• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Жәдігер 18 Шілде, 2024

Ат үстіндегі қазақ

122 рет
көрсетілді

Ғалымжан Мұқанов есімді талантты аудармашы болды. Тәңіртау етегіндегі қарапайым қазақ ауылының баласы. Абай атындағы ҚазПИ-дің – тіл-әдебиет, Алматы шет тілдер институтының француз бөлімін бітірген. Талай қазақ классигін французша сөйлетті. Есімізде қалғаны Клер Клермонттың «Владимир мен Зара» атты поэ­масын 80-жылдары тұпнұсқадан қазақшаға аударғаны еді. Ғалекең қазақтың маңдайына сыймай кетті... Әлгі поэ­мада қазақ өмірі туралы француздың көзқарасы әдемі сипатталады.

Мұны бір деңіз. Көбіміз бұрынғы кеңес одағы орта­лығындағы және өзіміздің бас­ты му­зейлерден бір шағын мү­сінді көріп таңғалатынбыз. Оның астында «Обер А. Киргиз на лошади. Чугун, литье. Касли, 1870-1880-е годы» деп жазылып тұратын. Тіпті бір деректе «1872 жыл» деп нақты көрсетіліпті. Шойын бейненің дәлдігіне, сәттілігіне қайран қалатынбыз. Басына түлкі тымақ, үстіне күпі киген қазекең ат үстінде ойланып келеді.

Бір қызығы, бұл ескерт­кіштің екі нұсқасы бар болып шықты: 1) дәстүрлі аттың тіз­гінін ұстаған қалыптағысы;

2) ат үстінде трубкамен темекі тартып келе жатқаны. Бұдан шығатын қорытынды: автор қаламен қарым-қатынасы бар дала қазағын екі қалыпта бей­нелеген. Немесе екіншісі – бұйымын тартымды етудің амалы (дала адамына трубка ұстату - тосын ғой)...

Жасалу уақытына келсек, бұл – Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлының бала күні, Шәкәрім қажының бозбала шағы.

Бірінші авторын іздедік. Сүйегі француз Артемий Обер (1843-1917) – Ресей им­ператорлық көркемсурет ака­демиясының мүшесі. Әрі дәрігер, әрі суретші-скульптор. Мәскеуде, Санкт-Петерборда, Парижде оқып-тоқыған. Әкесі Мәскеу театрларының әкімшісі болса, бір бауыры скульптор ретінде танылған. Қысқасы, Еуропаға бүйрегі бұрған бекзат тұлға. Туындыларының ішінде «Башқұрт биесі», «Бөрі» атты еңбектері башқұрт жерін аралап, салт-санасын түсінгенінен хабар береді. Бәл­кім, әлгі шылымды өзгеше тартқан жан шекаралас Орынбор қазағы ма екен?..

Туынды мөріндегі «Касли» – Челябідегі шойын құятын ескі зауыттың атауы. Артемий Обер осы өндіріспен тығыз байланыста болыпты. Оңтүстік Оралда Касли (мұны баш­құрт ағайын қаздың көптігіне қарап, «Қазлы» деп атаса керек) және Құса (Құша/ Көшә) атты екі зауыт жұмыс істепті. Бұл өңірдің де қазаққа қатысы бар. Соңғы зауыт Құса мен Ай өзендерінің тоғысқан жерінде салыныпты. Ендеше, туындыдағы ат мінген қазақ Челябінікі болуы да мүмкін. Этнографтар «Ай өзені осы аттас башқұрт тайпасы ныспысынан шыққан, оның таңбасы – айшық» деп жазады. Ал Құсаның этимологиясын «күшә», «көш» дегеннен шығарады (қазақ пен башқұрт тілі арасында ш/с дыбыстары алмасады).

Біз үшін маңыздысы – орыс-француз мәдени бай­ланысының жуан ортасында жүрген Артемий Обердің қазақ бейнесін сомдағаны. «Ат үстіндегі қазақ» – осындай бірегей туынды.

Айтуған ДОСБИ