Балалар поэзиясының орыс, қазақ тіліндегі қазынасын бойына сіңіріп, өзіне дейінгі, қазіргі және кейінгі жанрлық түрлерін, ізденіс, жаңалықтарын жақсы білетін халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Болат Үсенбаев «Тәуелсіздік деген не?» өлеңдер мен ертегілер жинағында жасөспірімдердің ойлау, сөйлеу қабілетін, сөздік қорын жетілдіруін, еліміздің рәміздерін қастерлей білуін, ұлттық құндылығымызды бағалай алатындай азамат болып өсуін мақсат тұтқан.
Кітап сегіз бөлімнен тұрады. Алғашқы «Тәуелсіздік шуағы» – бүгінгі көк туы желбіреген егемен ел ұланының ұлы істерге талпынысынан бастап, қазақ даласының көне тарихына үңілуіне дейінгі сәттерін анық та қанық бейнелейді. Шуақ шашқан шумақтары балақайлардың мәнерлеп оқуына сұранып тұр: «Туған елім – тірегім, Елжірейді жүрегім. Әнұранға сыйдырған, Бүкіл елдің тілегін». Жасөспірім алдында туындаған сан сауалға жауап береді: «Тәуелсіздік – ырыс, бақ, Қадам басу сеніммен. Емін-еркін тыныстап, Бақ кетпеуі төріңнен»; «Ата Заңым, Алтын Заңым – ардағым, Аялаған адамзаттың арманын. Жол бастайды болашаққа жасампаз, Әрбір бабың, тарауларың, тармағың»;
Туған жер байлығының иесі – киелі Қазақстанның қияға ұшар қыраны, еркіндікті сүйген тәуелсіз ұланымен емін-еркін сырласады автор. Сөз мәйегі – мақал-мәтелдерді жаттап өскен кішкентай кейіпкерлерінің мақсат, тілегімен бөліседі. Жаманнан жиренсе, жақсыдан үйреніп, арман қуған баланың талабы таудай асқақ, «тал өседі шыбықтан, шұғылданып спортпен жігіт болам шыныққан» деп, бәйгеде озуға тырысады, атажұртты сақтап қалған бабалар ерлігі Отан-Анаға тағзым етуге баулып, туған жерін жайнатқан тұлға болуға бағыттайды. Әрине, арман алауын жаққан, зейіні ұшқыр баланың «От шашады жанарым. Отанымның ертеңгі мақтанышы боламын» деуі тектілікті үлгі етуіне, салт-дәстүрден елдігін тануына, талайды таңдандырған қазақ әдет-ғұрпын сақтауына мүмкіндік туғызып, домбыра мен бесігін киелі санаған, туған өлкесін жат жұрттың табанына таптатпаған бабаларына деген құрметпен жалғасады.
«Құрмет жырларында» тұлымы желп-желп етіп, атасына «жанарының нұрымын» деп еркелейтін ұлдар Абай, Махамбет, Бауыржан Момышұлы, Әбілхан Қастеевтің, «Жауға басын имеген, Жатқа жөнсіз тимеген. Өрнектеген өмірін әнмен, жырмен, күйменен» бабаларының, өздерінің ата-әжелері, ұстаздарының бір-біріне ұқсамайтын үлгі-өнегесіне ден қояды. Ұлы ақын ескерткішінің басында Абайды сүю арқылы ұлтымды сүйдім деп біледі. «Төрелік айтқан заманға, Ашынып топас, наданға. Кейіпкерлері Абайдың Әлі жүр біздің қоғамда». «Жүрегін жырмен ұсынып, Танытқан таудай кісілік. Сөздері бірі-біріне тұрады сәуле түсіріп», әсіресе соңғы жолдары көкейде дереу жатталып, өзара ұшқын шашқан сөздердің оқырманын парапсихологиялық жаттығуға жетелейтіні қызық.
