдау көрсетуімен жамбылдық өнер ұжымдары да бұл байқауда бақ сынау мүмкіндігіне ие болды. Осылайша, «Ғұмырдария» ұлт аспаптар ансамблі бастап, «Әулиета» өнер ұжымы қоштап, айыр қалпақты ағайындардың еліндегі өнер мерекесінде бақ сынады.
Өнерпаздардың шығармашылық мүмкіндіктерін ашып, өз елінің мәдениетін халықаралық деңгейде танытып, рухын көтеру мақсатында өткізілген ауқымды іс-шарада Түркия, Румыния, Үндістан, Қырғыз Республикасы, Қазақстан сынды мемлекеттерден бас-аяғы 18 топ өнер көрсетті.
Байқау шарты бойынша додаға жасы 35-тен жоғары өнерпаздар қатысуға тиіс болса, жамбылдық өнерлі ардагерлер өнерімен ғана емес, жасымен де өзгелерінен оқ бойы озық тұрды. Белсенді өмірмен бірге өнерін өрістетіп жүрген қарияларымыз аспаптық орындау, хореография, вокалдық өнер, көркемсөз оқу сынды бірнеше аталым бойынша сынға түсті.
Жамбылдық өнерпаздар аталған бөлімдердің барлығына дерлік үлкен дайындықпен келіп, жеңіс тұғырынан көрінуге тырысты. Өмір мен өнерін ұштастыра білген өнегелі ардагерлеріміз ә дегеннен-ақ жұрттың ыстық ықыласынан бөлек, қазылардың назарын өздеріне аударды. Ұлы Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін екі тілде орындаған қариялардан құралған төрттік жүлделі І орынды иеленіп, Румыния мемлекетінде өтетін ірі байқауға жолдама ұтып алса, «Алтын жас» бишілер тобының орындауындағы би көпшіліктің көңілінен шықты. Ұжымға екінші орын бұйырды.
Тараздан барған Сыдықназар Қаржаубай «Шалқымалы», «Дүние-ай» әндерімен тыңдарман қауымды тәнті етсе, Аманқұл Ысқақов жеке би орындауында қазақтың ұлттық биі «Қаражорғаны» билеп, өзбек ұлтының «Әндіжан полкасын» орындауда шеберлік танытты.
Ұйымдастырушы тараптың тілегіне сәйкес байқауға қатысушылардың сахналық шеберлігі де назардан тыс қалмағанын айта кеткен ләзім. «Ғұмырдария» ұлттық аспаптық ансамблі мен «Әулиеата» ардагерлер ансамблінің өнері мен сахналық образдары жоғары бағаланып жүлделі орындардан көрінді.
Поэзия аталымы бойынша өткен байқау да көптің көңілінен шықты. Сондай-ақ Марат Байдалиев, Ханымкүл Бесінбай, Зәуре Жұмабаева бастаған өнерпаздар көркемсөз оқудың үздік үлгісін көрсетіп, қошеметке бөленді.
Халықаралық байқау соңында жүлделі орындардан көрінген қатысушылар алдағы уақытта Түркия, Румыния елдерінде өтетін өнер додаларына жолдама алса, басқа өнерпаздар алғыс хаттармен марапатталды. Байқау барысында «Белсенді ұзақ өмір» орталығының мүшелері белсенділік танытқанын да айта кеткен жөн.
Жамбыл облысы