• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 17 Шілде, 2024

Екі теңіз

157 рет
көрсетілді

Сағидың жырларындағы сыршыл лириканы қазір емге таппауыңыз мүмкін. Сананы техника билеп барады ғой өйткені. Әу баста темірден сескенген адамзат баласы. Мыстан кемпір, жез тырнақтар сияқты мыс, темірден құйыл­ған жаратылыстар түбіне жетерін сезгенін аңғару қиын емес. Тұр­мыс техникаға тәуелденген сайын сананың да солай қарай ауарын айтып жат­пайық. Ал оңаша отырып Сағи Жиенбаевты оқысаң, ішің жылып қалады.

Күн қанша ысып, мезгіл жаз болса да, бәрімізге жетпей жүрген бір жылылық бар ғой. «Қажет жерінде қатыгездік пен қаталдық керек десек те, адамның заңғар ұлылығын сен сағынышымен есепте» демей ме Төлеген Айбергенов? Сол сіз бен біз жоғалтып алған немесе бүгінгідей пойыздың алдына түсіп алып жүгірген асығыстық пен қарбаласта айқыш-ұйқыш сана түкпірінің бір жерінде ұмыт қалдырған іңкәр сезімдер Сағи Жиенбаевтан табылады. «Әй, өзі өмір осындай емес пе, осылай неге сүрмеске?» деп ойланып қаласың. Ал Жұмекен... Жұмекен бас­қа! Әжелердің, аналардың алақаны мен жүзінен тараған шуақ пен мейірімді ол да жазады, соны жаза тұра тереңдеп кеткен әжімдердің астындағы азап пен қасіретті қоса суреттейді. Өмірдің, уақыттың кешірмейтінін айтады, сөйтсе де адамзаттың да жеңілмейтін рухын ту еткен Жұмекен Нәжімеденовтей ақын жоққа тән.

«Теңіз, міне» деп ұлы суды екі-ақ ауыз сөзбен таныстырады ол.«Теңіз, міне. Теңіз менің не теңім,Теңім менің табынумен өтемін!Толқын тулап жағаны асты, жарды асты,Мөлт-мөлт етіп көбік-көздер арбасты.Неткен ғажап, неткен ғажапбұл теңіз!Бұл теңіз бен аспан егіз, бұлт егіз.Жатыр шексіз қасіретсіз шалқып олҰлылықтың, сұлулықтың даңқымен.Бас ием мен сол даңққа амалсыз.Амалсызбын, ол күшті де мен әлсіз» дейді.

Шындығында, адам табиғат (теңіз) стихиясының алдында қауқарсыз. Бәл­кім, өмір сүруіне керектінің бәрін та­би­ғаттан алатын болғандықтан шығар. Оның дүлей күшіне төтеп бере алғанын көрмек түгілі естімедік. Жарайды, мұны айтпағанда, пенде баласының ең әлсіз тұсы өз табиғатының алды емес пе? Ұятының, арының алдында дәрменсіз­дік танытып, Құдайлық болмысын тәрк етіп, дүниеге жұтылған пенде аз ба? Азын-аулақ арзымайтын нәрсеге бола обал-сауаптан аттаған екен, бұл да кісі баласының күштілігі емес, әлсіздігі. Өмірдегі әділетсіздік пен теңсіздіктің бәрі соның салдарынан орын алып жат­пай ма? Тағдырының алдындағы дәр­менсіздік онсыз да белгілі. Енді келіп теңіздің даңқына бас ұру...

Тура осы теңіз туралы өлеңдер Сағида да аз емес. Жұмекенде де молынан ұшырасса керек. Бірақ Сағидың теңізі қандай теңіз:

«Ұяң едім, мен де қазір батылмын,Теңізбенен бірге тұрып жатырмын. Теңізде де жүрегі бар адамның,Теңізде де мінезі бар ақынның.Сүйеді ол да ақын құсап, ер құсап,Көңілі түссе ағыл-тегіл кең құшақ.Ол да мендей алақызба албырттау,Ол да мендей... сұлуларға сенгіш-ақ» депті бір өлеңінде. Мұнда ешқандай табыну да, жеңілу де, амалсыздық та жоқ, керісінше теңіз бен адам өмірін ұқсату тұр. Сол арқылы жақындастыру, екі жара­тылыстың табиғатын бітістіру бай­қалады. Сөйтіп әкеледі де бүйдейді:

«Ерсі көрме оның ерке қылығын,Жүрегіне үңіліп көр, сұлуым.Көк теңіздің құшағына бір кірсең,Қиын болар қайта айналып шығуың...» деп қойып қалады. Себебі меңіреу те­ңіз жұта салады. Адамға жұтпас бұрын ойла­­­­натын сана берген. Бұл туралы Жұме­­­кеннен асырып айта алмаймыз:

«Теңіз, теңіз, даңқ-атақтың құлы көп,Шынында да сен не тындырдың ұлы боп?!Толқын, тулап жарға қарғып, ал, шық, ал,Жаралғаныңды ұмытпа тек тамшыдан.Тебірен, теңіз, тебіренгенің далбаса,Басың сүйеп құлайтынқара жерің болмаса».

Екі ақын екі түрлі суреттеп жеткізсе де, бейнелеуі әртүрлі болса да, түсіндіруі бір. Көк теңізге айналудың қажеті шамалы. Адам болып қалғаннан абзалы жоқ. Теңізді де бағындырарлық ақыл-ой мен күш-қуат берген бізге, сосын соның даңқымен өмір сүрудің дәмін бір татқан соң, Сағи айтпақшы, «қайта айналып шығуың қиын болады». Демек бара-бара теңізге де, тауға да, темірге де айналуы кәдік жаратылыс сана-сезімімен ғана адам. Қалғанынан қайран жоқ.