Өлеңі мен саздары жүректі тербейтін «Есіл ер, қайран Махамбет!». Сөз жоқ, «армандайды әр бала, Махамбеттей болсам деп». Өйткені «Егіз боп туған ерлікпен, Қайсарлық, қайрат тең біткен». «Өлеңі – өрт, өзі – алау», «Шенге де мойын бұрмаған, тағдырың толы шырғалаң, Кектеніскен жауымен, Кескілеспей тынбаған» Махамбеттей құдіреттің құнына жете алмаған қазақтың кешегі, бүгінгі, ертеңгі ұрпағы «жасын тия алмай, жоқтайды әлі кегіңді». Тажалға күркірей төнген, ажалға қаймықпай қараған, ортасына сыймаған тайсалмас тұлға, табанды ер Махамбетті жастарды жігерлендіре Болат биікке асқақтатады: «Қыран боп көкте құйғыдың, Тайсалу білмес тұйғыным. Ездіктің күлін ұшырып, Елдіктің түрдің түндігін».
«Ең жақсы күн», «Балабақша жырлары» бөлімдері ақынның балғын кейіпкерлерінің тәтті қылықтарына, қызығы мен қуанышына толы. Ұлы Отаны әлпештеп қорғаған, қадамына гүл өскен бақытты бөпенің тәй-тәй жасағаннан балабақшамен қоштасқанға дейінгі түрлі мінезі, әрекеті, табиғат көріністерін қабылдауы тілге тиек етілген.
Он екі айдың мәні де көп екен, төрт маусымға телінген. «Қаңтар аяз ұсынар, Наурыз құс ұшырар. Олар – көктем, жаз бен күз, Қалтыратқан қысы бар». Автор әр айдың сипатын балдырған ұғымына жеңіл де ойнақы жеткізеді.
Өздері оқыса да, тыңдаса да, қабылдауға оңай осынау жыр жолдары жасөспірімнің зейінін ашып, көрнекілігінің әсерінен жадында мықтап сақталады. Бұған қоса жаттау барысында автордың сәтті теңеулері балғындардың тіл байлығын молайтып, әрбір сөздің мағынасын айқындауына әсер етеді. Ақын мен жас оқырман талғамы өзара үндестік тауып, қысқа да нұсқа шумақтар көкейге дереу қона кетеді. Қоянының ойыншық екенін ескермей шөп жұлып әкелген Лаура, тап-таза қуыршақтарға күлкі боп, шомылудан шошитын Айбек, көп өлеңді жатқа айтатын алты жасар Төлеген, «жіптің ұшын түюді» ұмытқан тігінші Гүлсім, саусақты санай алмай шаршаған Самат және басқаларының іс әрекеті кенеттен қиял-ғажайыпқа ұласып, танымдық бағытқа жетелейді.
Көңілі алып-ұшып, айналасына таңырқай қараған балақайдың танымдық көкжиегін «Табиғат – тылсым әлем», «Жақсы мен жаман» бөлімдері одан әрі кеңейте түскен. Сыздау жерге жатып, суық тиген қошақанына көмекке асыққанда, басын шұлғып мәз еткені, ерте келген қараторғайдың тоңып алаңдатуы, сүт, қаймаққа көзі шоқтай жанып, тышқанға айбатты, күшік ырылдаса, зәресі ұшатын мысығы, мойнына таққан гүлдерін жеп қойған ботақаны, зұлымдықты сүймейтін көгаршыны, көк пиязды жұлған, гүлдің басын қиған тәртіпсіз лағы, сәйгүлікке балаған қасқа құлыны, енесін еміп, «тәртіп бұзған баладай» төмен қараған көк бұзауы, қутың қаққан қоңыр қозысы, несін айтасыз, балалар патшалығының ғажабы көркемдікпен жалғаса береді.
