• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Шілде, 2024

Адам құқы – басты көрсеткіш

73 рет
көрсетілді

Бүгінде саяси реформалар адам құқықтарын қорғауға, демократия өрісін кеңейтуге бағытталған. Әсіресе отандас­тарымыздың түйінді шешімдерді қабылдауға қатысуы, есеп беретін Үкімет пен ашықтық қағидаты, халықаралық міндеттемелерге сәйкес құқықтық жүйенің қалыптасуы – Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды қадам.

Әрине, мемлекеттегі жаңғыру үдерісі кезең-кезеңімен, біртіндеп жүзеге асырылатыны белгілі. Байқап қарасақ, елдегі ауқымды саяси өзгерістер осыдан екі жыл бұрын бастау алды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемле­кет­тің басқару тетігін экономикадан біртіндеп саяси бағытқа икемдеді. Осы орайда негізгі реформаларды үшке жіктеп қарастыруға болады. Атап айтсақ, демократияға атсалысу, құқық қорғау тетіктері мен адам құқықтары және заң үстемдігі.

Адам құқықтарын қорғау инс­титутын нығайту мақ­сатын­да 2022 жылы «Қазақстан Респуб­ли­касындағы Адам құқықтары жө­ніндегі уәкіл туралы» заң қа­был­данды. Мемлекет басшысы Адам құқықтары жөніндегі уә­кіл­дің мәртебесін, құзыретін және дербестік кепілдігін Конститу­ция­лық заң деңгейінде алғаш рет бекітіп берді. Ізінше 2023 жылы Президент Қазақстанның халық­аралық стандарттарға толық сай келетін «Адам құқық­тары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары туралы» Жарлыққа қол қойды. Құжат есебінен атқа­ры­лу­­ға тиіс нақты шаралар бек­і­ті­­ліп, адам және оның өмірі, бос­­тан­­дығы мен құқығы деген қағи­даны берік ұстану қажеттігі айқындалды.

Бұған қоса Адам құқықтары және заң үстемдігі тетігі бойынша өлім жазасы жойылды және сотталғандардың денсаулығын сақтау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі азаматтық функция­ларды Ішкі істер министрлігінен алып, Денсаулық сақтау министр­лігіне берді. Еліміз балалар мен мүгедектердің құқықтары туралы БҰҰ-ның факультативтік хаттамаларын ратификациялады.

Бүгінде тағайындалған Адам құқықтары, Бала құқық­тары, Ерек­ше қажеттіліктері бар адам­дар­дың құқықтары жөнін­дегі ом­будс­мендерге түсіп жатқан ша­ғым-өті­ніштердің артуы – адам құ­қық­тарын қорғау бағы­тын­дағы нақты қадамдардың анық нәтижесі.

Мәселен, былтыр Адам құ­қық­тары жөніндегі уәкілдің, оның өкілдерінің атына, Адам құқық­тары жөніндегі ұлттық орта­лыққа 6 мыңға жуық шағым мен өтін­іш түскен. Көрсеткішті 2021 жыл­мен салыстырсақ, 3,1 есе, ал 2022 жылмен салыстырсақ, 1,5 есе көп. Оған қоса өңірлерде 2 405 жеке қабылдау өткізілген. Шағымдарды қарау нәтижесінде аза­маттардың бұзылған құқық­тары мен бостандықтарын қалпы­на келтіруге жәрдемдесу үшін қабылдануға тиіс шаралар туралы 2023 жылы 705 ұсыныс жібе­рі­ліп, оның 585-і қолдау тапқан.

Елімізде адам құқықтарын қамтамасыз етудің тиімділігін арт­тыру саласындағы мемлекет­тік саясаттың маңызды бағыт­та­ры­ның бірі – Ұлттық алдын алу тетігі. Бұл ретте азапта­ға­ны үшін қылмыс­тық жауап­кер­­­шілік қатаңдатылып, азап­­тау­ларға қарсы күрестің ұлт­тық превентивті механизмі кү­шей­тілді. Азаптауларға және қаты­­гез іс-әрекеттерге қатысты заңна­ма­лық анықтама енгізілді. Бүгінде Ұлт­тық алдын алу тетігі құрамын­да 146 мүше бар. Олар – құқық қор­ғаушылар, дәрігерлер, мұға­­лім­дер, әлеуметтік қызмет­кер­­­лер және үкіметтік емес ұйым­дар­дың өкілдері. Олардың мис­сиясы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл­дің, Уәкіл жа­нын­дағы Үйлестіру кеңе­сінің және ұлттық алдын алу тетігі қатысу­шыларының өзара іс-қимылын білдіретін «Омбудсмен+» қағида­тына негізделген.

Сондай-ақ жабық мекемелерде ұсталатын адамдардың құқық­тары мен бостандықтарын сақтау үшін бірқатар іс-шара қолға алынды. Былтыр мекемелерге 461 рет мониторинг жүргізіліп, нәти­жесінде мемлекеттік орган­дардың 188 қызметкері тәртіптік жауапкершілік арқалаған. Ал азаптау және басқа да қатыгез, ар-намысты қорлайтын қарым-қатынас пен жаза түрлері туралы 160 өтініш қаралыпты.

Адам құқықтары және заң үс­темдігі тетігіндегі маңыздысы – тұр­мыстық зорлық-зомбылық үшін әкім­шілік және қылмыстық жауап­кер­шілік едәуір күшейті­ліп, мұн­дай жағдайларда тарап­тардың қай­та татуласу мүмкіндігі заң жү­зін­де алынып тасталды. Осы орай­да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлт­тық құрылтайда азаматтар үй­де де, түзде де өзін қауіпсіз сезінуге тиіс екеніне баса назар аударды.

