• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Шілде, 2024

Айсұлтанға алғыс айтты

233 рет
көрсетілді

Суға шомылу маусымы басталғаннан-ақ онсыз да жұмысы қауырт құтқарушылар тыным таппай кетеді. Су жағалап, жұртты қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады, айдында рейд жүргізеді. Әйтеуір тілсіз жаудың құрбандарының қатарын көбейтпеуге барын салады. Бірақ ескертуді елеп жатқандар аз. Салдарынан жыл басынан бері он шақты адам суға кетті. Олардың қатарында бой жетпейтін тереңге байқамай қойып кетіп, қайтып шыға алмай қалған балалар да бар.

Жақында ғана облыс орталы­ғындағы «Мұрагер» мектебінің 4-сынып оқушысы Айсұлтан Хұсайын тереңге шым батып бара жатқан екі жасар баланы құтқарып, ерлік танытты.

«Сол күні әулетімізбен қала сыртындағы «Сабалақ» саяжайында құрбандық шалып, аруақтарға құран оқытқанбыз. Бала, немерелердің басы қосыл­ған соң волейбол, футбол ойнап, дуылдасып жаттық. Бассейн жаға­лап жүрген кішкентайларды көзден таса қалдырмауға тырыс­тық. Енді қайтуға қам жасап жат­қанымызда жұрт шулап кетті. Сөйтсек, екі жасар сәби ересектерге арналған бассейнге түсіп кетіпті. Су түбіне кете бастаған баланы кішкентай немерем Жансұлтан алғаш байқап, жұртты көмекке шақыра баста­ғанда Айсұлтан жүзіп жетіп, үр­лемелі баллонға салып жа­ға­ға алып шығыпты. Жедел құтқарылғандықтан, кішкентай Хантөреге медициналық кө­мек­тің де қажеті болмады. Қуа­ныштан көздеріне жас алған ата-анасы Айсұлтанға алғысын жаудырды», дейді Айсұлтанның атасы Хұсайын Қоразбаев.

Бір қызығы, Айсұлтанның ата­сы, құқық қорғау саласының ар­дагері Хұсайын Қоразбаев ең­бек жолын төтенше жағдай сала­сын­да бастапты. Өрт себеп­терін анықтаушы болып бастал­ған қызметі кейін полицияда жал­ғасты. Баланың әкесі Ардақ та қа­зір кәсіпкерлік саласына ойысқан бұрынғы полиция қызметкері.

Тоғыз жасар Айсұлтан – егіздің сыңары. Бауыры Ерсұлтан да өзімен бірге дарынды балаларға арналған «Мұрагер» мектебінде оқиды. Екеуі де оқу озаты. Сабақтан тыс уақытта «Евразия» спорт кешеніндегі жүзу секциясынан, шахмат клубынан қалмайтын Айсұлтан жуырда қалалық жарыста champion_kzo турнир қорытындысы бойынша 4 спорттық разряд нормасын орындап, 1-орын иеленді.

«Жан-жақты болып өсіп келе жатқан Айсұлтан қиын сәтте шұғыл шешім қабылдай алатынын көрсетті. Тез қимылдап, сәбидің өмірін құтқарып қалды. Мен немеремді мақтан етемін», дейді атасы.

Айсұлтанның бабасы Асан Қоразбаев қан майданға қаты­сып, «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерін иеленгенін айта кеткен жөн.

Адам өміріне араша түскен Айсұлтан Хұсайынның ерлігін облыстық төтенше жағдайлар департаменті де жоғары бағалап, ержүрек балаға алғыс білдірді.

ҚЫЗЫЛОРДА