Табиғат көріністері де баланың қабылдау деңгейіне сай қылаңдап, көз алдында тіршілік жадырап, бұтаның бүршігінен «сәби-көктем қол созды». Жазғы таңның күлімдеген көкжиегі, көктемде алақайлаған бұлақтар, аққулы көлдер, суық желі сумаңдаған күз, аппақ қарды омбылатқан қыс пен аң-құс, жануарлардың тірлік тынысы таңғалдырады балдырғанды. Жер мен көкті жалғамақ боп жанталаса өрмек тоқыған өрмекшіні құрылыс десе құлшынған сәулетшіге ұқсатады, айнаға кеп шашын тараған кірпінің, сірә, өз түрінен шығар, тыжырынып қалатыны, шалшық көрсе теңіз бе деп шошитын тұрқы ұзын, көрікті керік, балаларды қаппайтын ақылды күшігі Ақтабан, едірейген құлағы елең қағып тұратын қоян, үй арқалап жүрген тасбақа, қанатты тышқанға ұқсайтын жарқанат, шегінуді білмейтін кенгуру, мүйізін тасқа тіреп, түрлі сальто жасайтын арқар, жат дыбысты аяғымен қағып алатын шегіртке, түсі суық, тілі улы жылан – бәрі дайын сурет.
Кітап кейіпкерлерінің еркелігі, тентектігі тыйылып, әжелері айтқандай, бірте-бірте «адам бола» бастайды. «Жеті жасқа толғаным – ептеп жігіт болғаным» деп, сөмкесін арқалап, мектепке жиналады. Бір-біріне ұқсамайды: ешкім жоқта үйінде айғайлап ұрандатқан «Дарын неткен ұялшақ, бере алмайды бір ән сап»; ұйықтап сабағынан қала беріп, шолжаң Кеңес; ата-әжесін әбігер ғып, дәптері мен қаламын таппай, «сабақ жоқ еш санада, көңілі ауған далаға, мінезі жаңғалақ» Қасен; шітірейіп тұрғанымен мұрынын сүртетұғын орамалы жоқ Нұрым; «Р»-ды айта алмағанымен, синонимге тілі бай тапқыр Жанайдар; ауылдың тұнып тұрған қазына екенін көрген қалалық бала Абыл; байқамай сүрінген қартқа жүгіре жетіп, құлатпай ұстап қалған қайрымды Қабыл; «бүлдіріп ап бірдемені, тымырайып үндемейтін» Данияр; автобуста өтірік ұйықтап, қартқа орын бермейтін Разақ; аңғал бала Медет; теледидарға таңылып, сабақ оқымай екі ала беретін Дидар; «Көше кезіп сабылған, тентек еді не қылған», бұл – Сабыржан; түсінде көрген кәмпитті ояна сала іздеп әлектенген Тәттімбет; қажетін мектепке барарда ғана іздейтін салақ бала Айнабек; есіл-дерті ойынға ауып, сабақ оқымайтын, «дала кезіп далақтаған» Далақбай; жүрген жері қиғылық, жылар құлақ тұндырып, бақырауық Бапан; қылышын сүйреткен қыста тымақсыз жүріп, «тамағы да ісінген, құлағы да үсіген» жалаңбас Қасымбек; саусақтары майысқан, қимылына, ебіне, ел таңданған ісмер қыз Айжан; әжесінің қолғанаты Гауһар; қармақты да, ауды да бұрын көрмеген, судағы балықты қолмен шап беріп ұстауға әрекеттенген қонақ бала Ерәлі; «білімге еш құлқы жоқ, оқитын да сұрқы жоқ» Сәрсенбай; жоқтан сылтау тауып, жылай беретін, мінезі шатақ Жұмабек; үзілісте қоқаңдап, сабақтан бір бесі жоқ, неше рет «екі» алғанын да айта алмай, партаның ең соңына тығылып, «мойны төмен салбырап, қалжырап» отыратын Қанат – түрлі мінез, түрлі әрекет, іс-қимыл, тынымсыз қозғалыс барысында әрқайсысының бет-бейнесі дараланып, жағымды, жағымсыз қылықтарының аясында жақсылық, әдептілік, білімге құлшыныс белең алады.
Автордың ақыл-кеңесі де мезі етпейді, баланың қабылдауына жеңіл: «Айналайын түлек, Өскін бойды түзеп. Жасы үлкенді сыйла, Кішіге ет ізет». «Ерке құлыны», кейіпкері де есейіп, бәрін де оқып үйренуге тырысады, Отанын көзінің қарашығындай сезініп, ұстазын ардақтайды, арманы да асқақтайды. Саусақ, башпайларына қарап, есеп құрастырады. Бір-бірімен жарасып бара жатқан ата, бауырларын қосып, логикалық есеп жұмбаққа айналдырады. Бөлменің әр бұрышындағы бір-бір мысықтың санын есептейді. Бұлтқа еніп, көрінбей қалған күн де алаңдатады балақайды.