«Тұрмыстық зорлық-зомбы­лық, буллинг пен агрессия да – қазір­­гі уақыттағы қатерлі үрдіс. Ашығын айтсақ, қоғамда қаты­гездік күшейіп барады. Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті ұрып-соғуға дайын тұратын­дар аз емес. Жедел жәрдем және қоғам­­дық көлік жүргізушілеріне ша­буыл жасалғанын білесіздер. Адам­­ға әлімжеттік көрсету, қор­лау дұрыс емес. Мұндай теріс әрекеттерге көз жұма қарауға болмайды. «Ауруын жасырған өледі». Сон­дықтан біз осы қоғам­дық дертті жасырмай, ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз үйде де, түз­де де өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Бір сөзбен айтқанда, қауіпсіз орта­да өмір сүруі керек. Заң мен тәр­тіп қатаң сақталуға тиіс, яғни қоғам­да Заң үстемдігі болуы қажет», деді Президент.

Айта кетерлігі, еліміздің адам құқықтарын қорғаудағы жетіс­­тіктері Женевада жоғары баға­­ланды. Бұл туралы таяуда Жене­ва­дағы БҰҰ жанындағы ҚР Тұрақ­ты өкілі Ерлан Әлімбаевтың БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жо­ғар­ғы комиссары Фолькер Тюрк­пен кездесу барысында айтылды.

Жүздесуде Ерлан Әлімбаев тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялау деп аталып кеткен әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ журналистер үшін қосымша құқықтық кепілдіктер белгілейтін БАҚ мәселелері бойынша елімізде қабылданған заңдарға тоқтал­ды. Тараптар Адам құқықтары жөнін­дегі кеңестің 56-сессиясы барысында жаһандық құқық қорғау алаңында алғаш рет ұсынылған Қазақ­станның тұрмыстық зор­лық-зомбылықпен күрес жөнін­дегі бірлескен мәлімдемесін талқы­лады. Құжат БҰҰ-ға мүше 62 мемлекеттен қолдау тапты.

Жоғарғы комиссар Фолькер Тюрк еліміздің адам құқықтары мәселелерін ілгерілету бойынша күш-жігерін, сондай-ақ Адам құқық­тары жөніндегі кеңестің жұ­мысына қосқан үлесін құптады.

«Әйелдер мен балаларды зор­лық-зомбылықтан қорғау сала­сын­дағы прогрессивті заңды толық және тиімді жүзеге асыру­дың маңызы ерекше. Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқық­тары жөніндегі кеңесі (БҰҰ АҚК) Бас Ассамблеяның 2006 жылғы 15 наурыздағы 60/251 резолюциясына сәйкес құрылып, бүкіл әлемдегі адам құқықтарын жалпыға бірдей құрметтеуге және қорғауға, адам құқықтарының бұзылуына байланысты жағдайларды қарауға, сондай-ақ тиісті ұсыныстар да­йындауға жауапты БҰҰ жү­йесінің үкіметаралық органы болып табылады. БҰҰ АҚК оның алдында жұмыс істеген БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комиссиясын алмастырды. Кеңес құрамына 47 мүше мемлекет кіреді, олар тікелей жасырын дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен үш жылға сайланады», деді ол.

Сонымен қатар Сенат маусымда адам саудасы құрбандары­ның құқығын қорғау тиімділігін арттыратын «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заңды мақұлдады. Бұл «Адам құқық­тары саласындағы одан әрі шаралары туралы» Жарлықта көздел­ген Мемлекет басшысының тап­сыр­масын іске асыруға бағыт­талған. Негізгі мақсат – адам, оның ішінде кәмелетке толмаған­дар саудасының алдын алу және жолын кесу жөніндегі заңна­ма­ны жетілдіру. Адам құқықтары жө­нін­дегі уәкіл Артур Ластаев заң­ның маңыздылығы мен прог­рес­сивтілігіне тоқталды.

«Омбудсмен ретінде мен Қазақстанның адам саудасынан азат болуға ұмтылысын растайтын және адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бейілділігін көрсететін осы заң­ның маңыздылығы мен про­грес­сивтілігін атап өткім келеді. Осы қылмыстың жиі құрба­ны болып қалатын кәмелет­ке толмағандардың Заңда көздел­ген құқықтарын қорғау ерекше маңызға ие, бұл еліміздің халық­аралық міндеттемелеріне толық сәйкес келеді. Бұл заң қылмыс үшін жауапкершілікті арттырып қана қоймай, жәбірленушілерді қорғау шараларын енгізетін, осы қылмыспен күрестің маңызды аспектісі болып есептеледі. БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясы және Қазақстан ратификациялаған адам, әсіресе әйелдер мен балалардың сауда­сы­ның алдын алу және жолын кесу туралы Палермо хаттамасы кез келген мақсатта және кез келген нысанда балаларды ұрлаудың, бала саудасының немесе олардың контрабандасының алдын алу үшін ұлттық, екіжақты және көпжақты деңгейлерде қажетті шараларды қабылдауға міндеттейді», деді Артур Ластаев.

Жалпы, адам саудасы – құр­бан­дар үшін қайтымсыз зардаптарға, соның ішінде психо­логиялық және физикалық азапқа әкелетін кең таралған қылмыс­тың түрі. Кей мәліметтерге арқа сүйесек, халық­аралық тәжіри­беде дүние жүзінде есірткі және контра­фактілік өнімдерден кейінгі үшінші орында тұр.

Әділетті Қазақстан құру жолында саяси жүйені жаңғыртудан бастап азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мем­лекеттік басқарудың тиімді­лігін арттыру Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолға алған батыл бастамаларының бір парасы ғана. Десек те мұның бәрі ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруда айрықша маңызды.