Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры Канаданың Оттава қаласында өткен І Халықаралық «Оттава» қуыршақ театрлар фестиваліне қатысып, «Ромео мен Джульетта» қойылымы үшін Гран-при жүлдесіне ие болды.
Көркемдік деңгейінің жоғары болуына байланысты канадалық көрермен назарына ұсынылған бұл қойылым мемлекет астанасының орталығында орналасқан Оттава Университетінің «Academic Hall» сахнасында 3-4 шілде күндері сахналанды. Канада көрермендеріне дүниежүзінің қуыршақ өнерін таныстырып, халықаралық шығармашылық пен ынтымақтастықты көздеген мәдени іс-шараға еліміздің көк туын ұстап қатысқан алғашқы қазақстандық өнер ордасы Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры болды. Алматы театрының шығармашылық ұжымы фестиваль аясында канадалық көрермендердің назарына өз репертуарындағы ерекше қойылымдардың бірі, ағылшын драматургі Уильям Шекспирдің әйгілі трагедиясы желісімен сахналанған, нәзік те таза махаббаттың құдіретін сездіретін «Ромео мен Джульетта» спектаклін ұсынды. Канадалық азаматтар да, осы елде тұрып жатқан отандастарымыз бен қандастарымыз да спектакльді тамашалап, қойылым соңынан зор қошеметі мен жылы лебізін жарыса білдіріп жатты.
Қуыршақ театрының репертуарындағы «Ромео мен Джульетта» спектаклі 2019 жылы белгілі режиссер Дина Жұмабаеваның жетекшілігімен сахнаға жол тартқан еді. Ересектерге арналған бұл қойылым премьерасы өткізілген күннен бастап өзінің ерекше қуыршақтарымен және тың сахналық шешімдерімен көрермендер мен театр сыншыларының жоғары бағасын иеленген еді. Бірталай халықаралық және республикалық деңгейдегі театр фестивальдерінде де бақ сынаған бұл қойылым қуыршақ театрының абыройын асқақтатып келеді. Мысалы, 2022 жылы «Ромео мен Джульетта» Болгарияның Варна қаласында өткен халықаралық «Алтын дельфин» қуыршақ театрлар фестивалінде үздік деп танылып «Гран-при» жүлдесіне, «Ең үздік ер адам» жүлдесіне, «Ең үздік дебют» жүлдесіне лайықты болған. Ал оған дейін 2021 жылы Қарағанды қаласында өткізілген және көбіне отандық драмалық театр ұжымдары қатысқан Әшірбек Сығай атындағы «Сын – шын болсын» республикалық театрлар фестивалінде І-орынды жеңіп алған. Сонымен қатар «Ромео мен Джульеттаның» өзге де фестивальдерде иеленген жетістіктері мен жеңістерінің өзі бір шоғыр.
Қазақстан Республикасының Канададағы Төтенше және өкілетті елшісі Дәулетбек Құсайынов фестиваль аясында қуыршақ театрына қолдау білдіріп, «Ромео мен Джульетта» спектаклін тамашалап: «Біздің жастарымыз өте жоғары деңгейде өнер көрсетті және өте қызық махаббат хикаясын баяндап берді. Өз дарынын, жалпы қазақ жастарына тән талантты Канада халқына таныстырды», – деп бағалап өтті.
Ал Канаданың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Алан Хамсон болса: «Артистердің тамаша өнеріне куә болдым. «Ромео мен Джульеттаның» осы бір интерпретациясы бізді қатты таңғалдырды!» – деп пікір білдірді.
Фестиваль соңында Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының «Ромео мен Джульетта» спектаклі ең үздік әрі жаңалығы мол қойылым ретінде танылып, «Гран-при» жүлдесіне ие болды. І Халықаралық «Оттава» қуыршақ театрлар фестивалі аясында қуыршақ театрының әртістері қазақ қуыршақ өнерінің, қазақ театры өнерінің, жалпы қазақ халқының өнерлілігін сахна төрінде асқақтатып, зор табысқа кенелді.