Осының бәрі оның ішкі сұранысының көбейіп, айналасына елгезектікпен қарауына, көріп білген сайын сауалдардың да күрделеніп, жауап іздеп, «Таптым оның айласын, Ұқтым оқу пайдасын. Ақтарайын беттерін, Кітаптарым, қайдасың?» деп қазіргі кездегі ең маңызды мәселені еш дабырасыз алға тартады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз», деген аталы сөзі бәріміздің есімізде. Оқитын ұлтқа айналып, балақайлардың кітапқа сүйіспеншілігін қалай оятамыз дегенде, түйткілдің бір ұшы оларға арналған шығармалардың мейлінше табиғи, шынайы, ойнақы, ұтқыр, ұтымды, өміршеңдігіне келіп тіреледі. Болат Үсенбаевтың «Тәуелсіздік деген не?» кітабында мұның бәрі бар. Басынан соңына дейінгі бөлімдер өзара логикалық үндестікпен бір-бірін толықтыра жалғастырады.
Сәт сайынғы кедергі, бөгеттен ынтымақ пен бірлік қана құтқарады екен. Піл мен маймыл күш сынасқысы кеп, бір-біріне дес бермей, даурығыса дауласқанда, «Ормандағы ақылман, Үкі мүлгіп отырған. Қуысынан еменнің тап болыпты ол тосыннан». Ширақ мешін мен маңғаз піл зулай жөнеліп, мақтанады. «Бағасын сен бересің. Үстембіз біз қайсымыз, Айтшы анығын, төрешім?». Қуысынан әрең түскен үкі тасып жатқан өзеннен өтіп, алма теріп әкелуді тапсырады. Үкі уәжіне көнген екеуінің сын сәттегі бір-біріне көмектесуге мәжбүрлігі оқырманын да қызықтыра еліктіріп, автордың сюжет құрудағы тапқырлығы көз алдыңа дайын мультфильмді елестетеді. Диалогтері мен баяндауы нақты көрініске құрылып, мазмұны шынайы өмірмен байланыса «Ақыл – айла-амалсыз сырап болар жалаң күш. Қол ұстассақ бәріміз, Топтасқан бір қоғамбыз» деген қағидаға жетелейді.
Болатпен ұзақ жылдар балалар басылымында қатарласа қызмет еттік. Ісіне тиянақты, адал да әділ, білімі көл-көсір, кәсіби деңгейі биік, қаламы ұшқыр, ойы терең, ұдайы ізденіп жүреді. Осы қасиеттерінің одан әрі шыңдалып, кемеңгерлікке бет алғаны оның биыл Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ұсынылған «Тәуелсіздік деген не?» жинағынан анық байқалады. Қазіргі балалар әдебиетіне қосылған елеулі еңбек. Көне заманнан жеткен балаларға қатысты жыр, ертегі, аңыздар сарынын, Өтебай Тұрманжанов, Мұзафар Әлімбаев, Әнуарбек Дүйсенбиев, Жақан Смақов басқа да көрнекті қаламгерлердің ізденістерін жалғастыра отырып, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған Болат Үсенбаевтың «Тәуелсіздік деген не?» атты жинағы Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық. Ең бастысы – жас оқырмандардың бас алмай оқитын сүйікті кітабы, балабақша тәрбиешілерінің, бастауыш сынып мұғалімдерінің күнделікті пайдаланатын әдістемелік құралы. Ұстаздар қауымының зерттеу нысанасына, оқырманның іздеп жүріп оқитын авторына айналған Болаттың балаларға арналған туындылары ұдайы тәжірибелік айналымда. Ең бастысы, балалар әдебиеті мемлекет назарында.
Мағира ҚОЖАХМЕТОВА,жазушы, Қазақстанныңеңбек сіңірген қайраткері